Таным • 27 Мамыр, 2020

Әл-Фараби мұрасы және Көбесов зерттеулері

4632 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы елі­мізде ғана емес, ЮНЕСКО деңге­йін­де аталып өтпек. Ал жылдан жылға әл-Фарабидің ғылыми мұраларын оқулықтарға, оқу үдерісіне енгізу, білім алушыларды ұлы баба өнегесінде оқыту және тәрбиелеу мәселесінің өзектілігі артып келеді. Бұдан 40-50 жыл бұрын бүкіл мұсылман шығысында жас ұрпаққа әл-Фараби мұраларын оқыту туралы тұңғыш рет ой қозғап, ғұламаның ұлы ойшыл-философ, математик, жаратылыстанушы, музыкатанушы, педагог ретіндегі еңбектерін зерттеуге, жарыққа шығаруға және насихаттауға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, профессор Ауданбек Көбесов туралы сөз қозғау парызымыз деп ойлаймын.

Әл-Фараби мұрасы және Көбесов зерттеулері

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

Біздің университетте 2018 жылы «Әл-Фараби білім беру орталығы» ашылды. Оның мақсаты – әл-Фараби мұраларын заманауи білім беруге енгізудің ғылыми әдістемелік негіздерін жасау және жас ұрпақты әл-Фараби еңбектерімен оқытып тәрбиелеу.

Біздің осындай зерттеулеріміз бен жетіс­тіктерімізге мұрындық бол­ған аяулы ұстазымыз, педагогика ғылым­дарының докторы, мұсылман шығысы ғылымының тарихы мен педагогикасы бойынша көрнекті ғалым, профессор Ауданбек Көбесовтің Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми еңбектеріне қатысты сүбелі зерттеулері еді.

А.Көбесов көп жылдар бойы ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылы­ми мұрасын зерттеді.Ол 60-жылдары құ­рылған әл-Фараби мұраларын зерт­теу тобы­ның құрамында отандық фарабис­тика­ның негізін қалаушылардың бірі болды.

Әл-Фараби ғылым тарихында негізі­нен философ және музыка теориясын жасаушы ретінде белгілі болса, А.Көбесовтің зерттеулері ұлы жерлесі­міздің математик, жаратылыстану ғылымдарының зерттеушісі ретіндегі шынайы бейнесін қалпына келтіруге шешуші үлес қосты.

Ауданбек Көбесов 1932 жылдың 13 ақ­панында Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген. Орта мектепті Жамбыл қаласында 1948 жы­лы күміс медальға аяқтап, 1952 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық инс­ти­тутының физика-математика факуль­тетін математика мамандығы бойынша үздік бітірген.

Институттан кейін Талас ауданында оқытушы, мектеп директоры қыз­меттерін атқарып, 1959 жылы КазПИ-ге оқытушылық қызметке шақырылды.

1960 жылы Москваға, КСРО Ғылым Акаде­миясына, «Араб математикасының тарихы» мамандығы бойынша аспиран­тураға түсіп, 1963 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты атағын алды.

1963 – 1967 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазПИ-дің «Жоғарғы алгебра және сандар теориясы» кафед­расында аға оқытушы, доцент болды.

А.Көбесов 1968 – 1977 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясында әл-Фараби мұрасын зерттеген топта аға ғылы­ми қызметкер болып жұмыс істеп, ғалым-энциклопедист әл-Фарабидің шығармаларын тәржімалауда, өңдеуде және зерттеуде үлкен еңбектер атқарды. Осы кездерде, яғни 1971 жылы, ғалым Москвада ХІІІ ғылым мен техника тарихы халықаралық конгресінде «Әл-Фарабидің ғылымның дамуындағы рөлі» тақырыбында баяндама жасады.

А.Көбесов 1977 жылдан өмірінің соңына (2008 жылға) дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұмыс істеп, 1977 – 1986 жылдар ара­лы­ғында «Математиканы оқытудың әдіс­темесі» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 1990 жылы Ташкент қаласында әл-Фарабидің ғылыми-педа­го­гикалық мұрасы бойынша докторлық диссертация қорғады.

