Руханият • 27 Мамыр, 2020

Тұтқын тағдыры

406 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

1947 жылдың сәуір айында, Алматыда, Түркістан әскери округінің трибуналы «Түркістан легионына» қатысы бар деп есептелген бір топ соғыс тұт­қындарының ісін қарады. Соттың үкімі бойынша ату жазасына кесілгендердің ішінде ақмолалық үш жігіт бар еді. Олар Қорғалжын өңірінен – Хәкім Тыныбеков, Артур Қолдыбаев және Сталин (қазіргі Ақкөл) ауданындағы сол кездегі Калинин атындағы колхоздан – Нұрқан Сейітов. 1947 жылдың сәуір айында, Алматыда, Түркістан әскери округінің трибуналы «Түркістан легионына» қатысы бар деп есептелген бір топ соғыс тұт­қындарының ісін қарады. Соттың үкімі бойынша ату жазасына кесілгендердің ішінде ақмолалық үш жігіт бар еді. Олар Қорғалжын өңірінен – Хәкім Тыныбеков, Артур Қолдыбаев және Сталин (қазіргі Ақкөл) ауданындағы сол кездегі Калинин атындағы колхоздан – Нұрқан Сейітов.

Тұтқын тағдыры

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

Артур Қолдыбаев 1912 жылы кедей шаруаның отбасында өмірге келген, 1933 жылы Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл топтың жұмысына қатысқаны үшін сотталған, ал одан бұрын КазГУ-дің 3-курс студенті. Нұрқан Сейітов 1904 жылы туған, аяқталмаған жоғары білімі бар, партия мүшесі, Қазақстанның жеңіл өнер­кәсіп халық комиссары. Аты аталған еке­уінің соғысқа алынғанға дейінгі өмір­бая­ны туралы архив деректері, міне, осындай.

Біздің алдымызда 1946 жыл­дың 10 желтоқсанында Қазақ КСР-нің Мемлекет қауіп­сіздігі ми­­нистрі генерал-майор Бызов бе­кіт­кен айыптау қорытындысы жа­­тыр. Бұл – Кеңес өкіметіне қар­сы ұлт­шыл ұйымға мүше болды деген Хәкім Тыныбеков және сол сияқты басқа айып­та­лғандар ту­ра­лы құжат.

Хәкім 1914 жылы Ақмола облы­сының Қорғалжын ауданын­да туған. Білімі – жоғары. Ком­му­нистік партия мүшелігіне канди­дат. КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының ғылыми қыз­мет­кері болып жүрген жерінен Қы­зыл Армия қата­рына алынған. Со­ғыста болған. 1941 жылы тамыз айын­да тұтқынға түскен. Жалпы жазу-сызуға икемі болған болуы керек. Негізінен тұтқын болса да газет-журнал, үгіт-насихат сала­сын­­да қызмет атқар­ған.

«Түркістан Ұлттық Комитеті» («ТҰК») 1941 жыл­дың аяғында немесе 1942 жылдың басын­да құрылса керек. Оның мақсат-мүддесі жайында айыптау қоры­­тын­дысында былай делінген: «ТНК» («ТҰК») возглавил всю ан­ти­­советскую деятель­нос­ть сред­­­неазатских и казахс­ких нацио­­­на­­листов и афишировал­ся фа­­шис­тскими главарями как «пра­­вительство» будущего «Боль­шо­го Туркестана, который, по за­мыс­­лам немцев, должен был стать гер­­­ман­ской колонией».

