02 Қазан, 2013

Қаржы секторы қайтсе дамиды?

85 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-та «Қазақстан Респуб­лика­сы индустрия­ланды­ру бағдарламасын қаржы­ландыру жобасын жетілдіру» жөніндегі басқарушы ко­ми­теттің екінші отырысы өтті.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-та «Қазақстан Респуб­лика­сы индустрия­ланды­ру бағдарламасын қаржы­ландыру жобасын жетілдіру» жөніндегі басқарушы ко­ми­теттің екінші отырысы өтті.

Оған Қаржы министрі Б.Жәмішев, «Атамекен» одағы» ҚҰЭП президиум төрағасы Т.Құлыбаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қ.Бишімбаев, McKinsey (МакКензи) жаһандық зерттеу­лер институтының директоры Ричард Доббс, «Ракурс» экономикалық сараптама орталығының директоры О.Жандосов, екінші деңгейлі банктердің басшылары, халықаралық сарапшылар қатысты.

Отырыста сарапшылардың ел эко­но­ми­касының маңызды секторларындағы ахуалына қатысты жасаған сараптамалары тыңдалып,   экономикаға тартылатын инвестиция көлемін арттыру үшін қаржы секторын жетілдіру бағытындағы шараларға қатысты ұсыныстар жасалды.

Сарапшылардың тұжырымы бой­ын­ша, ішкі жалпы өнім өсімін 7 пай­ызға жеткізу үшін 2013- 2020 жылға дейін 80 млрд. доллар шетелдік инвестиция тарту керек. Бұл шамамен жылына 10 млрд. долларға жуық. Бұл инвестицияларды отандық жеке сектордан және де тікелей шетелдік инвестициялық құйылымдар арқылы тартуға болады.

Қазіргі жағдайда екінші деңгейлі банктер «нашар» несиелердің қордалану мәселесін шешуге аса мүдделілік танытып отырған жоқ. Борышты өндіру процесі ұзаққа созылады, салыққа қатысты түйткілдер туындайды, әрі бұл мәселені шешудің айқын әдіс-шаралары қарастырылмаған. 2008-2010 жылдардағы дағдарысқа дейін банктер несиелерді кепілдендіру құралдарын сараптауға ерекше көңіл бөлген де, қарыз алушылардың бизнесін саралауға, салалық біліктілікті дамытуға тиісті мән бермеген. Осының салдарынан NPL көрсеткіші дағдарыстан кейінгі кезеңде жоғары күйінде қалуда.

Сарапшылардың пікірі бойынша, іш­кі қор нарығын KASE-ның (Қа­­зақ­­стан қор биржасы) өтімділігін ак­ция­ларға сұранысты да, эмитент­тер тара­пы­нан ұсынысты да ынталан­ды­ру ар­қы­лы көтеруге болады. Са­рап­­­шы­­лар мемлекеттік компания­лар­­­ды KASE арқылы ішінара же­ке­­ше­­­лен­ді­руді ұсынып отыр (мысалы, IPO бағдарламасын жандандыру арқылы).

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, қазір қаржыландыру көз­дері нақтыланып, бұл ресурстарды экономикаға тартудың тиімді меха­низмдері мен әдістері қарас­ты­рылуда. Егер экономиканың ағымдағы жағдайын алатын болсақ, соңғы бес жылда жеке инвестициялардың, соның ішінде шетелдік инвестициялардың, банктердің үлесі азайып, керісінше, мемлекеттік сектор тарапынан инвестиция салу ау­қымы айтарлықтай артқан. Сондықтан мем­лекеттік бюджетке түсіп отырған сал­мақты азайту үшін инвестицияның негізгі бөлігі жеке сектор мен шетелдік қар­жы көздерінен тартылатындай жағ­дай жасау керек.

«Егемен-ақпарат».