Әл-Фарабидің бай ғылыми мұра­ларын зерттеуде ғалым А.Көбесов 200-ден астам ғылыми, ғылыми-танымдық ең­бек­тер жариялады және араб тілінен көп­теген аударма жасады. Олардың ішінде кеңінен танымал «Әл-Фараби», «Әл-Фарабидің математикалық мұраcы», «Әл-Фараби еңбектеріндегі астрономия» сияқты еңбектері, араб тіліндегі математикалық трактаттарының аудармалары, «Алмагестке» түсініктемесі» және көптеген монографиясы мен кітабы бар.

А.Көбесовтің «Әл-Фарабидің матема­тикалық мұрасы» атты монографиясы ғұлама бабамыздың ойшыл-математик ретіндегі тұлғасын жан-жақты ашып берді. Бұл еңбекте әл-Фарабидің геометрия, тригонометрия, арифметика, алгебра және олардың астрономия мен музыкада қолданылуы, сондай-ақ ықти­малдықтар туралы ілім, т.с.с. мәсе­лелер қарастырылған. А.Көбесов әл-Фарабидің бұл еңбектерін өзге ғалым­дардың жетістіктерімен тығыз байла­ныс­­та қарастырған.

Жұртшылыққа, әсіресе математик­тер қауымына осы «Әл-Фарабидің мате­матикалық мұрасы» монография­сы кеңінен мәлім. Бұл еңбек шетел әл-Фараби зерттеушілерінің жоғары баға­сын алған және ол әл-Фарабидің мате­матикалық еңбектері жан-жақты, жүйелі түрде терең зерттелген бірден бір еңбек ретінде аса зор маңызға ие.

Оның маңыздылығы бүгінгі күнде одан әрі артпаса, кеміген жоқ. А.Көбесовтің осы «әл-Фарабидің матема­ти­калық мұрасы» атты еңбегі, оның ғылыми ре­дак­торлығымен шық­қан әл-Фарабидің «Математикалық трактаттар» кітабының шетелде, яғни Американың Мичиган университетінің кітапханасында цифр­ланған көшір­месі жасалынып, осы универ­ситеттің электронды қорында сақталуы, бұған қоса, «Птоломейдің «Алма­гесіне» түсініктеме» еңбегінің Кали­форния университетінің кітапха­насында тұруы көп нәрсені аңғартса керек.

Атап айтар болсақ, Жаңа Зеландия­дағы Окленд университетінің профессоры Гарри Дж.Ти «Араб ғылымының тарихы» журналында жариялаған ма­­қа­­ласында былай деп жазған: «А.Кө­бесов­тің монографиясы әл-Фара­би­­дің математикалық еңбектеріне шолу жасалынған алғашқы кітап және әл-Фарабидің математикасына қызы­ғу­шылық танытқандар үшін өте маңыз­ды... Көбесовтің кітабы әл-Фараби матема­тикалық еңбектерінің керемет дәйектілігі мен тереңдігін және оның көптеген кейінгі авторларға күшті әсерін көрсетуімен құнды. Ол әл-Фарабидің шы­ғармаларын зерттейтіндердің бар­лығына да пайдалы».

Белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Б.А.Розенфельд өзінің бұл кітапқа кезін­де берген пікірінде: «А.Көбесовтің бұл монографиясы әл-Фарабидің ғылыми шығармашылығының осыған дейін белгісіз тағы бір қырын ашып көрсетті және әлемдік ауқымда аталып отырған ұлы ойшылдың 1100-жылдығына лайық­ты ескерткіш болып табылады», деп атап айтқан еді.

А.Көбесовтің фарабитануға қосқан маңыз­ды үлестерінің бірі, ғылым тарихында алғаш рет әл-Фарабиді ортаға­сыр­лық Шығыстың көрнекті астрономы ретінде көрсеткен «Әл-Фараби еңбек­теріндегі астрономия» монографиясы болып табылады. Аталған кітап авторы «Птоломейдің «Алмагесіне» түсініктеме» кітабын араб тілінен аударды, әл-Фарабидің бұл ірі шығармасының мазмұнын және басқа да еңбектерін зерттей отыра, әл-Фарабиді астрономияның теориясы мен тәжірибесіне қосқан үлесін көрсетіп жаңа қырынан танытты.

А.Көбесов өзінің тарихи-астроно­миялық зерттеулерінде Шығыстың екі ғұламасының әл-Фараби мен Ұлық­бек арасында өзара сабақтастық байла­ныстың бар екенін ашты.

Әл-Фарабидің физика-философия­лық көзқарастарын зерттей отырып, А.Көбесов онда табиғатты зерттеудің эксперименталды-теориялық әдісінің бар екенін айқындады.

