Сұхбат • 29 Мамыр, 2020

Саналы ғұмырын санитариялық-эпидемиологиялық қызметке арнаған дәрігер

706 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биылғы 27 мамырда Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің 13-отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев санитариялық-эпидемиологиялық қызметті күшейту, жаңа комитет құру, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің мәртебесі мен беделін арттыру қажеттілігін атап өтті.

Саналы ғұмырын санитариялық-эпидемиологиялық қызметке арнаған дәрігер

Санитариялық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру мәселелеріне байланысты сауалымызды, біз 40 жылдан астам бүкіл саналы ғұмырын республикамыздың санитариялық-эпидемиологиялық қызметін құру мен жақсартуға арнаған, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің ардагері, жоғары санаттағы дәрігер Бақытгүл Тілеубековаға жолдаған едік

Бакытгүл Төлеуханқызы, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің халық денсаулығын сақтау жүйесіндегі рөліне тоқталып өтсеңіз.

– Мемлекет Басшысының санитариялық-эпидемиологиялық қызметті күшейту, жаңа комитет құру, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің мәртебесі мен беделін арттыру туралы шешімі дер кезінде қабылданған шешім.

Қазіргі таңда қоғамда болып жатқан коронавирус пандемиясы жағдайында мемлекеттік шекаралар, оның ішінде әуе, автомобиль және теміржол көліктерін өткізу пунктерінде тәулік бойы санитарлық-эпидемиологиялық іс-шараларды, азаматтарға медициналық бақылауды жүргізуде аталмыш мамандарының еңбегі орасан зор.

Халық денсаулығын сақтау ісінде еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлері, олардың ішінде, менің әріптестерім - санитарлық дәрігерлер де, әрқашан ерекше құрметке ие болуларын қалаймын, себебі, медицина кәсібі - адамгершіліктің асылы.

– Сіз көп жылдар бойы Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінде,  кейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде жұмыс істедіңіз. Бұл жас мемлекеттің қалыптасу жылдары болды ғой?

– Алдымен осы арада тәжірибе жинақтауға жол ашып берген өз өмірбаяныма аздап тоқтала кетейін. Мен 1974 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтының санитариялық-гигиеналық факультетін бітіріп, ЖОО аяқтағаннан кейін ШҚО Бесқарағай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық станциясына санитарлық дәрігерлік қызметке жолдама алдым. Алдымен санитарлық дәрігер, кейіннен Талдықорған облысының аудандық СЭС балалар және жасөспірімдер гигиенасы бөлімшесінің меңгерушісі және Алматы қаласы Әуезов аудандық СЭС коммуналдық бөлімшесінің меңгерушісі болып қызмет жасадым. 1983 жылы Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бас басқармасының эпидемиолог дәрігері қызметіне шақырылдым. 1996 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау бас басқармасы және Мемлекеттік санэпидбақылау комитетінің санитариялық-гигиеналық  бақылау және сараптау бөлімінің басшысы, ал 2004 жылдан 2009 жылға дейін – басқарма басшысы болып қызмет атқардым.

КСРО таратылып және жас мемлекеттің қалыптасу жылдарында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет бойынша еліміздің нормативтік құқықтық базасын құру қажеттілігі пайда болды да, Қазақстанның санитариялық-эпидемиологиялық қызметін реттеуші 500-ден астам нормативтік құқықтық актілер (заңдар, Үкіметтің қаулылары, ережелер, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар, әдістемелік ұсынымдар, нұсқаулықтар) әзірледік.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» алғашқы Кодексті, азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі бойынша заң жобасын, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты халықаралық нормаларға сәйкес үйлестіріліп қабылданған екінші заң жобасын, техникалық регламенттерді дайындауға, халықаралық ынтымақтастық шеңберінде үкіметаралық келісімдерді жүзеге асыруға қатысқанымды мақтан тұтамын.

1996 жылы КСРО Көлік министрлігінің қарамағындағы көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық қызметті қоса отырып, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бірыңғай жүйесі ұйымдастырылды және еліміздің аумағына карантинді және аса қауіпті ауруларды, сондай-ақ халық үшін қауіпті өнімдерді жібермеу мақсатында  шекара мен республика аумағын санитарлық қорғауды нығайту бойынша шаралар қабылданды.

Теміржол станцияларының шекарасындағы 18 санитариялық-карантиндік бекетінде және халықаралық авиарейстерді қабылдау және ұшуын жүзеге асыратын әуежайларда 6 бекет ашылды. Адам денсаулығына қоршаған ортаның зиянды факторларының әсер етуінің себеп-салдар байланыстарды анықтаудағы негізгі және бас элементтерінің бірі болып табылатын зертханалық мониторингті жүргізу үшін зертханалық диагностиканың ең жаңа құралдарымен техникалық жабдықталған санэпид қызметінің зертханасы жаңартылды.

Мені ҚР Парламенті жұмыс тобына енгізіп, экологиялық, су, жер және еңбек кодекстерін, сондай-ақ ҚР көптеген заңдарын, денсаулық сақтау, фармация, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық  саламаттылығы мен басқа салалардағы Мемлекеттік және салалық бағдарламаларды әзірлеуге қатыстым.

Жалпы, мен басшылық етке басқарманың барлық функцияларын санау мүмкін емес, олар жан-жақты және көп қырлы болды, бір сөзбен айтқанда, адамның дүниеге келген сәтінен бастап өмірінің соңына дейін бақылауды жүзеге асыру.

Маман ретіндегі тәжірибеңіз расында да мол. Осы жолды жалғастырып келе жатқан шәкірттеріңіз де бар шығар?

Бүгінгі республика мен өңірлердің көптеген бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері, департаменттер мен басқармалардың басшылары мені өздерінің ұстазы деп санайтындығы қуантады. Олардың ішінде ҚР бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова, Денсаулық сақтау министрлігінің Департамент директорының орынбасары Зәуреш Ахметова, Көліктегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің директоры Садвакас Байгабулов, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің басқарма басшылары Марал Рахымжанова, Розалина Ермекбаева және т.б. бар.

Кеңес өкіметі кезіндегі Денсаулық сақтау министрлігінде жылдарыңыз ақталып, өз бағасын алды деп есептейсіз бе?

– Еңбегім еленіп, «Отличник здравоохранения СССР», «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Еңбек ардагері» және мерейтойлық медальдармен, КСРО, Қазақ КСР, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, «Нұр Отан» партиясының, Астана қаласы әкімінің Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталдым.

Білікті, білімді мамандар әрқашан сұранысқа ие. Дегенмен, кейде мықты мамандардың жылдар бойы жинаған тәжірибесі керексіз қалып жатады...

– Зейнетке шықсам да, «Столичная дезинфекция» ЖШС директорының орынбасары лауазымында қызмет атқарып, жастармен өмірлік және практикалық тәжірибеммен бөлісіп, Астана қаласы тұрғындарының денсаулығын қорғау ісіне ат салыстым. Көп жылдар бойы Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі жөніндегі БФА/ДДҰ және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау саласының институционалдық дамуы» мен Дүниежүзілік банктің жобасының жергілікті сарапшысы болдым.

Ал коронавирус індетінің қаупі сейілмей тұрғаны белгілі. Күн сайын жаңа жағдайлар анықталып тіркелуде. Пандемияны қаншалықты тез арада жеңеміз?

– Індет біздің денсаулығымызға әлі де қауіп төндіруде. Мен өзімнің әріптестеріме – дәрігерлер мен санитарлық дәрігерлерге сенемін. Медицина қызметкерлері өздерінің азаматтық және кәсіби парыздарын абыроймен атқарып жүр.

Біз негізгі сақтық шараларын қатаң сақтап, үйде болуды жалғастыра беруіміз керек. Біздің денсаулығымыз өзіміздің жауапкершілігімізге байланысты. Біздің басымыздан өтіп жатқан осы сынақтарды біз лайықты жеңе алатынымызға сенімдімін.

 

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛЫ

АЛМАТЫ