Аймақтар • 31 Мамыр, 2020

Полицейлердің еңбегі еленді

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

СҚО орталығы Петропавл қаласында жергілікті полиция мен Ұлттық Ұланның жауынгерлері күн сайын екі ауысыммен қаладағы қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалауға көшеге шығады. Жалпы саны 250 адамды құрайтын полицейлер 105 бағытта, соның ішінде 34 күндіз және 71 түнде күзет атқарады. Осы жолдарды жазып отырып демократияның игіліктеріне риза боласың. Бұрын мұндай сандарды милиция қызметі «құпия» ұстап, жариялай бермейтін...

Полицейлердің еңбегі еленді

Жуырда Петропавлдағы Тәуелсіздік стелласының түбінде гарнизондық дайындық тексерілді. Дәстүрге сай оны СҚО Полиция департаментінің бастығы, полковник Марат Төлебаевтың өзі жүргізіп, қызметкерлердің дайындығын тексерді.

Ол, әсіресе Петропавл полиция басқармасына қарайтын патрульдік полиция батальонының қамтамасыз етілуін мұқият қарады. Батальонның техникалық тұрғыдан қамтамасыз етілуі қазір жоғары талаптарға сай. Патрульдік автомобильдердің бәрінде планшет пен принтерлер бар.

Күзеттегі полиция ешқайда бармай, бұзушыны ешқайда қумай, бір жерде отырып-ақ айыппұлдың түбіртегін жазып бере алады. Осы батальонның 10 автомобилі қазір тұрғындар суға түсетін қоймалардың маңында болады.

Олардың бәрі суға батушыны құтқаратын, батып қалған машиналарды тартатын құрал-саймандармен жабдықталған. «Қажетті техникалық базаның болғандығы адамдарға дер кезінде көмек қолын созуға мүмкіндік береді.

Қазір қала тұрғындары шыжыған ыстықтың себебінен суға түсуге жанталасып жатыр. Біздің міндетіміз –қандай қиыншылық жағдайға түссе де адамдарға жедел көмек беру», - деді М.Төлебаев өзінің сөзінде.

Гарнизондық дайындық барысында Марат Төлебаев кезекті мерзімі келген және міндетін адал атқарып жүрген 11 қызметкерге жаңа шеннің погондарын табыс етті. Сөйтіп, СҚО полициясы 3 капитан, 4 аға лейтенант және 4 сержантпен толықты. Сондай-ақ жекеменшік күзет агенттіктерінің 5 қызметкеріне Алғыс хаттар тапсырылды.

Петропавл