«ТҰК»-нің құрамында әскер, на­сихат, ғылым, әскери тұт­қын­­дар, радиохабар, шығыс жұ­мыс­шылары, денсаулық сақ­тау бөлімдері болған. Ал Ко­ми­тет мынандай құрамда бол­ған: Вали Каюм-хан (өзбек) – Президент, Баймырза Һайт (өзбек), Президенттің орынбасары – әскер бөлімінің бастығы, Сат­тар Алманбетов (қырғыз), Пре­зи­денттің орынбасары – наси­хат бөлімінің бастығы, Кәріми (өзбек) – Бас хатшы, кейін – Қа­рыс Қанатбаев (қазақ).­

Ал Хәкім Тыныбековтің қыз­мет шең­бе­рі тікелей насихат бө­лімімен байла­нысты бол­ған­дық­тан осы құрылым ту­ралы айта кеткен дұ­рыс сияқты. Бұл бөлімнің негізгі мақ­са­ты – легионерлерді идеологиялық тәрбиеге икемдеу, «Түркістан легио­ны» құры­лы­мын­да­ғы барлау мектеп­те­ріндегі, тұт­қын лагерьлеріндегі тұрақ­ты үгіт­шілер мен молдалардан басқа бөлім­де арнаулы тапсырмамен жүріп-тұ­ра­тын насихатшылар да бол­ған. Наси­хат бөлімі «Түркістан легионы» құ­ры­лым­дарын, барлау мектептерін, әске­ри тұтқындар лагерьлерін және Орталық Азия мен қазақ­стандық тұтқындарға барып, пьесалар мен концерт қойып отыр­ған. Қазақстан, Орталық Азия елдеріне жібе­рі­ле­тін агенттерді баяндамамен, конс­пектілермен, рефераттармен, газет-журнал­мен және діни әдебиетпен қамта­ма­сыз етіп отырған.

Бөлімнің өз басылымдары, «ТҰК» құр­ған «Түркістан ан­сам­блі» болған. «Милли Түр­кіс­тан» («Ұлттық Түркістан») саяси журналы 1942 жылдың маусым айы­нан бастап сол жылдың аяғына дейін айы­на екі рет жа­рық көрген. Айыптау қоры­тын­ды­сында Х.Тыныбеков туралы бы­лай делінген:

«Будучи редактором антисоветского журнала «Милли Тур­кес­тан», пропагандировал в нем идеи создания буржуазного государства на территории Казахстана и среднеазиатских советских рес­пуб­лик, воспитывал личный сос­тав воинских частей «ТНК» в духе ненависти к Советской влас­ти и призывал их на борьбу против Советского Союза. В своих статьях, печатаемых в указанном журнале, возводил клевету на Советскую власть и большевисткую партию».

Егемен ел болып, жеке мемле­кет ре­тін­­де шаңырақ көтеріп отыр­­ған қазіргі шақта Хәкім атына айтылған осы «кінәні» қалай ба­ға­лауға болар еді? Қалай дегенмен бұл тұжырым оны ату жаза­сы­­на кесу үшін бірден-бір себеп бол­ғаны рас.

«Милли әдебиет» («Ұлттық әде­биет») атты әдеби-көркем жур­налы 1943 жылдан айына бір рет шықса, 1942 жылдан шыға бас­та­ған «Яны Түркістан» («Жаңа Түр­кістан») газеті апталық басылым болған.

Айыптау қорытындысында: «ТҰК» шы­ғарған осы басылымдар мазмұны жа­ғы­нан кеңестік өмір­ге жала жабу, боль­­шевизмге қарсы қарулы көтеріліске ша­қы­­ру және герман фашизімін ма­дақтап, олар­ды большевиктер езгісіндегі Орталық Азия мен Қа­з­ақстан халықтарының бос­тан­­­­дығы үшін күрескер ретінде көр­се­ту бол­ды», – деп айтылған.

Вали Каюм-хан мен Хәкім Ты­ны­беков редактор болған «Милли Түркістан» журналы өздерінің мақсат-мүдделерін жасыр­ма­ды, бүр­келемеді: « ...Түркістанды азат ету идеясын насихаттаушы... біз­дің Ұлт­тық комитеттің ресми органы – «Милли Түр­кістан» жур­на­лының шыға бас­та­ғанына 15 маусымда бір жыл толды.

...Біздің «Милли Түркістан» жур­на­лы­ның Түркістан халық­та­рын азаттыққа бас­тап келе жатқан қа­зіргі бағыты дұрыс жол болып та­былады...

