Аймақтар • 28 Мамыр, 2020

Ақмолада тегін дәрі-дәрмекпен қамту ісі жүйелі жүргізіліп жатыр

116 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінде облыс бойынша 100 мыңнан астам адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Өңірдегі емханалар жанынан дәріханалық бекеттер бірыңғай жүйе бойынша жұмыс істеп тұр. 

Ақмолада тегін дәрі-дәрмекпен қамту ісі жүйелі жүргізіліп жатыр

Өңірде тегін дәрі-дәрмек алуға мұқтаж жандардың қатары көп. Арнайы босатылыммен берілетін дәрілердің кейбірінің бағасы сырқат жандар үшін тым қымбат екені де рас. Әсіресе, созылмалы ауру диагнозы қойылғандардың қалтасына ауыр тиеді.

Көкшетау қаласындағы №1 емханада тегін-дәрі-дәрмек алатындардың тізімінде 19 мыңнан астам адам бар. Ал, мемлекет тарапынан тегін үлестірілетін препараттардың тізімі 14-15 аурудың түрі бойынша беріледі.

– 8500 сырқатқа дәрі-дәрмек қан қысымының төмендігіне байланысты берілуде. Сондай-ақ ишемиялық жүрек ауруы, артериялық гипертония, аритмия, созылмалы  және  онкологиялық ауру түрлері бойынша  да дәрі-дәрмектер тегін босатылады. Оларға байланысты әлдебір қиындықтар туындап отырған жоқ. Барлығы жеткілікті мөлшерде, – дейді №1 қалалық емхананың провизоры Анна Юха.

Денсаулық сақтау басқармасы карантин кезінде де тегін дәрі-дәрмектерді  жеткізуде еш қиындықтың болмағанын айтады. Шетелден шығарылған препараттар да жеткілікті. Биыл облыс бойынша тегін дәрі-дәрмек сатып алуға қазынадан 5 млрд  теңге бөлінген.