Ғылым • 27 Мамыр, 2020

Ғылымда сөзден іске көшу қиын ба?

1247 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жалпы ғылымда ең жиі айтылатын зерттеудің екі түрі бар. Оның бірі – іргелі зерттеу де, екіншісі – қолданбалы зерттеу. Әдетте техникалық және жаратылыстану бағытында жүргізілетін қолданбалы зерттеудің нәтижесін көзбен көріп, қолмен ұстап, өнімін өндіріске енгізе аламыз. Ал көбіне-көп адамзат өміріне қатысты қолға алынатын осы бір іргелі зерттеулердің өнімділігі, пайдасы оның нәтижесін қоғам қажетіне қолданумен өлшенеді. Біз бүгінде сол құнды зерттеулердің жемісін қажетімізге қаншалықты қолданып жүрміз? Оның маңызы неде? Іргелі зерттеулердің жүргізілмеуі немесе ондағы дәлелдемелерді қолдану қоғамды, әрісі адамзат, берісі бір мемлекетті қандай жетістікке жетелеуі мүмкін? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Ғылымда сөзден іске көшу қиын ба?

Алдымен іргелі зерттеу тура­­лы бір түсінік қалып­тас­ты­рып алайық. Еліміздің қол­да­ны­­сындағы «Ғылым туралы» за­ңында бұл терминге «Табиғат, қоғам, адам дамуының негізгі заңдылықтары мен олардың өзара байланысы туралы жаңа ғылыми білім алуға бағытталған теориялық және эксперименттік зерттеу» деп түсініктеме бе­рі­­ліпті. БҰҰ жанындағы білім, ғы­лым мен мәдениет жұ­мы­с­­тарымен айналысатын ЮНЕСКО ұйымы «Іргелі және қол­­данбалы зерттеулердің ара­сын­­дағы оңтайлы тепе-теңдік қандай?» (What is the optimal balance between basic and applied research?) атты танымдық материал жариялады. Ал сол мақала, сөзбе-сөз аударсақ: «Көк аспанды зерттеу, ашылған жаңалықты зерттеу, шекаралық зерттеулер, іргелі зерттеулер. Бұл өзі түрліше аталуы мүмкін, бірақ іргелі зерттеулерде өзгермейтін бір нәрсе (тұрақтылық) бар: ондағы нәтиже – табиғатынан бел­гісіз», деп басталған. Иә, тео­риялық, яғни сөз жүзіндегі экс­перименттік зерттеу, әрі со­ңын­да ненің күтілетіні белгісіз болса да АҚШ пен Еуропа елдерінде ғалымдардан көп жағдайда іргелі зерттеулерді қолданбалыға айналдыруды талап етеді. Өйткені дамыған елдерде біздегідей қолданбалы зерттеулерді ғана емес, іргелі зерттеулерді де мемлекет жүйелі түрде қаржыландырады. Елімізде мұндай маңызды іс енді ғана қолға алынбақ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандық ғылымды дамыту төңірегінде бас басылымға берген сұхбатында: «Жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар сала­сындағы іргелі зерттеулер әрдайым мемлекеттің назарын­да. Елдің сейсмикалық, су, био­ло­гиялық, химиялық, ядролық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қол­данбалы ғылыми-зерттеулері стра­тегиялық сипатқа ие және қоса қаржыландыру субъектісін таңдау байыппен қарауды қажет етеді. Тарих, археология немесе филология саласындағы зерттеулердің бизнес тарапынан қоса қаржыландырылу перс­пек­тивасы жоқ. Осыған орай Білім және ғылым министрлігі әлеуметтік-гуманитарлық бе­йін­ді ғылыми ұйымдарды база­лық қаржыландыруды же­тіл­ді­ру және кеңейту шараларын қабылдауда. Бұл – ең алдымен тіл білімі, тарих, философия, әдебиет, этнография және т.б. саладағы іргелі зерттеу­лер­мен айналысатын инс­ти­тут­тар. Мұндай зерттеулер үз­дік­сіз әрі гранттық кон­курс­тар­дың нәтижелеріне қара­мас­тан жүргізілуі тиіс деп санаймын», деді.