Біздің жетекшіміз Вали Каюм-хан терең­нен ойлап ұсынған және жүзеге асы­рылып келе жат­қан бұл бағыт туралы өткен жылы алғаш рет журналдың бі­рін­ші нөмірінде жазылған еді. Бұл саяси жолдың қысқаша және негізгі бағыттары мынандай: 1) Көптеген жыл орыс боль­шевик империалистерінің езгі­сінде болған Түркістан ха­лық­тарына бостандық әперу.
2) Қазіргі қолайлы жағдайды пайда­ла­нып, барлық күштерді орыс боль­шевиктеріне қарсы күреске жұ­­мылдыру. Сонымен бірге неміс дос­тар­дың көмегімен біздің Отаны­мыз – Түр­кіс­танды азат ету. 3) Бөл­шектенбейтін, бө­лінбейтін біртұтас ұлы Түр­кіс­танды, яғни қазіргі заманғы мәдени талаптарға сай келетін ұлттық мемлекет құру. 4) Міне, осы мақсаттар негізінде қазірден бастап барлық дайындық жұ­мы­с­тарына кірісу («Милли Түркістан», 25/26, 1943 жыл­дың 1 тамызы, Берлин).

  * * *

1942 жылдың бірінші жартыжыл­ды­ғын­да «Түркістан легионы» құрылды. «Арбайтс гема­иншафт Туркестан» (АТ) барлау институтының іс бас­қа­ру­шысы Шлос­тің айтуынша, бұл құрылымды гене­рал Хайгендорф басқарған, ол гене­рал Кестринг әскери құрамында екен. Неміс­тердің бұдан басқа Люкенвальд (Гер­мания), Воломино (Польша), Леги­но­во (Польша), Теппель (Чехия), Тавель (Қырым) аймақ­та­рында да барлау мек­теп­тері болған. Қайткен күнде жеңіс­ке жету мақсатымен атқарылған істер сан алуан еді. Ал тұтқында жүрген түркіс­тан­дықтар да бұл шара­лардан тыс қал­ма­ғаны бел­гі­лі.

Неміс әскерлерінің Мәскеу, Ста­лин­град, Курск түбінде және басқа аймақ­тар­да жеңіліске ұшы­ра­уы және 1944 жылдың басында Қызыл Армияның шабуыл опе­рациялары Германия басшыларын мүм­кін­дігінше біржола жеңілудің алдын алып, тым құрығанда Германияның өз жерін сақтап қалуға барлық күшті жаппай жұмылдыруға мәжбүр еткені сөзсіз. Осы мақ­сатта немістер өзде­рі­нің адам ресурс­та­­рымен қатар әскери тұтқындарды, олардан жауынгерлік топтар құруға да әрекет жасағаны түсінікті. Алайда легио­нерлердің бір-бірлеп немесе топ-тобы­мен Қызыл Армия және кеңес партизанда­ры қатарына өтіп кетуі жағдайында неміс­тер­дің басқа да ұйымдастыру шара­ларын жүзеге асыруға тура келді. Осыған орай немістер әр жерде ұлттық комитеттердің бас қосқан жиындарын өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын күшейте түсті.

1944 жылдың маусым айында Вена қаласында болған «Түркістан конгресі» де сондай шаралардың бірі болатын. Мұндағы мақсат – легионерлердің жа­уын­герлік рухын көтеру, тәуелсіз Түр­кіс­­тан мемлекетінің болашақ үкі­ме­ті­нің негізі болып есептелетін «ТҰК»-нің беделін арттыра түсу. Конгреске «ТҰК»-нің құрамынан басқа «Түркістан легионының» құрылымдарынан, ұлт­тық әскери бөлімдерден, барлау мектеп­те­рі­нен, әртүрлі курстардан, герман үкіметі мен барлау органдарынан, басқа да ұлт­тық комитеттерден көптеген өкіл, бар­лы­ғы 400-ге жуық адам қатысты.