А.Көбесовтің айтуынша,әл-Фараби­дің медицина, биология ғылымдары­мен шұғылданғаны мәлім болып отыр. Ол, әсіресе бұл ғылымдардың теория­лық мәселелеріне көп мән берген, бұл жөнінде «Адам ағзалары жайлы», «Жа­н­­уар­лар ағзалары жайлы», «Тем­пе­ра­­мент­тер туралы», т.б. еңбектер жаз­ған. Олардың басым көпшілігі әлі аударылмай, зерттелмей жатыр.

Фарабидің кейінгі кезге дейін белгісіз болып келген осындай бір медициналық трактатының толық аты «Адам ағзалары жөнінде Аристотельмен алшақтығы туралы Галенге қарсы жазылған трактат» деп аталады. Гален атақты Гиппократтан кейінгі ерте дүние медицинасындағы үлкен ғалым, дәрігер және орта ғасырлар заманында өте үлкен, талассыз беделге ие болған тұлға.

Ал Аристотель болса, жалпы ғылым­ның, соның ішінде медицина мен жаратылыстану ғылымдарының да алыбы болғаны мәлім. Фараби ескі дүние медицинасының екі өкілі жайлы трактат жазып, олардың ұстаған ғылыми қағидаттары мен әдістерін саралап, араларын ашып берген, төрелік айтқан. Бұл Фарабидің медицина, биологиядағы еңбектерінің бағалылығын көрсетеді. Атақты ғалым, дәрігер ибн Сина өзінің әйгілі медициналық жүйесін жасағанда Фарабидің теориялық кағидаттары мен нұсқауларына сүйенген.

Ұлы ұстаздың география ғылымына жетік болғанын көрсетететін деректер де баршылық деп жазады А.Көбесов. Оның кезінде география мәселелері астрономиялық мағлұматтармен тығыз байланыста қарастырылған.

Фарабидің алхимия, химия туралы дұрыс көзқарасы, қағидасы кейінгі ғасырлардың Ибн Сина, Омар Хайям, Леанордо да Винчи және тағы басқа алдыңғы қатарлы оқымыстылары тарапынан қолдау тапқан деп тұжырымдайды А.Көбесов өз зерттеулерінде.

А.Көбесовтің білім беруде жараты­лыстану мен гуманитарлық ғылым­дарының өзара сабақтастығына көңіл аударуы Фарабидің «Ғылымдар энцикло­педиясындағы» ойларынан туғанын түсінуге болады.

Бүкіл өмірін әл-Фарабидің мұрасын зерттеуге арнаған А. Көбесов кейінгі жылдары ауқымды «Әл-Фарабидің жараты­лыстану-математикалық мұрасы» (1997) және «Әл-Фарабидің ашылмаған әлемі» (2002) атты кітаптарын жариялады.

А.Көбесовтің терең зерттеулеріне дейін Әл-Фарабидің педагогикалық мұрасын жан-жақты талдап, ашып көрсет­кен еңбек болмады. Оның «Фара­бидің педагогикалық мұрасы» атты докторлық диссертациясы мен басқа да еңбектері мен аудармалары ұлы ғалымның педагогикалық көзқарас­тарын, әрекеттерін толық, ғылыми әдіс­намалық тұрғысынан ашып берді.

Әл-Фараби педагогика саласындағы аса үлкен тұлға болған, ол өзінің трак­таттарының басым көпшілігін халықты, әсіресе жас ұрпақты тәрбиелеп білімдар ету, ағарту мақсатына арнаған. Оған «Ізгі қала тұрғындарының көзқа­рас­тары», «Бақытқа жету жолдары», «Фило­софияны оқып-үйрену үшін алдын ала не білу қажеттігі туралы», «Философиялық сауалдар және оған жауаптар» және басқа трактаттар жатады.

Фарабидің педагогикалық жүйесін А.Көбесов былай мазмұндайды: «Әуелі Фараби педагогика ғылымының пәні мен мақсаттары туралы, екінші, ғұла­маның жалпы педагогикалық идеялары, тәрбиенің мазмұны, түрлері мен әдіст­ері туралы көзқарастары; үшінші, Фа­раби еңбектеріндегі дидактика проблемалары; төртінші, Фарабидің педагогикалық идеяларының оның математикалық және жаратылыстану ғылыми еңбектерінде қолданылуы және жүзеге асырылуы; бесінші, Фарабидің педагогикалық көзқарастарының кейінгі ғасырлардағы Шығыс, Батыс педагогикасына тигізген әсер-ықпалы».

