Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында әлемдік азық-түлік рыногында еліміз көшбасшы болуы керек, ол үшін жаңа технологияны қолдану, мал шаруашылығына қажет кешендер мен тауарлы-сүт фермаларын қазіргі күн талабына сай салу қажеттігі айтылған болатын.
Жақында Шығыс Қазақстан облысына Елбасы Жолдауында көрсетілген негізгі қағидаларды түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері келіп, облыс орталығындағы «Казцинк», «Өскемен титан-магний комбинаты», Катонқарағай, Тарбағатай, Глубокое, Зырян аудандарында, Өскемен, Риддер қалаларында тұрғындармен жүздесті. Біз өңірдегі агроөнеркәсіп саласы қызметкерлерімен, шаруа қожалықтары иелерімен, халықпен жүздесуге ақпараттық-насихаттық топ құрамында келген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаевамен бірге өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған Зырянға сапар шектік.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Д.Селиханов, Зырян ауданының әкімі Е.Сәлімов насихаттық топтың мүшелерін Зырян ауданына қарасты Чапаев ауылдық округінің рапс дақылын орып жатқан диқандарына ертіп келді. Биыл аудан диқандарының көңілдері көтеріңкі, егіннің 85 пайызын орып алған, түсім жақсы, гектарынан 17-19 центнерден астық бастырылуда. Ал күнбағыстың шығысы ерен, гектарынан 30-40 центнерден айналуда. Е.Сәлімовтің айтуынша, үстіміздегі жылдың сегіз айында 22 миллиард 412 миллион теңгенің өнеркәсіп өнімдері шығарылған. 2880,8 тонна ет, 14267,8 тонна сүт, 7 миллион 106 мың дана жұмыртқа өндіріліпті. Мал басын асылдандыру, ет, сүт кешендерін салуда да ізденіс пен ілкімділік танытылуда.
Г.Исаева жиналғандарға елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» бағдарламасының өміршеңдігіне кеңінен тоқталып, нақты цифрлар келтірді. Таяудағы 7-8 жылға арналған бағдарлама шынында да керемет. Ол, ең алдымен, шаруа қожалықтары мен фермерлердің шаруасын шыр көбелек айналдыруға жағдай жасайды. Бұған дейін фермер қаржының тапшылығына және мал сатып алу мен оны өсіруге қиналатын болса, бұдан былай әр сиырға 15 мың, саулыққа 1,5 мың, ал жылқыға 16 мың теңге субсидия берілмек. Ескертетін жағдай, мұндай жеңілдіктер тек шаруа қожалықтары мен фермерлерге беріледі. Ал бағдарламаны 2013-2020 жылдары іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттерде көзделген жалпы шығыстар 3 триллион 122,2 миллиард теңгені құрайды. Мәселен, биылға 339,7 миллиард теңге бөлінсе, келер жылға 466 миллиард теңге бөлінеді. Ал бұрын-соңды болмаған мұндай қаржыға не істеуге болады?
Гүлмира Солтайбайқызы оған нақты деректер келтірді. Ғылым докторы, осы саланың қыр-сырын жетік меңгерген вице-министрдің айтуынша, қожалық иелері мен фермерлер тауарлы-сүт фермасын жүзеге асырғысы, шаруашылықтың техникасын жаңғыртып, құс фабрикаларын тұрғызғысы келсе немесе ауылдың еңсесін көтеріп, ауыл адамдарын жұмыспен қамтамасыз етуде тың істерді атқаратын болса, Үкімет оған жан-жақты қолдау, көмек көрсетпек. Тек бизнес-жобаны жасап, оны қорғап шығуға тиіссіз. Зырян ауданындағы шаруа қожалығының төрағасы Петр Дягилев мемлекеттен несие алудың қиындығы жоқ екенін, өзінің тауарлы-сүт фермасы, мал кешендерінің жұмыс істеп тұрғанын, мал басын асылдандыру кезінде субсидия алғанына алғысын білдірді.
– Бірақ қазіргі ең үлкен проблема – жұмыс күшінің тапшылығы, жастардың ауылды тастап, қалаға жаппай кетіп жатқаны, – деді Петр Федорович. – Өзім Алматыда тудым, зоовет институтты бітірген соң жолдамамен осында келдім, ол кезде үш жыл жұмыс істеуге тиіс болатынбыз. Алайда, табиғаты тамаша өңірде тұрақтап қалдым, мұндағы тамаша адамдармен дос, 53 жыл бойы көрші болдық. Шіркін, жастардың бойында осындай қасиеттер болса ғой.
– Бұл проблема барлығымызды толғандырады. Институт бітірген жастар ауылға келгенде оларға пәтер беріп, басқа жағдайды жасаса тұрақтап қалатыны белгілі. Демек, аудан, ауыл әкімдері оларға қамқорлық жасауы керек. Мәселен, сіздің облыста дәрігерлерге тұрғын үй беріле бастапты. Бұл іс жалғасады деген ойдамын, – деді вице-министр.
Кездесуде марал өсірумен шұғылданатын, омарта шаруашылығын ұстау арқылы мемлекетке жүздеген тонна бал тапсырып жатқан қожалық иелері осы екі салаға субсидия бөлінсе деген тілегін жеткізді. Г.Исаева бұл салаға да министрліктің көңіл бөліп отырғанын, алдағы уақытта субсидия бөлу мәселесі шешілетінін тілге тиек етті.
Ертеңінде вице-министр облыстық ауыл шаруашылығы бірлестігінде, Ф.Абитаев басқаратын серіктестікте болып, ауыл шаруашылығы мамандарымен Елбасы Жолдауы жөнінде әңгіме өткізді. «Агробизнес-2020» бағдарламасы арқылы ауылдар мен ауыл адамдары тынысын ашып қана қоймай, болашаққа батыл қадам жасайтынын аңғардық.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Зырян ауданы.
Суретте: Чапаев ауылдық округінің егістік даласындағы емен-жарқын әңгіме.
Суретті түсірген автор.