Конгрестің күн тәртібіне сай бірінші болып «ТҰК»-нің жұ­мысы туралы Вали Каюм-хан­ның есебі, Кеңес өкіметімен күрес және тәуелсіз Түркістан мем­­лекетін құру жолындағы мін­дет­тер туралы мәселе қа­ралып, талқыланды. Бұдан соң «ТҰК»-нің басшы қызметкерлерінің қосымша баян­­дамалары тың­дал­ды (Х.Тыны­бе­ков­тің 1946 жыл­дың 5 қазанындағы тергеуде берген жауабынан).

Ана тіліміздің хал-ахуалы туралы үнемі айтылып та, жазы­лып та жүр. Шы­нын­да, өрке­ниет­ті елдердің қайсысы болсын өз тілін сақтап қана қоймай, оны да­мыта беруге, көркейте тү­су­ге әрдайым ынта-ықылас көр­­сететіндігі белгілі. Ал қиын-қыс­тау жағдайда, шетелде, соғыс тұт­қыны бола жүріп ана тілінің тағ­дыры туралы дүйім жұрттың алдында өз ойын, тұңғиық терең пікірін ашық айтса оған, сөз жоқ, кім де болса, сүйсінер еді, оның нағыз ұлтжандылығын мақтан тұтар еді.

Хәкім Тыныбеков түркіс­тан­­дық­тар­дың 1944 жылғы Вена­да­ғы аталған бас қосуында «Тіл бірлігі – ұлт бірлігі» деген тақы­рыпта қосымша баяндама жасап­ты. Үлкен «қылмысының» бірі осы болса керек. Тергеу құжат­та­рында осы дерек атап өті­ліп, одан әрі «возводил клевету на Совет­ск­ую власть, национальную политику советс­ко­го правительства и партии большеви­ков, дискредитировал Сталинскую Конс­ти­туцию. Кроме того, в своем докладе на конгрессе призывал тюркское население к активной борьбе против СССР» – делінген. Хәкім Тыныбековтің сөзіне тергеу органдары осындай саяси баға берген.

«ТҰК»-нің қазақ бөлігі Қанат­баев, Қайболдин (Қайгин), Тыны­бе­ков, Қошалақов, Ағаев (Иванов) жеке «қазақ» және «шығыс түрік» комитеттерін құру жө­нінде қызу әрекет жасайды. Және ке­ңес­тер еліндегі түркі тектес халық­тар­дың толық азат болуы үшін келешекте Орталық Азия мен Қазақстанды, Татар­стан мен Баш­қ­ұртстанды Түр­кістан деп аталатын бір мемлекетке біріктіру мәселесін күн тәртібіне қойды.

Бұл жөнінде архив құжаттары былай дейді: «являясь последователем Чокаева и единомышленником Канатбаева, Тыныбеков вместе с последним сколотил ядро казахских националистов – руко­водящих работников «ТНК» и в окябре 1942 году вместе с ними разработал и представил Восточному министерству Германии Розенбергу и германским разведовательным органам программный документ, в котором выдвигал идеи создания широкого блока антисоветских сил на борьбу против советской влас­ти и отторжения от СССР респуб­лик Средней Азии, Казахстана, Татарии и Башкирии для создания «Восточно-тюркского государста».

Бұл ұсыныс түгелдей қабыл­да­на қой­ма­ды. Бірақ қазақтар мен қырғыз­дар­дан тұратын «Алаш» отрядын құруға мүм­кін­дік туды. Отряд құрамының біраз бө­лігі Люкенвальд барлау мектебінде оқыған еді, қазақ жерінде кеңес­терге қар­сы көтеріліс ұйым­дас­ты­рып, басқа да қажетті үгіт-насихат жұмысын жандан­ды­ра түсуі тиіс еді. «Алаш» отряды ұйы­мы­ның арнаулы туы белгіленді, оған мүше болған сарбаздың жең­де­рі­нде өзін­дік белгілері болды. Мұның өзі «Алаш» қоз­ға­лысының қайта жаңғырып, өркен жаюы­­ның символы ретінде танылды.

