02 Қазан, 2013

Жайылымдық қой шаруашылығы егер тиімді ұйымдастырса пайда көзі болғалы тұр

1173 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қой өсіру қазақтың атакәсібі екені жасырын емес. Әрине, халқымызда бұдан басқа кәсіп болмады деген ойдан аулақпыз. Дегенмен, қазақтың қой өсірудің қыр-сырын жетік меңгергені анық. Малдың қамымен, шаруаның жайымен көшпелі өмір тәжірибесін қалыптастырған ата-бабамыз жайылымды қалай пайдалану керектігін, қай өңірді жылдың қай мезгілінде жайлап, қыстау керектігіне дейін білген. Елімізде жайылым да жетеді. Табиғи жайылымның өзіне 190 миллион гектар көлеміндегі жер тиесілі екен. Осыншама табиғи жайылым қорларының 75 пайызы шөл және шөлейт аймақтарға орналасқандықтан көбі пайдаланылмай жатқанын да мамандар айтып жүр.

Қой өсіру қазақтың атакәсібі екені жасырын емес. Әрине, халқымызда бұдан басқа кәсіп болмады деген ойдан аулақпыз. Дегенмен, қазақтың қой өсірудің қыр-сырын жетік меңгергені анық. Малдың қамымен, шаруаның жайымен көшпелі өмір тәжірибесін қалыптастырған ата-бабамыз жайылымды қалай пайдалану керектігін, қай өңірді жылдың қай мезгілінде жайлап, қыстау керектігіне дейін білген. Елімізде жайылым да жетеді. Табиғи жайылымның өзіне 190 миллион гектар көлеміндегі жер тиесілі екен. Осыншама табиғи жайылым қорларының 75 пайызы шөл және шөлейт аймақтарға орналасқандықтан көбі пайдаланылмай жатқанын да мамандар айтып жүр.Таяу жылдарда экспортқа 60 мың тонна ет шығару міндеті қойылып отыр. Бұл қой шаруашылығын дамытуды алға тартады. Ал, нарықтық жағдайда әр мүмкіндік тиімді пайдаланылса ғана ұтымды болмақ. Ғалымдар нарықтық жағдайда қой өсірудің тиімділігін дәлелдеп берді. Алайда, қой санын кеңестік кезеңге жеткізе алмауымыз неліктен? Статистикалық деректерде өсім бар, бірақ мардымсыз. Мұндай жағдай Ақтөбе облысына да тән десек артық айтқандық болмас. Әрине, жоспарлы экономиканың сан қуған, көрсеткіш қуған көріністерін қайталаудың керегі болмас. Дегенмен, қой шаруашылығын дамытуға түбегейлі бетбұрыс жасайтын кез жетті. Мұны нарықтық қатынас та, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету талабы да алға тартуда. Қой санын көбейтпейінше бұл бағытта табысқа жету қиын. «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп қазақ тегін айтпаса керек. Көл-көсір табысқа кенелу үшін бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуі тиіс. Соның бастысы, Үкімет қолдап отырған шалғай жайылымдық қой шаруашылығын дамыту болмақ. Бұл бағытта жайылымдық жерлерді тиімді пайдаланудың бәсі арта түседі. Облыста есепте бар 25,3 миллион гектар жайылымдық жердің 6,9 миллион гектары меншік иелері мен жер пайдаланушылардың еншісінде. Осыншама жердің 55 пайызы суландыруды қажет етеді. Ал, 15,8 миллион гектары мемлекеттің меншігінде болғанымен, су көздерінің жоқтығынан, инфрақұрылым болмағандықтан және жердің азуынан пайдаланылмай отыр.

– Кеңестік кезеңде қой шаруашылығын дамы­тумен облыстың оңтүстік, оңтүстік-батыс, шығыс және орталық аумағында орналасқан сегіз ауданы айналысты. Бұл аудандар шалғай жайылымдық жерлердің басым бөлігіне ие және табиғи ауа райы жағдайы қой шаруашылығын дамы­туға қолайлы. Облыстың бұл саласында етті-май бағытындағы қой тұқымдарын өсі­ру­ге басымдық берілуде. Үстіміздегі жылғы 1 қаң­тарда облыста 847657 қой есепке алынды. Өңір­де қойдың еділбай, қазақтың құйрықты, қыл­шық және қылшық жүнді, сондай-ақ, цигай тұқымдары өсіріледі. Қазір бір асыл тұқымды зауыт және он асыл тұқымды шаруашылық бар. Олар облыстың тауар өндірушілеріне жылына 2500-3000 элиталы төлдерін сатады. Өткен жылы республикада бірінші рет шалғай жайылымдық қой шаруашылығын дамытудың қанатқақты жобасы Байғанин, Ойыл, Шалқар және Ырғыз аудандарында жүзеге асырыла бастады. Осы қанат­қақты жоба бойынша шаруа қожалықтарына жеңіл­де­тілген несиемен 20 мыңнан астам саулық және асыл тұқымды қошқар сатып алынды. Биыл осы аудан­дарға тағы төрт аудан қосылып, кеңес заманы­нан қалған жайылымдық жерлерді игеру қолға алынды. Осының арқасында алынатын қой са­нын 100 мыңға және алыс жайылымдыққа ор­на­­лас­тырылатын қой санын 1 миллионға жеткізу көз­делуде, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әнуар Маханов.

Алайда, бұл жерде шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Ол алыс жайылымдық жерлерді суландыру, энергия көздерімен қамтамасыз ету болып табылады. Суландырған жағдайда шалғай жайылымдық мал шаруашылығы үшін 10 миллион гектарды игеруге мүмкіндік бар көрінеді. Біз бұл мәселені шешу жұмыстары қандай деңгейде дегенді Әнуар Махановтың алдына көлденең тарттық.