Жарайды, іргелі зерттеу­лер мемлекет тарапынан қар­жы­­­ландырылды дейік, бірақ бізде, әсіресе осындай зерт­теу­лерді жүргізетін ғалым­да­ры­мызда еңбегінің нәтижесін өмір­де қолдануға, «өнімінің» өмір­шеңдігіне бейімдеу дағ­дысы қалыптасқан ба? Мәселе – осында. Ғалымдар ара­сында бұл проблеманың бар екенін гуманитарлық ғылым­да іргелі зерттеулер жүргізген ға­лым, әдебиеттанушы Бека­рыс Тілегенұлы ашық айтып отыр. Қазір орта ғасыр әде­бие­тін түпнұсқадан зерттеп жүр­ген ол Түркия мен Еуро­па ғалымдарының бізде дерек­сіз, нәтижесі белгісіз деп баға­ла­натын әдебиеттің «өні­мін» де қолданбалы зерттеуге айнал­ды­руға ерекше мән бере­тінін жеткізді. «Гума­нитар­лық салада да қолданбалы зерттеулер жүргізіледі. Айталық, орта ғасыр жазба ескерткіштерінің тілін зерттеп, араб немесе көне ұйғыр графикасын латынға айналдырып, сөздігін жасап бергісі келетіндер бар. Орта ға­сырлық өмірді зерттеуді көз­дей­тін кейінгі ғалымдарға ауа­дай қажет. Бірақ осы нәрсені жүзеге асыра алмай отырмыз», дейді Б.Тілегенұлы. Оның ойын­­­ша, тек теориямен шектеліп, «өнімінің» өміршеңдігіне, практикада қолданылуына отандық зерт­теушілердің көбірек ізден­беуі, жалқаулығы себеп. «Құ­тадғ­у білікті» алғаш француз, неміс, швед, венгр сынды Еуро­па ғалымдары көп зерттеді. Осы көне туындыны түпнұсқада оқитын әлемде қай ел бар десек, Венгриядан аттап кете алмайсыз. Неміс, венгр, түрік ғалымдарына міндетті түрде оқытылады. Тіпті Түркия ғалымдарының аталған еңбекке қатысты зерттеулерінен қате тауып, түзеткен Америка ғалымдары бар. Біз неге соны түпнұсқадан оқымаймыз? Нақ­ты­­лық жоқ жерде ғылым да, оның қолданбалылығы да жоқ», деді әдебиеттанушы ғалым. Нақты­лық­тың жоқтығынан ғылым­ның бар нәрін өзгеге қолдан беріп қойғандаймыз. Америкалық ғалым Роберт Данкоф (Robert Dankoff) «Құтадғу білікті» сонау 80-жылдары ағылшын тіліне «Wisdom of Royal Glory, яғни Қасиетті патшалықтың даналығы» деп аударып, бұл еңбектің билікке, мемлекеттік басқа­р­уға қатысты кітап екенін айтты. «Біз осы «Құтадғу білік­ті» мемлекеттік басқаруда қол­да­нып жүрміз бе? Міне, іргелі зерттеуден қолданбалы зерттеу­­­ге келдік. Мысалы, жақында жасақталған Президенттік жас­тар кадрлық резерві «Құтадғу білікте» тұр. Сонымен қатар Пре­зидентіміз айтып жүрген «Ести­тін мемлекет» концепция­сы да Баласағұн еңбегінде ай­тыл­­ған. Мемлекет басшысы көне еңбектегі ойды іс жүзінде қайта жаңғыртты. Сол секілді қазіргі мемлекеттік басқаруда, қоғам­мен байланыс орнатуда, әлеуметтің мәселесін шешуде біздің әдебиеттегі дайын тұрған қаншама дүниені қолдануға болады ғой. Ғалымдар осындай бағытта жұмыс істеуі қажет», дейді ғалым.

Иә, іргелі зерттеуді қолдан­ба­лы зерттеуге айналдыруда, ғылымды адамзаттың қажет­ті­ліктеріне пайдалануда ға­лым­дардың жауапкершілігі, ізде­ні­сі, ынта-ықыласы зор рөл ойнайтыны белгілі. Дегенмен, қол­данбалыға айналдыратын іргелі зерттеулерді жүргізетін ға­лымдарға қолдау қажет қой. Айталық, еліміздің қол­да­­ныс­ындағы «Ғылым туралы» заңында ғылыми қызметті мемлекеттік бюджеттен үш түрлі бағытта (базалық; грант­тық; бағдар­ламалық-нысаналы) қар­­жы­­­ландыруға қатысты арнайы тарау (7), онда бірнеше бап бар. Сол баптардың біреуінен ірге­­лі зерттеулерге қаржы қа­рас­­­тыру туралы сөз таппайсыз. Есесіне 27-баптың 11-тар­ма­­ғында: «Қоғамдық, гу­ма­ни­тарлық ғылымдар, ұлт­тық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету және қорғаныс ғылымы сала­сын­дағы қолданбалы зерт­теу­­­лерді қоспағанда, жекеше әріп­тес тарапынан қоса қар­жы­­лан­дыруды тарту кезінде қолдан­ба­лы ғылыми-зерттеулерді қаржыландыру тәртібі ғылыми және (немесе) ғылыми-техни­ка­лық қыз­мет­ті базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қар­жы­ландыру қағидаларында айқын­далады», делінген. Неге «Қоғам­дық, гуманитарлық ғы­лым­дар, ұлттық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету және қорғаныс ғылымы саласындағы қолдан­ба­лы зерттеулерді қоса алғанда» демеске? Өйткені аталған салаларда да қолданбалы зерттеулер жүргізуге әбден болатынын білеміз ғой. Мемлекет қоғамның даму стратегиясын, мемлекеттің басқару бағытын, әлеуметтік проблемаларды шешудің жолдарын, тіпті ұлттық идеологияның өзін нақты зерттеулерге сүйеніп әзірлесе, болашағы да баянды болмай ма?

