(Эссе)
Дүниеде мамандық көп. Сан тарау. Саласы көп. Көз майыңды тауысып көңіліңе жаққан оқуды бітіргесін, оң жамбасыңа келетіндей оңтайлы мамандықты игеруге құлаш ұрып құлшынасың. Икемделесің. Бейімделесің. Бұл – өмір заңдылығы.
Ал ақындарды дайындайтын арнайы оқу орны бар ма? Жоқ! Ақын – қасиетті ұғым, қастерлі есім. Ол – ел үшін туған ерекше тұлға. Оның сырласы да – ел, мұңдасы да – ел. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп елі үшін еңіреген Абай қай оқуды бітірді? Немесе:
Ең бірінші бақытым – халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын,
қор болмаймын,
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің! – деп жырлаған Мұқағалида қандай диплом бар? «Ақындық – ананың сүтімен, атаның қанымен дариды» деген тұжырым ғасырлар бойы сүзгіден өткен уәлі сөз.
(Эссе)
Дүниеде мамандық көп. Сан тарау. Саласы көп. Көз майыңды тауысып көңіліңе жаққан оқуды бітіргесін, оң жамбасыңа келетіндей оңтайлы мамандықты игеруге құлаш ұрып құлшынасың. Икемделесің. Бейімделесің. Бұл – өмір заңдылығы.
Ал ақындарды дайындайтын арнайы оқу орны бар ма? Жоқ! Ақын – қасиетті ұғым, қастерлі есім. Ол – ел үшін туған ерекше тұлға. Оның сырласы да – ел, мұңдасы да – ел. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп елі үшін еңіреген Абай қай оқуды бітірді? Немесе:
Ең бірінші бақытым – халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын,
қор болмаймын,
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің! – деп жырлаған Мұқағалида қандай диплом бар? «Ақындық – ананың сүтімен, атаның қанымен дариды» деген тұжырым ғасырлар бойы сүзгіден өткен уәлі сөз.
Шығыс халқында: «Сені ақылдырақ ететін үш жол бар» дейді. 1. Тәжірибе жинақтайтын жол. Бұл – бұлтарысы мен бұралаңы көп жол. 2. Еліктеу жолы. Бұл – ой-қыры жоқ оңай жол. 3. Тоқсан тарау толғаныс жолы. Бұл – із тастайтын ізгілікті жол.
Ақындар, нағыз ақындар, абыз ақындар үшінші жолды таңдайды. «Абыз» деп айтып қалдық, осы төңіректе ой қозғай кетейін. Біз әдетте қарайған сақалы ағарып, шөмеледей шашы шөл даланың шөбіндей сиреп, егде тартқан ер кісілердің бәрін бір сөзбен «шал» дей саламыз. Солай сөйлеу дағдыға айналған. Бұлай атаудың бұрыстығын Бауыржан Момышұлы жарты ғасыр бұрын жазыпты. Баукеңнің түсіндіруінше, шал – бала-шағасы мен әйеліне әмірін жүргізе алмай, көсеумен от сабалап, шала бықсып отыратын адам. Қария – айтар сөзі ауылына өтімді кісі. Ақсақал – аймақты аузына қаратқан абыройлы адам. Ал, абыз деп кімді айтады? Халқының қамын ойлап, қабырғасы қайысатын, елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адамды ертеректе абыз деп атаған.
Менімше, өткен дәуірде ғұмыр кешкен ақындардың біразы – аңыз, біразы – абыз. Айталық, жетпісінші жылдардың аяғында ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің «Хатшыға хат» деген өлеңі «Жұлдыз» журналында жарияланды. Сол сол-ақ екен, солақай басшылар ақынның апай-топайын шығарып, биікте отырған билік иелерінің шамына тигені үшін Жазушылар одағының хатшылығынан жұлып тастады.Сорғалаған шындықты сол күйі жариялағаны үшін күллі ұжымды күстәналап «Жұлдыз» журналының қосшысына дейін қызметтен сыпырды. Абыздық поэзия апайтөстерге ұнай қоя ма?
Қазақ поэзиясына қоңыраулатып келген Ғафу Қайырбеков баяғы бабаларындай абыздық сарынға ден қойды. Ақын Қадыр Мырза-Әлі де: «Біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақтағы» деп қойқаптағыны қозғай бастады. Тарихи шындықтың тамыры оянып, бүршік жарғандай. Қай оқулықты парақтасаң да Иван Грозный, I Петр секілді орыс патшаларын мадақтаудан көз сүрінеді. «Қазақта хан жоқ па? Ол неге айтылмайды?» деген секілді намыстан оты тұтанғалы тұрған шақта Ғафу ағаның абыздық өлеңі газетке жарияланды.
