Саясат • 27 Мамыр, 2020

Жаңа заңдарға қатысты түсініктеме берілді

307 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы» және «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру туралы» заңдарына енізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин, Әділет вице-министрі Наталья Пан, Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева қатысты.

Жаңа заңдарға қатысты түсініктеме берілді

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин биыл 25 мамырда Мемлекет басшысы Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы тұжырымдамалық жаңа заңға қол қойғанын айта келе, бұл заң ел Президентінің саяси реформалары пакетінің бір бөлігі және қазақстандық саяси жүйенің эволюциялық дамуындағы маңызды қадам екенін жеткізді.

«Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жол­дауында тұңғыш рет бейбіт жиналыстар туралы заңнаманы әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Сол жылы 20 желтоқсанда Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында өзінің қағидатты ұстанымын белгіледі және «митингтерді ұйымдастырудың хабарлама принципін енгізу қажет», екенін атап өтті. Өздеріңіз білетіндей, 1995 жылғы заң негіздемелік сипатқа ие. Негізгі құқықтық регламенттеу мәслихаттарға берілді. Бұл заңнаманы өңірлерде түрлі құқықтық регламенттеуге алып келді. Осылайша, заңнаманың толық жетілмегендігі жергілікті органдардың түрлі талаптарын белгілеуге ықпал етті. Мысалы, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаты бейбіт жиналыстар өткізуге болатын орындарды ғана белгілесе, басқа өңірлер митинг өткізуді қосымша регламенттеу бойынша жеке ережелер мен талаптарды айқындады. Бұл ретте, 1995 жылғы заң өзінің тарихи миссиясын орындағанын атап өту қажет», деді Данияр Есин.

Сонымен қатар ол жаңа заң еліміздің барлық өңірінде бейбіт жиналыстар өткізудің бірыңғай ережелерін бекіткенін мәлімдеді. «Бұл заңның негізгі мақсаты – азаматтардың билікке талабын білдіруіне мүмкіндік жасау, ең бастысы адамдардың өз құқықтарын естіртуге жағдай туғызу» дей келе, жаңа заңның ережелерін түсіндіріп өтті.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі бейбіт жиналыстарға қатысты жаңа заңның негізгі алты қағидатын атады. Нақты айтқанда, жиналыстардың зорлық-зомбылықсыз сипатта болуы, мемлекеттік қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіптің сақталуы, басқа адамдардың денсаулығын, құқығы мен еркіндігін қорғау, қатысу еркіндігі, жиналысты өткізу пайдасына қарай презумпция, тарап­тардың жауапкершілігі сияқты принцип­терге мән берілетінін айтты. «Жауап­кершілік қағидаты бейбіт жи­на­лы­с­тар субъектілерінің бәрінің әрекеті­нің заңдылығын қамтамасыз ету үшін ен­гізілді. Бұл қағидаттар бейбіт жиналыс­тардың ұйымдастырушылары мен қаты­су­шыларына ғана емес, жергі­лікті ат­қарушы органдар мен құқық қор­ғау органдарына да қатысты», деді Данияр Есин.

Ол сонымен қатар заңда енгізілген ұғымдық аппарат туралы да сөз қозғады. «Бұрынғы заңнаманың кемшіліктерінің бірі – бейбіт жиналыстар формасының нақты регламентінің болмауы еді. Заңға ұғымдық аппараттарды енгізу – бейбіт жиналыстар, митингтер, демонстрация­лар, шерулер мен пикет секілді негізгі түсініктерді құрылымдап, олардың ара-жігін ажыратуға мүмкіндік берді. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және оған қатысу құқығы азаматтарға да, ұйымдарға да берілген. Әр адамның үніне құлақ асқымыз келеді. Сонымен бірге бейбіт жиналыстар туралы заңнаманы қазір қалыптасқан жағдайдан, құқық қолдану тәжірибесінен, саяси мәдениет пен дәстүрден, саяси танымнан бөле-жарып қарастыра алмайтынымызды түсінуіміз керек», деді вице-министр.

Сонымен бірге ол демонстрация немесе шеру өткізу үшін хабарландырудың басқа формасы – келісім алу үшін өтінім беру керектігін ескертті. «Демонстрация немесе шеру өткізуге келісім алу үшін өтінім 10 жұмыс күні ішінде берілуі тиіс. Өтінім 7 жұмыс күні ішінде қаралады. Өтінімнің басты ерекшелігі – онда қатысушылар жүріп өтетін бағдар, жолдың басы мен аяғы, ұзақтығы, көлік құралдарын пайдалану туралы мәлімет көрсетілуі керек. Сонымен қатар заң бо­йынша бейбіт жиналыстарды өткізудің баламалы орындарын міндетті түрде ұсыну құқығы да қарастырылған. Мұндай өтінімдердің ұзақ қаралуы – көшелерді жабу, шараға қатысы жоқ азаматтар мен бизнеске белгілі бір кедергілерді келтіру ықтималдығына байланысты», деп түйіндеді сөзін Данияр Есин.

Әділет вице-министрі Наталья Пан Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңға қатысты мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, жаңа заң партия тізімінде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота беруді міндеттейді. «Бұл өзгерістерге сәйкес мәслихат пен Парламент депутаттарының сайлауына тізімінде жастар мен әйелдер бар саяси партиялар ғана өткізіледі. Статистика бойынша Қазақстанда экономикалық сипатта белсенді 4,5 млн адам мен 20-29 жастағы 2,8 млн жас бар. Қазіргі таңда мәселен Парламентте әйел депутаттардың үлесі 22 пайыз. Ал жасы 29-ға дейінгі жастар Парламентте жоқ», деді Наталья Пан.

Сонымен қатар вице-министр әлем мемлекеттерінің көбі әйелдер мен жас­тарды сайлау процесіне белсенді түрде тартып жатқанын айтып өтті. «Әлемдік тәжірибеде мұндай ынталандыру квоталары кеңінен қолданылады. Халықтың қоғамдық сипатта белсенді бөлігі ре­тін­де жастар мен әйелдерде әлеуметтік және саяси әлеует барын атап өту керек. Осыған байланысты ұсынылған заңнамалық нормалар әйелдер мен жас­тарды елдің саяси-қоғамдық өміріне араластыруға қосымша құқықтық шарт жасайды», деді ол.

Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева заң жобасын дайындау барысында көптеген журналист пен заңгерлерден ұсыныстар келіп түскенін мәлімдеді. «Біз барлық ұсынысты есепке алуға тырыстық. Мәселен, журналистер өздерінің түсірген видео-фото материал­дарын тиісті органдарға тапсыруға наразы болды. Бұл назарға алынып, мұндай міндеттеме алынып тасталынды. Сонымен бірге бір адамның пикеті туралы түсініктеме беріп, Конституцияға сай, жалғыз адамның да наразылық білдіруге құқығы барын айтып өтті.