Бұл жолы да сол ізбен көлік жөндеу мамандығының қыр-сырын меңгерген майталманды мақаламызға арқау етпекпіз. Ол – Қазталов ауылының тумасы Ербол Идрисов. Мақаламыздың басын оқығандар: «Ой, мұның несі қызық, кәсіп жасап ақша тауып жүр ғой» деп ойлауы да мүмкін. Бірақ мақаламыздың барысында Ербол бұл кәсіпті ақша үшін емес, жеке қызығушылығынан жасап жүргеніне көз жеткіземіз.
Ендеше бәрін басынан бастайық. Ербол Талапұлы ұзақ жылдардан бері аудан орталығындағы облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты №11 өрт сөндіру бөлімінде көлік жүргізуші болып жұмыс істейді. Азаматтық қорғау аға сержанты Ербол күнделікті қызметімен қатар көлік жөндеумен айналысады. Көлік жөндегенде екінің бірінің қолынан жөндеу келе бермейтін соғылған, майысқан көліктерді қалпына келтірумен айналысады. Соның ішінде өзі қызмет жасап жүрген бөлімнің 4 қызметтік көлігін жөндеп, әріптестері алдында шебер ретінде танылған. Ретін тауып, мақаламыздың кейіпкеріне жолықтық.
– Оқушы кезімнен техникаға өте үйір болдым.
Техникаға деген қызығушылығым қазіргі мамандығымды таңдауыма себеп болды. Мен көбіне жұмыста жүрген кезімде қызметтік көліктерді жөндеумен айналысамын. Маған әркез әріптестерім қолдау білдіріп, көмектесіп жүреді. Атап айтар болсам, Бейбіт Өтебаев, Біржан Ахметов, Ербұлан Тілекеш, Роман Қарабаевтардың еңбегі зор. Алғаш рет біздің бөлімдегі УАЗ автокөлігін жөндеп, жаңа түске сырлап шықтық. Жаман болып шықпаған секілді. Ал үйде жақындарымның көлігі болмаса, басқа адамдардың көлігін қарамаймын. Бұл кәсіп емес, қосымша әуестігім деуге болады. Көлік жөндеп, табыс тапқан емеспін, – деп ағынан жарылды. Ерболдың қайта жөндеген көліктерін көргенде: «Жаңа ғана салоннан шыққан ба?» деп ойлауыңыз мүмкін.
Ол жақында әріптестерімен бірге ЗИЛ маркалы өрт сөндіру автокөлігін жаңа мәшинедей жайнатып шығарған. Жуырда олар №11 өрт сөндіру бөлімі атынан облыстық төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырып жатқан «Үздік жөндеу бөлімі» сайысына қатысады. Сол жерде облыс бойынша арнайы техниканы жақсы күтіп ұстаған бөлім марапатталатын болады. Ал біздің кейіпкеріміздің шеберлігі сол жерде жоғары бағаға ие болары сөзсіз.
Қайрат ЖАҚЫП
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауданы