Аймақтар • 29 Мамыр, 2020

Ұлттық парктер – Қазақстандағы экотуризмді дамытудың негізі

1437 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Республикалық ұлттық табиғи парктерде экологиялық туризмді дамыту туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады, деп хабарлады Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Ұлттық парктер – Қазақстандағы экотуризмді дамытудың негізі

Хабарламада айтылғандай, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бірқатар елдердің (АҚШ, Андорра, Австралия және т.б.) халықаралық тәжірибесін зерттеді, онда экологиялық туризмді дамытудың негізгі принциптері айқындалған. Шет елдерде маңызды табиғат объектілердің сақталуын қамтамасыз ете отырып, кешенді тәсілдері қолданылады. Халықаралық тәжірибе негізінде Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мастер-жоспары әзірленді. Атап айтқанда, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде эко-туризмді дамыту мастер-жоспарының негізі ретінде өзінің жұмыс істеуі мен табысты дамуының жүз жылдық тарихы бар ұлттық парктер жұмысының американдық моделі алынды.

Бүгінгі таңда, Қазақстанның ұлттық парктерінде туристік соқпақтарға, кемпингтерге, заманауи санитарлық кабинкаларға және өзге де инфрақұрылымға деген қажеттілік байқалуда. Аталған мастер-жоспарды іске асыру шеңберінде Іле-Алатау паркінде заманауи визит-орталықтар, медициналық пунктер, глэмпингтер, кемпингтер, этно-ауылдар құру, маршруттар мен соқпақтарды абаттандыру және дамыту көзделеді және т.б.

Жоғарыда аталған барлық жұмыстарды бақылауды ұлттық парк жүзеге асыратын болады. Туристік нысандардың құрылыс мәселелері ұлттық парктің жанындағы үйлестіру кеңесінің отырысында талқыланатын болады.

Бірінші кезеңде Аюсай шатқалында заманауи визит-орталығын салу жоспарлануда, мұнда келушілер ұлттық парк туралы қажетті ақпаратты алады және өздеріне демалыстың оңтайлы түрін таңдайды.

Ұлттық парктің аумағына келушілердің қолайлы қатынауын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік сипаттағы нысандар салу, оның ішінде тау соқпақтарын, қарау алаңдарын, көпірлерді абаттандыру және автотұрақ орындарын жайластыру көзделген.

Инвесторға жалпы аумағы 35 гектар болатын Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Каменка, Талғар, Көкбастау және Түрген орман шаруашылықтары шекараларының шегінде жер учаскелері пайдалануға берілді. Инвестор кезең-кезеңімен 10 заманауи визит-орталықтар салу, 155 км астам жаяу маршруттар жайластыру және тағы басқа жұмыстарды жоспарлауда.

Жоба аралас салаларда жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді, кәсіпкерліктің дамуын және туризм саласындағы жоғары білікті кадрлардың өсуін қамтамасыз етеді. Инвестор барлық жұмыстарды қоршаған ортаға зиян келтірмей іске асырады, ал тұрғызылатын құрылымдар заманауи экологиялық материалдардан әзірленеді.

Сонымен қатар қазіргі уақытта қалған мемлекеттік ұлттық табиғи парктер бойынша ұқсас эко-туризмді дамытудың мастер-жоспарлары әзірленуде. Айта кетерлігі, ұлттық парк бұрынғыдай кез-келген қазақстандық үшін баруға қолжетімді болады.Туристік орталығы және соқпақтар тегін болады, келушілерге парк аумағы неғұрлым ыңғайлы, қауіпсіз және барлық заманауи талапқа сай болады.