Басқалардың патшасы бәрі жақсы,
Біздің хандар неліктен жаман болған?
Осы бір ойықты пікірге шүйліккен ЦК-дағылардың бәрі өре түрегелді. «Бұл не сұмдық?!» деді. Дүрлікті. Дүрліктірді. Әйтеуір әупіріммен түсініктеме жазып, әрең құтылған-тын. Міне, осындай бір ұрымтал тұста жас ақын Нармахан Бегалиевтің жыр жинағын оқыған Ғафу аға «Өрнекті өлең өрісі» атты салақұлаш салмақты мақала жазды. Ол 1978 жылы «Лениншіл жас» газетінің 21-санында жарық көрді.
Жас ақынның жаныңды жадыратар өлеңдерін талдай келіп, «шығармасының шырайы – шынайылығында» деді. Тапқырлығына таңырқады. Көп қазақтың көкейіндегісін майдан қыл суырғандай қып жеткізген шеберлігіне шексіз ризашылығын білдірді.
Жібітіп тоңды қыстайғы,
Түседі мезгіл көк терге.
Жасаң жапырақтар ұқсайды,
Тәуелсіз мемлекеттерге.
Бұл не? Қазақстан тәуелсіздігін аңсау ма? Иә, солай. Өлең астарында тәуелсіздік исі аңқып тұр. Абыздық поэзия. Соған қуанған Ғафекең керемет шабыттанып кеңінен көсілді. «Мұнда табиғат көрінісінің дәлдігі өзінен басқа, тағы да қабат-қабат мағына тұр ғой. Сонша күрестен соң тәуелсіздік алған мемлекеттер шынында да жаңа өмір – жасыл жапырақтардай емес пе? Аз сөзбен керемет көп айту осы болса керек. Біздің поэзиядағы жете алмай жүргеніміз осы» деп бір тоқтады. Расында да ешкімнің көңіліне тимей, жағасын жыртпай сөйлейтін мәйін мінезбен әсем ойын әдіптей білген.
«Нармахан желдің дірілін, шөптің сыбдырын, шегірткенің шырылын, ауаның ыстығын сезгіш, көргіш, жырлағыш. Алыстағы сыбызғының дауысын естігендей боласың. Оның өлеңдерін мен сағынып жүремін» деді Ғафекең тағы да таңдайы жібігендей рахатқа бөленіп. «Алыстағы сыбызғының дауысын естігендей боласың». Не дауыс.? Астарлаған. «Тәуелсіздік дауысы!» дегенді ашық айта алмаса да, келелі ойын кестелеп жеткізген.
Жалпы Ғафу ағасы Нармахан поэзиясы туралы үш рет үкілеп мақала жазған. Бір емес, үш рет! Неге? Қызыл империяның қырдан қашқан қызыл түлкідей айлалы саясатына қиядан шолып қиып түсетін қыран ақын керек еді. Қырағылықты шәкіртінен күтті. Сұлу жырынан сұңқардың мінезін көрді. Көрді де баптады. Арқасынан сипап аспанға ұшырды. Бір ауыз жылы сөзбен түу биікке түлетіп самғатты.
...Сонау тоқсаныншы жылдардың басында Нармахан ағамыздың елу жылдық мерейтойын атап өтуге жиырма шақты ақын-жазушы Алматыдан арнайы шығып, Ордабасыға атбасын тіредік. Темірландағы мәдениет сарайына жұрт лық толды. Поэзияға сусаған халық. Әуелі баяндама жасалды. Қол соғу. Қошемет. Сый-сияпат тапсыру басталды. Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы Нармахан Бегалиевтің қабырғаға іліп қоятын жұқалтақ тасбейнесін жасатып, сәлемдеме ретінде беріп жіберген екен. Жігіттер жол-жөнекей дуылдасып жүріп, тас сыйлықтың бір шетін сындырып алыпты. Онысын ешкім байқамаған. Құттықтау сөз сөйлеп, кенеп қаптың байлауын шешкен Ғафу Қайырбеков ағамыз сынып қалған сыйлықты көріп, сәл-пәл абдырап қалды. Бірақ байқатпауға тырысты. Қанша дегенмен ақын ғой. Өлеңдетті.