Фарабидің еңбектерінде оқыту мен тәрбие тығыз байланыста болғанымен, олардың әрқайсысына ғана тән ерекше­ліктері ажыратылып көрсетіледі. Мыса­лы, Фараби жастарды тәрбиелеуде бірін­ші орынға шынайы бақытқа жетуге кепіл болатын мінез-құлық тәрбиесін қоя­ды. Кең мағынада алғанда ғұлама бұл тәр­бие ауқымына еңбек, эстетика, дене, гу­ма­нистік, патриоттық және тағы басқа тәр­биелер түрлерін енгізіп қарастырған сияқты.

Ғұламаның ғылыми-педагогикалық шығармаларында әдемілік, әсемдік пен үйлесімдік, гармония сезімдерін тәрбиелеуге ерекше мән берілген.

Педагогиканың мақсаты, мұраты туралы Фараби ұсынған адамгершілік (гуманистік) идеялар мен қорытындылар адам өмірінің қазіргі кезеңінде де ағарту­шылықтың маңызды тіректерінің бірі болып отыр.

Бір қызық жайт, ұлы бабадан мың жыл өткізіп барып данышпан Абай дәл осындай гуманистік ұлы қағи­даны жаңғыртып, қайталап, қуаттай түсе­тін­ін А.Көбесов «Әл Фараби мен Абайды қатар оқығанда» атты өз еңбе­гінде ықыласпен атап өтеді. Одан әрі, «Ғұламаның ізгі адамдарға лайық асыл қасиеттерді бұлайша мұқият сынап, тәптіштеп талдауы Абайдың өлең-шығармаларындағы адамгершілікке, келісті кемеңгерлікке тән және оған жат керағар қарсы мінез-құлықтарды тізбек­теген тұстарды еріксіз еске түсіреді. Бір топырақтан, ел-жұрттан тараған екі данышпанның педагогикалық идеялары мен түйгендерінің астасып, ұқсап жатқанына тағыда куә боламыз», дейді ғалым-педагог А.Көбесов.

Ғұламаның педагогикалық жүйесінде салмақты орын дидактикаға берілген. Фараби жазған «Ғылымдар энциклопедиясы» еңбегі педагогика тарихында ғылыми-дидактикалық шығармалардың алғашқыларының бірі болып табылады, өйткені. А.Көбесовтің айтуынша, бұл трактат Шығыс пен Батыс елдерінде ұзақ уақыт барлық ғылым бастамалары жөнінен негізгі бағдарламалық жетекші құрал болған.

А.Көбесов әл-Фарабидің педагоги­ка­лық мұрасының ірі зерттеушісі бола отыра, әл-Фарабидің белгілі еңбек­тері мен оның ғылыми мұрасы бойын­ша жарияланған зерттеулері негізінде ойшылдың ұлы әдіснамашы және әдіс­­кер ­болғанын жаңа қыры­нан көрсетті. Сонымен қатар, әл-Фара­би­дің «Музыканың ұлы кітабы», «Алмагеске» түсініктеме», «Ғылым­ның пайда болуы туралы» және т.б. көп­­теген шығармасы алғаш рет тари­­хи-педагогикалық тұрғыдан зерттел­ген деуге негіз бар. Ол әл-Фараби педа­­го­­гикасының философиялық және әлеу­меттік-этикалық алғы шарт­тарын, жалпы педагогикалық ойла­рын, дидак­тика мәселелерін қолда­нып, жүзеге асыруды зерттеді. Әл-Фара­би­дің басты жетістіктерін айқындай отырып, оның мұсылман мемле­кет­тері мен ортағасырлық Еуро­па ғалым­дарының педагогикалық ойлары­­ның қалыптасуына және дамуына әл-Фараби­дің педагогикалық шығарма­шылығы­ның әсері туралы мәселелерді қарастырған.

Фарабидің бүкіл педагогикалық жүйесін ашып беру оңай нәрсе емес екенін, ол туралы арнайы зерттеулер жүргізіліп, кітаптар жазылуға тиіс деген ойларға меңзейді өз зерттеулерінде педагог-ғалым А.Көбесов.

