Спорт • 27 Мамыр, 2020

Әлемдегі ең бойшаң баскетболшылар (видео)

1172 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда әлемдегі ең бойшаң баскетболшылардың тізімі жарияланды. Алыптар көшін әйгілі Александр Сизоненко бастап тұр. 1976-1986 жылдар аралығында қазіргі Санкт-Петербургтің «Спартак» және Самараның «Строитель» клубтарында өнер көрсеткен ойыншының бойы 245 сантиметр болған екен.

Әлемдегі ең бойшаң баскетболшылар  (видео)

                                                     Александр Сизоненко

Бойының тым ұзын­ды­ғының арқасында Украи­на­ның Херсон облысында туып-өскен Александр Сизо­нен­коның есімі төрткүл дүниеге мәшһүр болды. Спорттың бұл түрінде ол біраз табыстарға қол жеткізгенін көзі қарақты көрермендер ұмыта қойған жоқ. Александр өзі намысын қорғаған қос команданың да белді ойыншыларының бірі болды. «Спартактың» сапында айшықты өнерімен көзге түсіп, Одақ біріншілігінің күміс медалін иеленді. Бірақ КСРО құрамасы сапында ойнау бақыты оған бұйырмады. Кезекті бір бәсекеде жарақат алған Сизоненко 1986 жылы үлкен спортпен қош айтыс­ты. Кейіннен түрлі ауруға шал­дығып, жүріп-тұрудан қал­ды. 2012 жылы ол 53 жасқа қара­ған шағында қайтыс болды.

2

Сунь Минмин

36 жастағы Қытай баскетболшысы Сунь Минминнің бойы – 236 сантиметр. 2006-2014 жылдар аралығында өз елінде, Мексика, Жапония және АҚШ-та бақ сынаған оның Ұлттық бас­кетбол лигасында (ҰБҚ) да өнер көрсету мүмкіндігі болған. Алайда ша­ма­мен дәл сол тұста оның ми ісігі дер­тіне душар болғаны анық­талып, Сунь­ге өз арманымен қош айтысуына тура келді.

2

Георге Мурешан

Румыниялық Георге Му­ре­­шанның бойы – 231 сан­тиметр. Спорттық манса­бын Клуж қаласындағы уни­вер­си­теттер командасында бас­таған ол 1993 жылы ҰБҚ-дағы «Вашингтон Буллетс» клу­бының жейдесін киді. Одан кейін «Нью-Джерси» және Фран­ция чемпионаттарында ай­шықты өнерімен көзге түсті. Мурешанның есімі әлемдегі ең белді чемпионаттың ең бойшаң ойыншысы ретінде тарихта қалды.

Сондай-ақ әлемдегі ең бой­шаң баскетболшылар қа­та­рында Мануте Бол (Судан, бойы – 231 см.), Сулейман Али Нашнуш (Ливия, 230 см.), Славко Вранеш (Черногория, 230 см.), Яо Мин (Қытай, 229 см.), Шон Брэдли (Гер­мания/АҚШ, 229 см.), Павел Под­кользин (Ресей, 226 см), Сим Буллар (Үндістан, 226 см), Чарльз Невитт (АҚШ, 226 см), Марк Итон (АҚШ, 226 см.), Рик Смитс (АҚШ, 224 см.) және Бобан Марьянович (Сербия, 224 см.) сынды саңлақтар бар.

Байыптап қарасақ, бұл азаматтардың барлығының да тағдыры сан қилы еке­нін байқау қиын емес. Кей­біреулері айықпас дертке шалдығып, тағдырдың ащысы мен тұщысын молынан татса, кейбіреуі тамаша спорттық карьера жасап, бұл күндері бай-қуатты өмір кешуде. Тағы бір айта кетерлігі, сол алып­тардың дені түрлі фильм­дерге түсіп, актерлік кәсіпте де өздерін мойындатқан екен.

Әлемдегі ең бойшаң бас­кет­бол­шылар жайындағы ақ­паратты оқи отырып, сол тізімнен өзі­міздің жер­ле­сіміз Увайс Ахтаев­тың есі­мін ке­зіктіре алмадық. Бәл­кім, кезінде ондай алып адам­ның бұл жалғанда жер басып жүргенін шетелдіктер білмеуі де мүмкін ғой. Бірақ кезіндегі Кеңес Одағы мен Қа­зақстан халқына Ахтаевтың есім етене таныс. Чешен­станнан депортацияланып келген Увайстың бойы 236 сантиметр болған. 1947-1957 жылдар аралығында ол «Бу­ревестниктің» (Алматы) са­пында өнер көрсетіп, КСРО-дағы ең танымал бас­кет­бол­шылардың біріне айналды. Осындай бойшаң ойыншы­ны бұрын-соңды көрмеген қар­сыластары оған қарсы қан­дай тактика қол­дануды білмей әбі­герге түсетін. Сол алыптың өне­­рін тамашалау үшін спорт ке­­шендеріне көрермендер көп­­­теп жиналатын. Жан­күйер­­­лер оны еркелетіп, «чешен Ва­ся» деп атайды. Тағы бір айта кетерлігі, Увайс Ахтаевтың есі­мі екі қолымен допты ұс­тап, шығыр­шық­қа үстінен са­латын және алаңның бір ше­тінен екінші шетіне оп-оңай пас бере алатын тұңғыш баскетбол­шы ретінде ел есінде қалды.

1

Увайс Ахтаев

1957 жылы қант диабетіне шалдық­қан Ахтаев баскетболшы ретіндегі ка­рьера­сын аяқтап, бапкерліктің қамы­тын киді. 1978 жылдың жазында КСРО мен Қазақстанның ең атақты бас­кетболшыларының бірі саналған ол 47 жасында жарық дүниемен қош айтыс­ты.