– Суреттің сынған шеті – жапан дала! – деп тоқтады. Сол сол-ақ, екен бірге ілесіп шыққан ақын інілері іліп әкетіп әрі қарай жалғады. Иранғайып:
– Біздегі қалғаны енді шапан ғана! – деді. Одан әрі Исрайыл Сапарбай жарты шумақты жалғастырды:
– Алты ай жол жүрсе де апамменен,
Сынбайтын, шаршамайтын Ғафаң ғана! – деп ыңғайсыздау жайтты әп-сәтте көңілді күйге айналдырып жіберді. Қандай тапқырлық. Жазба ақындарының жатыпатар суырыпсалма өлеңіне Ғафаң риза.
– Түйеге мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі. Қазақ – тумысынан ақын халық. Әйтсе де бүгінгі айтыскер ақындарымызға дәл осындай аяқ астынан айта қоятын тапқырлық жетпейді! – деп бір желпінгені бар.
– Баяғы бала кезімде сырнайын сызылтып Нартай ақын біздің үйге түсті. Тірі ақынды алғашқы көруім, – деді Нарағаң сол сапарда сыр ақтарып. – Қалың қара мұрты бар. Тісінің ірілігі басбармақтың көбесіндей. Сол атамның алдына отырып еркелегенім есімде. Аялы алақанымен басымнан сипады. Жеңгелерім жақсылыққа жорып, ырымдады ма, кім білсін, мені көпке дейін ақын атамның атымен атап жүрді. Ақындық жолға түсуіме Нартай атамның ықпалы қатты әсер етті. Әні қандай, сәні қандай! Содан кейін ауыз әдебиетінің інжу-маржандарына қызықтым. Тердім. Тереңіне сүнгідім. Біздің ауылдағы Бөген өзенінің батыс жағын жайлаған Ақберді деген ақын болыпты. Сол кісінің ел аузындағы қағытпаларын қағып алып, жаттауға әуестендім. Әуелгіде отбасын құрмай отырыңқырап қалған қызбен айтысы қызық көрінді. Тұрпатының тұрымтайдай ғана кішкентайлығына күле қарап, шау тартқан шалдығын тілге тиек еткен қызға Ақберді атамыз былай депті.
Елдің көркі кіреді шалы болса,
Жердің көркі кіреді малы болса.
Бидайдың ұзыны не, қысқасы не,
Қызарған қынабында дәні болса.
Бір естігенде-ақ жаттап алдым да: «Е-е, өлеңде де дән болу керек екен ғой», деп топшыладым. Ойға құрып, образ жасауды осы аталарымнан үйрендім, – деп алғашқы ұстаздарын ауыз толтырып айтқан еді.
Ол да бір дәурен екен-ау! Еліміз аяғын тәй-тәй басқан баладай тәуелсіздікті енді алып екпіндей бастаған кез еді. Содан бері де жиырма жыл өтіпті-ау. Жақында Нармахан ағаммен Шымкент шаһарында ұшырасып, шүйіркелестік. Есейген. Бегалының баяғы баласы емес. Өзі өзгермесе де сөзі өзгерген. Аузында мән бар, қауызында дән бар. Көшелі әңгімеге көшті:
– Қазақ жақсы көрген адамына: «Нұр жаусын!» деп тілейді. Мұның астарында Тәңірім игілікке жұмсалатын күш-қуат берсін деген тілек жатыр. Сол күш-қуат адамдардың бір-біріне жан жылуы арқылы ауысады, – деп кішкене кідірді де, «өткеннен күл алмай, от алған» кәнігі тарихшыдай өзінің өткен шағына азырақ шолу жасады.
– Жас кезімде ағаларымның ықылас-пейілін, аялы алақанының ыстығын көп сезіндім. «Лениншіл жас» газетінде әдебиет бөлімін меңгеріп отырған Жұмекен Нәжімеденов көкем студенттік жылдардағы бір-екі өлеңімді жариялады. Іле-шала Мұхтар Шаханов екеуі біздің ауылға мені іздеп келіп, жұмыссыз жүрген зайыбымды мектепке қызметке орналастырып кетті. Қуандық Шаңғытбаев аға өзімді көрмей тұрып-ақ өлеңдеріме шолу жасап, республикалық басылым арқылы, шығармашылығыма кең өріс тіледі. Ғафу Қайырбеков ағаекемнің орны бөлек. Бет-аузын көрмеген бейтаныс кезімде «Беласар» жинағына қолтаңбасын жазып, Алматыдан аудандық баспахананың директоры арқылы маған беріп жіберіпті. Ағамның ақ батасы үйімнің төрінде тұр.
Нармахан!
Қазақтың отты жырындай,
Көзіме ыстық басылдың.
