Өнер • 27 Мамыр, 2020

Онлайн-экскурсия ұйымдастырды

468 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Коронавирустың кесірінен еліміздегі бірқатар мекеме жұмысын онлайн режімде жалғастырып жатыр. Мәселен, кеше сағат 12.00-де Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласының Достық үйі Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейінде тікелей эфирде онлайн-экскурсия ұйымдастырды.

Онлайн-экскурсия ұйымдастырды

Бұл музей 2001 жылы Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ұйым­дастырылыпты. Алғашында мемо­риал­дық кешен бұрынғы емханасында орналасса, кейін 1933-1935 жылдары мыңдаған тұт­қынның қолымен тұрғызылған ҚарЛАГ бас­қармасының ғимаратына көшіріледі. 2011 жы­лы жаңадан ашылған музейдің кеңейтілген экс­позицияларының тұсаукесері өтіпті.

Бүгінде ғимараттың жалпы ауданы – 3326,6 шаршы метр. Келушілердің назары­на музейдің 3 қабатында орналасқан 17 экс­по­зициялық зал ұсынылады. Олардың қата­рында «Қазақстандағы ашаршылық», «ҚарЛАГ-тың қалыптасу тарихы», «ҚарЛАГ-тың шаруашылық жұмыстары», «Әйелдер мен балалар», «Халықтар депортациясы» және тағы басқалар бар. Музейдің тұрақты экспозицияларында саяси қуғын-сүргін тарихының мұрағаттық құжаттары, хаттар, фотосуреттер, ҚарЛАГ тұтқындарының жеке бұйымдары мен түрлі экспедиция кезінде табылған еңбек және тұрмыс құралдары орналастырылған. Сонымен қатар лагерь тұтқындарының қолымен жасалған өнер туын­дылары да бар.

Музейдің төменгі қабатында орналасқан тергеу изоляторының инсталляциясы: карцер, ер адамдар мен әйелдердің камералары, тергеушінің кабинеті, азаптау бөлмесі және тағы басқалар экскурсия келушілердің наза­рын аудартады. Бұл жерде тұтқындардың қа­пас­тағы жағдайы, оларды тергеу және жеке істерін толтыру сәттері бейнеленген. Тергеу изоляторының инсталляциясы тұтқындардың, оларды бақылаушылар мен тергеушілердің гипс пен балауыздан сомдалған мүсіндерімен толықтырылыпты.

– Коронавирустың салдарынан қызметі­мізді түрлендіруге тура келді. Алайда жұ­мыс тоқ­тап қалған жоқ. Жоспарланған көр­­­мелерді онлайн режім арқылы ұсынып отыр­мыз. Қы­зығушылық танытқандарға түрлі материалдар­ды, құжаттарды таныстырамыз. Осы онлайн режімдегі жұмысты келушілерге музей есігі ашылған кезде де жалғастыра беруді көз­деп отырмыз. Себебі мұражай аралауға, арнайы келуге көп адамның мүмкіндігі бола бер­мейді. Жаңа технологиялар ғасырында өмір сүріп жатқан соң, оның игілігін де пайдалануымыз қажет. Сондай-ақ жыл сайын өткізілетін «Қайта оралған есімдер» акциясын да осы аптада ұйым­дастырамыз, – дейді мұражай басшысы Светлана Байнова.

Музейге келушілердің саны жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде ғана 32 мыңнан астам адам келіпті. Олардың арасында шетелдік қонақтар да бар. Жыл сайын 31 мамырда саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары келіп, музей қызметкерлерімен түрлі мәлімет алмасып жатады. Қандай да бір тұлғаның өмірбаяны зерделеніп, соның нәтижесінде музей қоры да толыға түседі.

Сонымен қатар музей қорында депор­тацияға ұшыраған П.Реченский,  Л.Андреюк, Л.Гамбур­гер сынды суретшілер­дің сирек кездесетін туындылары сақталған. Сондай-ақ 1932-1933 жылдардағы ашар­шылық ке­зінде Моңғол және Қытай елдеріне көшіп кеткен жергілікті халықтың тұрмыстық заттары, тұтқын әйел­дердің қолымен тігілген кестелер, сол заманның музыкалық аспаптары, тұтқындардың жөндеу-механикалық за­уытта дайындаған құралдары, қуғын-сүргінге ұшырағандардың жеке заттары, тағы басқа да құнды жәдігерлер бар.