А.Көбесовтің ғылыми-әдістемелік шығармашылығында жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған әл-Фараби шығармашылығы бойынша оқулық және оқу құралдарын жазып, солар бойынша көп жылдар бойы университет студенттері үшін дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізу үлкен орын алады. Оның үстіне, ол көрнекі ғалым ретінде әл-Фарабидің өзі туралы және оның ғылыми шығармашылығы мен ғұлама жайлы біліми мағлұматтарды халық ортасына кеңінен таратты.

Ғалым-педагог Ауданбек Көбесовтің шығармашылық жолы мен ғылыми зертеулері оның ғұлама ғалым әл-Фара­бидің ойшыл-математик, жарытылыс­танушы, педагог екендігінің шынайы бей­несін қалпына келтіруші, өз шыңы­ның биігіндегі ғалым екенін білдіреді.

Әл-Фараби бабамыздың белгілі ғалым А.Көбесов тірнектеп жинап жүйе­леген математикалық мұрасын жас буынды математикалық ғылым-білімге баулу мақсатында насихаттау құралдарының жасалуы, қазіргі оқыту мазмұнына оны инновация ретінде ен­діру мүм­кіндіктері, әдістері мен техноло­гиялары бойынша ғылыми-әдістеме­лік зерттеулер енді-енді ғана жүргізіле бастады.

А.Көбесов өзінің «Ғылымда даңғыл жол жоқ» атты соңғы кітабында «Оқу – әдістемелік жағынан алғанда әл-Фарабидің геометриялық трактаты маңызын күні бүгінге дейін жоғалтқан жоқ. Қазіргі педагогика ғылымы талап дәрежесіне сай біраз өңделсе, толық­тырылса, бұл еңбек орта мектеп және жоғары оқу орындарының оқушылары үшін салу есептері жөнінде аса пайдалы құрал болары сөзсіз», деп жазған еді.

Оның бұл тілегі өзі білім алған қазақ­тың тұңғыш жоғарғы оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде шешімін тауып жатыр.

Бұл игілікті істі университетіміздің информатика және білімді ақпарат­тандыру кафедрасының меңгерушісі профессор Е.Ы.Бидайбеков бастаған ғалым­дар тобы «Әл-Фарабидің мате­мати­калық мұралары – заманауи білім беру жағдайында» атты ғылыми жоба ауқымында іске асыруда. Жобада әл-Фарабидің математикалық мұрасын, геометриялық салу есептерін ғана емес, тригонометрия, арифметика мен музыка теориясын мектеп математикасының мазмұнымен сабақтастыра, заманауи ақпараттық технологияларды тиімді қолдана отырып, оларды білім беру жүйесінде оқытудың жолдары зерттеліп іске асырылуда. А.Көбесов негізін салған жүйелі зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, педагогикалық мамандық студенттеріне және мектеп оқушыларына арналған әл-Фарабидің 1 оқу құралы тәржі­маланып құрастырылды, 3 оқу-әдіс­те­мелік құрал шығарылып, 1 автор­­лық куәлік алынды, көптеген мақала­лар жарық көрді. Оқушылар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жүлделі орын­дарға ие болып, бір докторлық диссертация қорғалды.

Университеттегі Әл-Фараби білім беру орталығы ғұлама бабамыздың мұра­сын дәріптеп қана қоймай, оны зама­на­уи білім беру жүйесіне енгізудің ғылы­­ми әдістемелік негіздерін жасау және жас ұрпақты әл-Фараби еңбек­тері бойынша оқытып тәрбиелеу мәсе­лесін бірінші кезекке қойып отыр. Әл-Фараби­дің математикалық мұрасы бойынша ақ­параттық цифрландыру технологиялары негізінде жұмыстар басталып та кетті.

Бұл жетістіктер әл-Фарабидің еңбек­терін толық қамтиды деп айта алмаймыз және ғалымның сан қырлы мұраларын заманауи білім беруде өз орнын табатындай дәрежеде зерттеу қажет екенін айта кеткеніміз жөн.

«Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың мұраларын өзекті ғылыми зерттеулерде және инновациялық білім беру үдерістерінде кеңінен қол­дану мақсатында, жас ұрпақты әл-Фараби еңбектері бойынша оқытып, тәрбие­леу мәселесі білім беру жү­йесінде қолға алынып жатса, еңбегіміздің өтелгені.

 

Такир БАЛЫҚБАЕВ,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор