Павлодарда Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Халық денсаулығын қорғау жөніндегі мемлекеттік саясат және Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы аясында денсаулық сақтау жүйесін құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру шаралары туралы» тақырыбы бойынша көшпелі отырысы болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Павлодарда Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Халық денсаулығын қорғау жөніндегі мемлекеттік саясат және Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы аясында денсаулық сақтау жүйесін құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру шаралары туралы» тақырыбы бойынша көшпелі отырысы болды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Сенаторлар облыстық мәслихат депутаттарымен, дәрігерлер қауымымен және үкіметтік емес ұйымдармен денсаулық сақтау жүйесінің құқықтық негіздерін жетілдіру мәселесін, атап айтқанда, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясындағы жұмыстардың барысын талқылады.
Дәрігерлік қызмет көрсетулерге қол жеткізу және олардың сапасы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, дәрігерлік мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, медициналық академиялар түлектерін қызметке орналастыру, медицина саласы қызметкерлерін қайта даярлау және біліктілігін арттыру, балалар және перзентхана мекемелерін қазіргі заманғы дәрігерлік құрал-жабдықпен жабдықтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов айтқандай, өткен жылы халық денсаулығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауда елеулі табыстарға қол жетті. 2013 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі Ішкі жалпы өнімнің 3,8 пайызына жетті. Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ағымдағы үш жылдық кезеңде республикалық бюджетте 1 641,1 миллиард теңге қарастырылып отыр.
Шараға қатысушылар, сонымен бірге, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі стратегиялық міндеттің аясында денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру қажет, деп санайды.
«Халықты дәрігерлік көмекпен түгелдей қамтуды қамтамасыз ете алатын мемлекеттік кепілдіктің төменгі стандартын белгілеу маңызды міндет болып отыр. Сонымен бірге, әлеуметтік әлсіз топтар және ерекше әлеуметтік сырқаттарға арналған жеке бағдарламалар іске қосылуы тиіс», деп атап өтті А.Бижанов.
Отырыста Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын, Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусинов, облыстық мәслихаттың депутаты, Павлодар облысы әкімдігінің жанындағы емделушілер құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Айман Оспанова, дәрігерлік мекемелердің, дәрі-дәрмек жасаушы компаниялардың, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары сөз сөйледі.
Комитеттің көшпелі отырысы аясында сенаторлар қалалық емханада, аймақтық кардиология орталығында, Кенжекөл ауылындағы дәрігерлік амбулаториясында, облыстық жедел жәрдем стансасында және «Баянтау» спорт сарайында болды.