Аймақтар • 31 Мамыр, 2020

Қарағанды: NIS түлегі UNIST грантын жеңіп алды

156 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің (NIS) түлегі Жәния Смағұлова өзінің өміріндегі алғашқы ірі жеңістерінің біріне қол жеткізді. Дарынды жас Азияның үздік жоғары оқу орындары – Оңтүстік Кореядағы Ульсан ұлттық ғылым және технология университеті мен Гонконгтегі Қытай университетінің толық грантына ие болды.

Қарағанды: NIS түлегі UNIST грантын жеңіп алды

Таңдау еркі өзіне бұйырған Жәния Смағұлова Ульсан ұлттық ғылым және технология университетінде (UNIST) білім алуды құп көріпті. Негізі 2009 жылы қаланғанына қарамастан, аталған білім ордасы аз ғана уақыттың ішінде әлемдік деңгейдегі оқу орындарының біріне айналып үлгерген екен. Университет Оңтүстік Кореяның өндіріс астанасы саналатын Ульсан қаласында орналасқан.

Аталған университетке жыл сайын шет мемлекеттерден іріктеу сынынан мүдірмей өткен 40-қа жуық студент қана қабылданады екен. Жәния Смағұлова сайдың тасындай іріктелген озаттардың қатарында болғанын өзі үшін үлкен абырой санайды.

– Оқу орны менің жан-жақты дамуыма, креативті және талантты студенттермен бірге түрлі жобалар жасауға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Болашақта осы саланы тереңірек зерттеп, еліміздің экономикасын өркендетуге ат салысқым келеді, – дейді ол.

Университетте Жәния Смағұлова халықаралық экономика және қаржы саласы бойынша білім алатын болады.

Қарағанды облысы