Сұхбат • 01 Маусым, 2020

Қуанышбек Есекеев: 5G түбегейлі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

462 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Соңғы бірнеше айда әлемнің қалыпты тыныс-тіршілігі қатты өзгерді. Себебі айтпаса да түсінікті. Осы уақытта адамзат үшін байланыс саласын барынша дамыту мәселесі алдыңғы орынға шықты деуге болады. Сапалы әрі қолжетімді байланыс болмаса, басқа салалардың да жұмысы тоқырайтыны сезілді. Осы орайда, еліміздің басты интернет провайдері «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевпен телекоммуникация саласындағы ахуал туралы сұхбаттасқан едік.

Қуанышбек Есекеев: 5G түбегейлі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Карантиннің алғашқы күн­дері байланысқа қатысты сы­ни пікірлер көп айтылған-ды. Жал­пы, көптеген ком­пания­лар­дың жұ­мысына өзге­ріс енгізген тө­тен­ше жағдай «Қазақ­телекомға» қа­лай әсер етті?

– Карантин кезеңі – біз жүзеге асырған барлық жұмыстарды қоры­тындылауға, осыған дейінгі ұстанған бағытымыздың дұрыс-бұрыстығын бағамдауға көмек­тесті. Сонымен қа­тар даму жоспарына жаңаша қарау­дың қажеттігін көрсетті.

Қазір «пандемия бар проблеманы ашып берді» дегенді жиі айтатын бол­дық. Бұл бір жағынан дұрыс, әрине. Де­ген­мен, біз бұл қиындықтарды алдын-ала білдік, пандемия басталмай жатып-ақ «Қазақтелеком» уақыттың түрлі сынағына дайындала бастады. Соның арқасында сын сағатта сүрінбедік деп айта аламын.

Бірнеше ай ішінде телекоммуни­ка­ция саласында үлкен өзгеріс болады. Адамдардың қарым-қатына­сында, ақ­па­рат алмасуы, оқуы және жұ­мыс іс­теу­і, сауда жасауы секілді күнделікті тір­шілігінің жаңа моделі қалыптаса бастады. Халық мұның бәрін онлайн жасауға болатынын біл­ді, үйренді. Тіршіліктің осы жаңа қал­пы карантин біткеннен кейін де жоғалып кетпейді.

Кәсіпкерлер кеңсе жалдамай-ақ, қыз­мет­керінің әлеуетін пайда­лануға болатынына көз жеткізді. Биз­несмендер кәсібін онлайн алаңда жүргізудің тиімді тәсілдерін іздей бас­тады. «Қазақтелеком» мұндай алаң­ды пандемияның аты-заты заты жоқ кезде ойластырып, жүзеге асырып қойған болатын. Ол – ismet.kz платформасы. ismet.kz бизнес үшін бар шаруаны онлайн атқаруға мүм­кіндік берді. Мұнда тіркелген кәсіпкерлер өзгелердің қызметін сатып алып, өзінің тауарын не қызметін онлайн саудалай алады. Әрине оны іске қосарда біз дәл қазіргідей қажет боларын білмедік. Әу баста құжат айналымын қысқартып, оны тиісті жерге жеткізуге кететін шығын мен уақытты үнемдеу үшін жасаған едік. Сол кездің өзінде жылына 60 млн теңгені үнемдедік. Ал қазір ismet.kz біз үшін серіктестер мен заңды тұлғалардың қарым-қатынасын тоқ­татпайтын жалғыз ғана амалы болып қалды. Қазір ол 14500 кәсіпкерге он­лайн қызмет көрсетеді. Төтенше жағ­дай кезінде 2500-ден аса адам тіркелді. Бір ғана сәуір айында бұл пор­талдың қызметін 120 795 адам пайдаланды.

Абоненттерге жылдам әрі сапалы қызмет көрсету үшін қашық­тан байланысу арналарын іске қосқан болатынбыз. Карантинге бай­­ланысты барлық бөлімшелер уа­қыт­ша жабылған кезде осы он­­лайн арналар бізді құтқарып қал­д­ы, тұтынушылармен байланыс үзіл­ген жоқ. Керісінше, карантиннің алғаш­қы 10 күнінде онлайн арналарға хабар­ласқан тұтынушылар 30 есе к­ө­бейді.

– Олардың көбісі интернет са­па­­сына шағымданушылар емес пе?

– Біздің онлайн арналар мен call орталықтарға халықтың дені интер­нет қосуды, байланыстың жаңа тү­ріне ауысуды сұрап хабарласты. Мәсе­лен, тек наурыз айының өзінде або­нент­тік базамыз 25 мың клиент­пен толықты. Бұл жерде клиент де­геніміз үй, ал ол үйде бірнеше адам тұрады ғой. Яғни, 25 мың клиент жан басына шаққанда шамамен
75 000-100 000 адам деген сөз. Бұл дегеніңіз интернет желісіне артылған қосымша жүктеме. Адамдар жұ­мысты үйден істеген, сабақты қа­шық­тан оқыған, сауданы онлайн жа­саған, жиналыс пен кездесулерді желіде өткізген кезде, одан қалды бар ермегі смартфон болғанда интернетке бұрын-соңды болмаған салмақ түсті. Қазақтелеком компаниялар тобына (Activ/Kcell, Tele2, Altel) түскен салмақ наурыздың басында 5%-ға артты, сәуір айында тағы 20%-ға өсті.

Қысқасы, «Бәрі бір мезетте желі­де» феноменінің салдарынан трафик тым қатты ұлғайды. Бұрындары трафик көтерілетін уақыт белгілі еді, ол ұзаққа созылмай төмендейтін. Каран­тинде 24 сағат бойы трафик тө­мендемей тұрды. Оның үстіне, әр абонент жүктелуі ауыр кон­тент­ке ауысты, яғни видеоконтент, фильмдер көре бастады. Үйге тар­­­­тылған 1 желіден бір мезетте те­ледидар, планшет, компьютер, телефон арқылы кино, бірі оқу бағдарламасына қосылса, тағы бір адам онлайн жиналысқа қа­тыс­­са, бейнеқоңыраумен сөйлессе жүк­­теменің артатыны белгілі. Қа­ладағы бар автокөлік бір мезетте жолға шықса, ол жол қанша сапалы, кең болса да кептеліс пайда болады ғой. Бұл да сол секілді. Дегенмен, жүктеме артты екен деп біз қол қусырып отырған жоқ­пыз, әрине. Интернет арналарын кеңейту бағытында шұғыл шаралар жасалды. Мәселен, арналардың сыйымдылығын 360 гигабитке (1200 Гбит/с-тен 1560 Гбит/с-қа дейін) кеңейттік, және бұл жұмыс жалғаса береді.

Төтенше жағдай кезінде «Қазақ­те­леком» сыртқы интернет арналарын шамамен 25%-ға кеңейтті. Қазір жергілікті кэш­теу серверлерінің көлемі сыртқы арналар көлемінің 92%-ын құрайды. Қарапайым тілмен айтқанда, сырттан келетін интернет-трафиктің жартысы Қазақстанда шоғырланған. Бұл клиенттерге жо­ғары сапалы қызмет көрсетуге мүм­кіндік береді. Бізде Қазақстан аумағындағы трафик бар, еліміздегі барлық интернет ресурстар, олардың хос­тингі өз елімізде. Сонымен қатар шетел­дік трафик бар, олардың хос­тингі сырт елде. Мысалы, ғаламдық Facebook, Youtube секілді желілер. Бұл ресурстарды пайдалану сапалы болуы үшін бірқатар шетелдік трафик компаниямыздың дата орта­лықтарында тұрған серверлерге кэш­теледі. Осының арқасында көптеген танымал ресурстарға қосылу жылдам әрі сапалы болады.

«Қазақтелекомның» серверлік мүм­­кіндіктеріне келер болсақ, бізде резерв бар. Мәсе­ле біздің сервер­лердің қуатында емес, мәселе интернетке сұраныстың күрт өсуінде болып тұр. Халықаралық IT-ком­паниялар мен әлемдік телеком-операторлары ғаламдық желіге артылған жүктемені азайту бағытында бірқа­тар шаралар қабылдады. Мыса­лы YouTube бейнероликтерді бұрын­ғыдай жоғары сапалы HD форматында емес, стандартты сапада ұсына бастады. Netflix- те Еуропа бойынша тарату жылдамдығын 4 есе азайтты. Осы секілді Facebook, Instagram, Disney+ ресурстары бейне роликтер сапасын әдейі төмендетті.

– Қазақстанда барлығы қанша елді мекенге интернет тартылды? Төтенше жағ­дай режімі бұл жұ­мыс­ты тоқтатып тас­таған жоқ па?

– Әрине карантин мен төтенше жағдай талаптары құрылыс жұмыс­тарына аздап кедергі кел­тірді. Бірақ ауылдарға жоғары жылдамдықты интернет тарту ісі тоқтаған жоқ. Ма­­мыр­дың соңына дейін 450 елді мекенге талшықты оптикалық байланыс желісін тарту көзделіп отыр. Интернет ауылдарға аса қажет. Ай­лықты аудару, мем­лекеттік сатып алу процестеріне қа­тысу, оқу бағдар­ла­маларына кіру секілді қарапайым шаруалардың бәрі интернетсіз бітпейді. Сол үшін 500 және одан да көп тұрғыны бар ауылдарға кең жолақты интернет тарту жобасы 2018 жылдың аяғынан бастап жү­зе­ге асырыла бастаған болатын. Жос­парға сәйкес, 2020 жылдың соңына дейін осы жоба аясында 14,5 мың шақырым оптикалық талшық тартылуы керек, бұл 828 ауылдағы 2 496 мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйымдарды жылдам интернетке қосуға мүмкіндік береді.