Қолданбалы зерттеуге ай­нал­­дыруға болатын іргелі зерт­теу­лерге мемлекет тарапы­нан көп көңіл, маңыздысы қар­жы бөлінбегендіктен де ғалымдар шетелдік қорлар мен ұйымдардың мүддесіне жұмыс істейді, сыртқа иек артады. Соның бірі «Қасиетті Қазақстан» ғы­лыми-зерттеу өлкетануды дамыту орталығының басшы­сы, тарихшы-этнолог Батырхан Елікұлы америкалық «Сорос» қорының қолдауымен Қазақ­стан­дағы діни мәселелерді зерттеген. «Бұл қор Орталық Азия­дағы проблемаларға өздігінен қызығушылық білдіріп, ға­лым­­­дарды тартады. Біз өз мем­­лекетіміздің тарапынан мұн­дай іргелі зерттеулерге жүйелі қаржыландыру қарас­ты­рылмағандықтан, осындай халықаралық ұйымдарға жұмыс істейміз. Іргелі зерттеулерді жүргізетін талай ғалым шетелге кетті. Үкімет тарапынан гуманитарлық ғылымға көңіл бөлмеуінің салдарынан іргелі зерттеулер қолданбалы зерттеу­лерге айналмай, ғалымдардың өз ішінде қалып қойып жатыр. Мәселен, шетелдердегі облыстық, орталық музейлерде арнайы қоғамдық зерттеу институттары бар. Ал біздің музейлер жәдігерлерді сақтап, қорғайтын қойма, болмаса келушілерге көрсететін көрнекі орынның ғана рөлін атқарып отыр. Бізге археологтың тауып өткізген жәдігерлерін әрі қарай зерттеп, зерделейтін мамандардан құралған орталық яки институт керек. Әр мұраның құпиясын ашып, ақпаратын жан-жаққа таратсақ, бұл туристерді тартпай ма? Ал елімізде «Қа­сиет­ті Қазақстан» сынды орта­лық небәрі 3 жыл бұрын ғана ашылды. Негізі әрбір облыс­та институттың фи­лиа­­лы немесе зерттеу орта­лы­ғы болуы керек», дейді Б.Елік­ұлы. Сарапшының сөзінен гума­ни­тар­лық ғылымдарды оқытатын шетелдік университеттер жанында арнайы зерттеу институттары мен орталықтардың да бары ойымызға оралды. Аустралиядағы Уоллонгоң (Wollongong) университетінің жанындағы «Археологиялық зерттеу институты» осыған дәлел. Мұндай тізімді толассыз толықтыра беруге болады. Бірақ біздің айтқымыз келгені, ғалым іргелі зерттеуді қоғам­ның қажетіне жарататын­дай қолданбалы зерттеуге айнал­дыру­ға сол студент кезінен ма­шық­­тануы керек. Әйтпесе тек теория­ның, ашығын айтқанда сыл­дыр сөздің ғалымдарын даяр­­лаудан әрі аса алмаймыз.

 

P.S.: Бір кездері «Таңдайы тақылдаған тәп-тәтті балақайды көрсем, оның ата-анасына; жаңалық ашып тұрған оқушыны көрсем, ұстазына; тамаша туындыны тапсам, оның авторына, авторына да емес-ау – музасына; әлем алдында топ жарған дарабозды көрсем, оның қоғамына; білікті қолбасшыны көрсем, оның халқына қошемет көрсеткім келеді» деп жазған екенбіз. Өйткені біз тек көзге көрінетін еңбекті елейміз, қолмен ұстай алатын өнертабысты жетістікке балаймыз. Бірақ соның тасадағы талант пен көзге көрінбейтін жұмыстың арқасында дүниеге келетінін пайымдай қоймаймыз. Нәтижесі бәрімізге біліне бермейтін іргелі зерттеулердің де ғылымға, қоғамға, адамзатқа, мемлекетке тигізетін ықпалы, пайдасы тура сондай. Өнімі көзге көрінетін қолданбалы зерттеу негізінен іргелі зерттеулерсіз пайда бола алмайды. Ең қызығы, әрдайым жан-жақты қолдауға ие қолданбалы зерттеулердің адамзат өміріне, игілігіне, қоғамның өзгеруіне, мемлекеттің дамуына қалай әсер ететінін сараптап бағалайтын да, қарапайым тілмен айтсақ «бағын ашатын» да – сол іргелі зерттеулер. Демек, біз ғылыми жаңалықтың тууына себепкер болып, кейін өндіріске енгізілген өнертабыстың өміршеңдігіне септігін тигізер іргелі зерттеулерді тасада қалдыра тұрып ғылымды жасау, дамыту туралы сөз қозғауға хақымыз жоқ.