Тұнығындай бар сырдың,
Сынығындай асылдың
Алыста кешкен жолыма,
Маржан болып шашылдың,
Құдайдан сонда тіледім,
Жолын қыл деп осы ұлдың.
Әмин!
Сырбай Мәуленов әкетай зайыбым Перне екеумізді үйіне арнайы шақырып, жілік ұстатып, өкіл бала етіп алды. Енді ойласам, солардың бәрі бетінен иманы тамған, маңдайы ашық кісілер екен. Осы оқиғалар мені рухани шыңдап, оқырман алдындағы жауапкершілігімді арттырып, жеңістің жолына жетелей түсті.
Шамасы осыдан отыз жыл бұрын-ау деймін, Темірландағы үйге жас сыншы Құлбек іздеп келді. Бұрын соңды көрмегем.Есік алдында жеңгесі екеуміз жер аударып, картоп егіп жатқанбыз. Құлбектің ол кезде қазіргідей ғылым докторы, профессор атағы жоқ, бірақ аты-жөні белгілі, қаршадай бала болса да қаламгер ретінде танылып қалған. Жеңгесі:
– Ақын-жазушылар жер қазып, еңбегін емген диқан сияқты. Ал сыншылар сол диқан өсірген жемістің піскен-піспегенін дәмін татып барып бағалайтындар. Мә, қайным, қолыңа күрек ұста! – деп Құлбекке жер қазғызып қойғаны бар. Бұл да болса дәстүріміз бойынша қайнысы мен жеңгесінің жарасымды әзілі. Содан бері ағайындығымыз артып, аға-інілі боп келеміз.
Қандай қасиеті бар екенін қайдам, Нарағаның үйіне соқпай кететін қаламгерлер кемде-кем. Ордабасы аудандық ішкі істер бөлімін басқарған полковник Құдияр Ибраевтың бағамдауынша «Нармахан – ақын – жазушылардың Темірландағы стансасы».
Ағам алай-дүлей толғанып, ертеректе жазған өлеңдерінен үзінді оқыды.
Қорғасындай у ойлар
Жасылымды жалмап бітер сыңай бар.
Бізден бұрын көресің деп,
Гомердің
Көзін ойған Олимптегі Құдайлар
Масқара ғой, масқара,
Адамдарда кесір егес, өшкен ар.
Пенделерге сенген күнің не болмақ,
Арал, Балқаш – даламдағы қос жанар.
Әңгіменің ауанын жеңілдетіп, ағамды басқа бағытқа бұрдым.
– Осы сіз орыстың классик ақыны Феттің өлеңдерін көп аудардыңыз. Неге? Әлде жаныңызға жақын ба? Біздің білуімізше сөзді мүсіндеген сөрелі ақын ғой. Орыс оралымдарын қазақшалаған тұста қиналған жоқсыз ба?
– Аударылмайтын сөз болмайды, аудара алмайтын ақын болады.
– Сөзіңізді бөлейін аға. Сіз «Құрмет» орденінің иегерісіз. Алты жыл бұрын мәскеуліктер сізге Константин Симонов атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты атағын беріп, омырауыңызға Алтын медалін тақты. Биыл жазда Мәскеуге арнайы шақырып, шығармашылық кешіңізді өткізді.
– Орыс сыншылары: «Фет өлеңдері үлбіреп көшіп бара жатқан бір шөкім ақша бұлт сияқты. Самалдың екпіндеп барып басыла қалатын демі еді. Оны басқа тілге қалай аударуға болады деп ойлайтынбыз. Сіз аудардыңыз. Тіпті «Лирика» деген атпен жеке кітап етіп те шығардыңыз. Фет өлеңдерінің қазақ тіліндегі сыңғырын, әдемі әуезі мен сазын тыңдайық», деді. Тәржімамды оқып біткесін отыз төрт жылдан бері Мәскеуде тұратын қазақ ақыны Аманғали Сұлтанов: «Аударма орысшасынан әлдеқайда әуенді», деп қазақ тілінің байлығы мен аударманың шеберлігін дәлел мен дәйек келтіріп айтқанда, бүкіл зал қол соқты.
Аудармаға үңілдік. Зерттедік. Зерделедік. Салыстырдық. Нармахан ағамыз ақынның айтар ойын арқау етіп алған да, өрнегін қазақы оюмен түрлендірген. Мысалы, орысша нұсқасы:
Ты помнишь, что было тогда,
Как всюду ручьи бушевали
И птиц косяками стадо
На север, свистья, пролетали.