Кейін, 1945 жылдың ақпан-наурыз айын­да «ТҰК»-ден «Түр­кіс­тан Ұлт­тық Кеңесі» бөлініп шықты. Сөйтіп енді түркістандық екі ұйым – өзбек Вали Каюм-хан басқарған «Түр­кістан Ұлттық Комитеті» және жаңа­дан ұйым­дас­ты­рыл­ған «Түркістан Ұлт­тық Кеңесі» болды. Соңғысының Прези­ден­ті қазақ Қарыс Қанатбаев болды, басқа басшы қыз­меттерге Омарханов (Прези­дент­тің орын­басары), Тоқназаров (Кеңес мүшесі), Әбішев (Бас хатшы) болып бекітілді. Ал Тыныбеков, Қошалақов, Бұрқанов болса тиісінше Кеңестің баспасөз, насихат, әскер бөлімдерін басқарды.

  * * *

Соғыс болған соң біреу жеңеді, екіншісі жеңіледі. Ол заңды. Тұтқынға да түседі. Өркениетті елдер соғыста тұтқын бол­ған­дарға әрдайым түсіністік танытып, адамгершілік білдірген. Олардың құқықтарын қорғау үшін кезінде Гаага конференция­ла­рында (1899,1907 ж.ж.) тиісті конвенция да қабылданған, ал 1929 жылы бұл мәселе Женевада қайта қаралған. Сөйтіп әскери тұтқындар туралы бұрынғы қа­был­данған құжаттарға олардың жағ­дайын одан әрі жақсартуға бағытталған қосымшалар, өзге­ріс­тер енгізілді.

КСРО басшылығы бұл конвен­ция­ларға қа­тысқан жоқ. Міне, сон­дықтан да И.В.Сталиннің «бізде тұтқындар жоқ, сатқындар ғана бар» деуі содан болса керек. Демек, кеңес жауынгері тұтқынға түс­се болды, ол қолма-қол «халық жауы» болып есептелетін. Яғни ол не атылуы керек, не пәленбай жылға итжеккенге айдалуы шарт. Мәселен, Хәкім Тыныбековпен бірге сотталған 49 адамның бірі жазушы Хамза Абдуллин біраз сергелдеңге ұшырап, өмірден өтер алдында әзер ақталған.

«Қылмыстық ісі» осы азаматтармен бірге қаралған, «Түркістан легионында» болды деп біраз өмірін итжеккенде өткізген атақты музыкат Әйткеш Тол­ғанбаевтың «қазақтың Пага­нин­иі» екендігі кейін белгілі болды. Әйткеш туралы соңғы жылдары БАҚ бетінде біраз жазылды. Ал Қорғалжын өңірінде туып-өскен, елін, жерін қорғаймын деп со­ғысқа аттанып, тұт­қынға түскен, еліне кел­генде «ха­лық жауысың» деп, әуелі ату жаза­сы­на, сосын 25 жылға сот­талған Хәкім Тыныбеков те сондай жан. Кезінде Мұстафа Шо­қайдың «құйыр­шығы», оның на­ғыз ізба­са­ры болған деп айыпталып, сотталды. Сөйткен Хәкім шет жерде, жат жұртта жүріп, «Милли Түркістан» журналын, «Түрік бірлігі» газетін шығарды. Неміс басшылығы ұйым­дас­тыр­ған Вена қа­ла­сында өткен конгресте (1944 ж.) өзі­нің ана тілін қорғап, баяндама жа­са­ған. Түрік жұртының жар­қын бола­ша­ғын аңсаған. Сол үшін Хәкімге өз еліндегі әкімшіл-әміршіл жүйе тарапынан сенімсіздік көрсетілді: өлім жазасы­на кесіліп, кейін айдауға жіберілді. Шетте жүріп ит-қорлықпен дүниеден өтті. Осындай шындықты Хәкімнің ел-жұрты білуі керек.

 

Амантай КӘКЕН,

журналист