– Қазір малды суару үшін 445 шахталы құдық бар, сонымен бірге 218 құдық толық қалпына кел­тіруге жатады. Қосымша 621 құдық қазу керек. Скважиналарды бұрғылауға, құрылысын жүргізуге және жөндеуге мол қаржы қажет. Шаруашылық құрылымдарының бұған күші келмейді. Осы мәселені шешу үшін облыстық әкімдік «КШК30Ф» бұрғылау қондырғысын сатып алуға несие бағдарламасын қарастыруда. Электр қуатына келсек, 451 шалғай жайылымдағы қыстаулардың небәрі 21 пайызы ғана қамтамасыз етілген. Бұл мәселені шешудің бір жолы баламалы электр қуаты көздерін алуды «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидиялау болып табылады. Бұдан басқа күн сәулесімен және желмен жұмыс істейтін электр қондырғыларын қаржыландыру мәселесін облыстық әкімдік шешті, – дейді ол.

Оның мәлімдеуінше, «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында 2014 жылдан бастап шалғай жайылымдық қой шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарының ішкі құрылым салуға жұмсалатын шығындарын республикалық бюджет қаржысы есебінен 50 пайызға дейін субсидиялау қаралған. Бұл да фермерлік шаруашылықтар үшін мемлекет тарапынан қолдау болмақ, әрине. Сондай-ақ, фермерлердің ауылдағы малы, техникасы, қорасы кепілдікке алынатын болды.

«Толағай» шаруа қожалығында болғанымызда асыл тұқымды еділбай қойының мүмкіндігін көріп, сүйсінгенбіз. Асыл тұқымды деп жүрген шаруашылықтардың кейбірінің қойлары олардың қасында жіп есе алмайтыны анық. Құйрықтары тегенедей дөңгеленген шымқай қара ірі саулықтарды арнайы сырт көзге көрсету үшін іріктеп қойғандай.

Осыны аңғарғандай шаруа қожалығының басшысы Ұлан Шыңбаев бауырымыз әңгіме желісін асыл тұқымды мал төңірегінде өрбітті. Ол о бастан-ақ, асыл тұқымды еділбай қойын өсіруге бағыт ұстанған екен. Бұл мақсаты орындалған сияқты. Отарындағы қой саны жыл сайын өз төлі есебінен көбейіп келеді. Осы «Толағай» шаруа қожалығында асыл тұқымды еділбай қойын өсіруге арналған облыстық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізіліп тұратын көрінеді. Ал, шаруа қожалығы асыл тұқымды шаруашылық атағын алған. Өткен жылы мал азығын дайындауға Үкіметтен 200 мың теңге субсидия алды. Жылына 150-200 қой сатады. Биыл да асыл тұқымды шаруашылық ретінде етке берілетін судсидиядан дәмелі. Мұның бәрі шаруа қожалығын ұстауға, жұмысшылармен есеп айырысуға жетіп жатыр.

Осындайда өз көзімізбен көрген шалдардың мал бағу шеберліктері тағы бір еске түседі. Ойыл ауданы «Қараой» ұжымшарының қойшысы Балай Өскенбаев кезінде еділбай қойының әрқайсысының орташа салмағын 90 килограмнан асырып етке тапсырды деген дерек бар. Тіпті, сол қойлар қар қалыңдап қатайғанша тебін­деген дейді білетіндер. Бұл жайылымдық қой шаруа­шылығын дамытуға таптырмайтын тұқым емес пе? Қазір ғылым тіліне сенсек, асыл тұқымды шаруа­шылықтар бар, бірақ, нәтижесі онша емес. Қой­дың мәліметтік деректерін тәптіштеп тізуден аспай жүрген жоқпыз ба деген ой да қылаң береді осындайда.

Кеңестік кезеңде қозылардың ірілерін іріктеп етке тапсырып, орталыққа асырғаны да белгілі. Мұның да әсері болған шығар. Мал тұқымын асылдандыру соңғы жылдары ғана қолға алынуда. Бұл жұмыстың нәтижесін бүгін-ертең көрмедік деуіміз артық болар, бәлкім. Алайда, бұл жұмыс жүйелі жүргізілуі тиіс. Сонда ғана қайтарымды болмақ.

Шалғай жайылымдық қой шаруашылығын дамыту үшін суландыру мәселесін шешу қажет. Сол кеңшар-ұжымшарлардың жайылымдықтарындағы бұрынғы су көздерін, құдықтарды қалпына келтіру де күн тәртібіндегі мәселе. Сол құдықтардың бетон сақиналары қолды болып, бітеліп қалғаны болмаса, кейбіреулерін қайта қазса, су да шығуы мүмкін ғой. Бұны су қорын зерттеуге қосымша қаржы шығармай-ақ, мәселені шешудің бір амалы ретінде қарастырса да артық болмас еді.

Қой етін өткізу де өзекті мәселе. Бірақ, дүкен­дерде өтпей тұрған қой етін көрмейсіз. Облыста анабір жылдары қозы етін шетелге шығару бас­талды да кейін ұмытылды. Бұл да ойластыруға тұрарлық бастама болатын. Бұл бастаманы қайта қолға алудың жолдарын қарастыру керек сияқты. Жалпы, жайылып өсірілген мал етінің сапалы әрі дәмді болатыны белгілі. Ең бастысы – ұлан-ғайыр жайылымдық жерлеріміздің игілігін тиімді пайдалану ғана ел экономикасын дамытуға ықпал етер фактор ретінде қарастырылуы керек-ақ.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.