Қазақшасы:
Құштарлығы құлпырған бұлақтардан,
Есіңде ме, атойлап қуатты арман;
Сұлу сусыл сусытып, топ-тобымен
Солтүстікке құс қайтқан жырақтардан.
Салыстырып көріңіз. Фетте жай ғана бұлақ. «Бұлақ тасып жатыр», дейді. Ал, аудармашы бұлаққа құштарлық енгізіп, жан бітіріп тірілтеді, атойлап, құлпыра түседі. Қазақшасының үшінші, төртінші жолы түпнұсқадан әлдеқайда әуенді.
Атам заманда атақты ғұламадан:
– Бір қап ұннан қанша нан шығады? – деп сұрайды.
– Дәл айта алмаймын, – депті ол
– Сіз ғұламасыз, данышпансыз, сөйте тұра қалай білмейсіз?
– Білмеген нәрсені өз ісінің маманынан сұраған жөн. Оны менен гөрі наубайшы артық біледі, содан сұраңыз, – депті ғұлама.
Алда-жалда Феттің өлеңдерін бір қап ұнға теңесек, Нармахан ағамыз наубайшы ғой. Яғни, маманы. Қай қаптан қанша ұн елеп, қанша нан пісіргенін қазақ оқырмандарына өзі айта жатар.
Өлеңдерін өрмектей тоқып, өрнектей білетін ақын ағамыз ағынан жарылыпты. Абыздық сарын.
Теңізбін деп даурықпай-ақ жатамын,
Осы мінезбен көкірегіме көшірермін жыр селін.
Күн махаббатты Отаным,
Амандығың болса болды бір сенің!
Қазақстан Жазушылар одағы құзырындағы Шымкент бөлімшесінің бөркін үкілеп ұстап отырған Әбділдә Аймақтан өзге оңтүстік өңірінде айтыс ақындарын былай қойғанда, сайдың тасындай Сатыбалды Дулати, Ханбибі Есенғараева, Әселхан Қалыбекова, Әмзе Қалмырза, Бөрғазының Өскені секілді бір қауым шаһар шайырлары бар. Солардың ішіндегі ең жас сүткенжесі Бақытжан Алдияр кездесуге келген жампоз жазушы Мархабат Байғұт ағасына:
– Марғасқа деген не, нарқасқа деген не? Екеуінің айырмашылығы бар ма? – деп тосын сұрақ қойыпты. Байсалды мінез Байғұтыңыз:
– Нарқасқа деген – Нармахан. Марғасқа деген – Мархабат. Соны да білмейсің бе? – деп әзілмен жауап қайырса керек. Әзіл емес, шындығы солай.
Көксеген ем,
Осындай да бір дәурен өтсе деп ем.
Уақыт кетіп барады көк асфальтта
Көк тамшы боп бір-бірін өкшелеген.
Марғасқаңыздың тілімен айтқанда, Нарқасқаңыздың махаббаты – ауыл. Туған жерінен кіндігі ажыраған емес. Өмір бойы деревняда ғұмыр кешкен Шолохов, Дағыстанын тастамаған Ғамзатов секілді оның қызығы да, шыжығы да – Ордабасы. Оңтүстік.
Мезгіл бір кез жасылға қойса малып,
Ұйпа-тұйпа боп қалды майса мамық.
Ұры сайдың жұлқынып жетегінде
Тулап-үркіп барады лайсаң ағып.
Әсте ырғағын наурыздың жас нұрдағы,
Сезінуде таулардың тас құндағы.
Қабілеті қамаулы,
Обал болды
Топыраққа асфальттің астындағы.
Нарқасқа ақынның нақышы бөлек, бояуы қою. Айтпақ ойын бір қасық сумен қылқ еткізіп жұта алмайсың. Кім қалай түсінеді? Ол – оқырманның пайым-парасатына байланысты. Қалай қабылдасаң да ішіңнің қан жылайтыны хақ. Бұл не? Ұлттық өнердің аяқасты болуы ма? Таланттың тапталып, тұншықтырылуы ма? Әлде әдет-ғұрып, дәстүріміздің көміліп бара жатқаны ма? Оқырманға ой тастап, жетелейді.
...Ақындар да арғымақ сияқты. Жыр додасын аңсайды. Поэзия дүбірін естігенде қос құлағын қайшылап, тықыршиды. Белдеудегі тұлпардай бебеулеп, тыпыршиды.
Нарқасқа ақын – бәсең жүріп бәйге алатын сұлу жырдың сәйгүлігі.
Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстан Республикасы Президенті
сыйлығының лауреаты.
Суретті салған Т.Кәрібеков.