Бір жайтты айта кетейін. «Қазақте­леком» талшықты оптикалық байланыс желісін ауылдағы әр үйге кіргізбейді. Кабель тек мемлекеттік органдар мен бюд­жеттік ұйымдарға тар­тылады. Деген­мен, бұл жоба жер­гілікті әкімшілік пен ұялы байланыс опе­раторларына көп мүм­кіндік бе­ре­ді.

– Қашан еліміздегі барлық ауыл­­­дарға интернет жетеді?

– 2018 жылы ТОБЖ (талшықты оптикалық байланыс желісі) жобасы бас­талғанға дейін елімізде 1200 елді мекен талшықты-оптикалық байланыс­ желілеріне қосылды. Биыл­ғы жылдың соңында 2000 ауылға жетеді. Одан бөлек, LTE800 стан­дартты стансалар желісіне қо­сылу арқылы, кемінде 250 адам тұ­ратын 2 жарым мыңға жуық ауыл радиосигналмен қамтылады. Яғни, бүкіл ауылға интернетпен 100 па­йыз жеткіземіз деген сөз. Тек халқы 100 адамнан кем өте кішкентай елді мекендер ғана қамтылмай қалады.

Бұл жерде мән беретін ең маңыз­ды аспект бар, бастысы – ауылдарға талшықты оптикалық байланыс желісі тартылады. Ал әрі қарай өзге байланыс операторлары іліп әке­теді. Себебі ТОБЖ кірген нүкте бол­маса, өзге майда байланыс операторлары өздігімен ауылдарға ешқашан келмейді. Себебі олардың қызметін жүргізуіне негіз болар қа­зық қағылмаған.

«Қазақтелеком» талшықты-опти­ка­лық байланыс желілерін салуға ғана емес, сонымен қатар оларға 14 жыл­ға қызмет көрсетуге кепілдік бер­ді. Ал өз­ге ұялы байланыс операторлары «Қа­зақ­телекомның» ауыл­ға шынайы түрде, ұзақ мерзімге кел­геніне көз жеткізіп, осы нарыққа шы­ғуды шындап қолға алады. Бір ғана мысал, Tele2 жақында Қарағанды об­лысы, Егіндібұлақ ауылында, тал­шықты оптикалық байланыс желі­сінің инфрақұрылымы негізінде LTE желісін іске қосты. Бұл өңірде 2014 жылдан бері GSM және UMTS технологиясы бойынша мобильді байланыс болған. Бұл өте ескі технология. Ал бүгінде талшықты опти­каның арқасында тартылған LTE бұрынғыға қарағанда 2,5 есе жылдам интер­нетке қол жеткізді. Мұндай мысалдар өте көп.

– Төтенше жағдай кезінде «Қазақ­те­леком» тарапынан тұ­ты­ну­шы­­ларға қан­дай жеңілдіктер жасалды?

– Екі айдан артық уақытқа со­зыл­ған карантин режімі де кезең-кезеңмен жер-жерде тоқтай баста­ды. Адамдар, кәсіпорындар, қалалар бұ­рынғы қалыпты тіршілікке бір­тіндеп көшуде. Бұл біз үшін сынақ кезеңі болды. Сын сағаттан бұ­дан да күрделі сценарийлерді бол­дырмай, аман-есен өттік. «Қазақ­телеком» барынша халықпен бірге екенін көрсетті. Қолдан келген мүм­кіндіктерді жасадық. Бірде-бір або­ненттің берешегі үшін байланыс қызметі ажыратылмады. Оларға тө­лемді кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге мүмкіндіктер жасалды. Корона­вирус індетімен күресте алдыңғы шепте жүрген 5000 медицина қызметкеріне ұялы бай­ланыс пен мобильді интернет тегін болды. Халықтың негізгі ермегі теледидар болғандықтан, көптеген ақылы арналар ақысыз болды.

Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, Youtube арнасында «Карантиндегі жұл­дыз» жобасын аштық. Бұл өте сәтті әрі пайдалы, қызықты тартымды жобаға айналды. Бұл концерттерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалап, сүйсіне тамашалайтынын айтты. Барлығы 51 онлайн концерт ұйымдастырылды.

– 5G-ді дамыту қалай жүріп жатыр? Елдің инфрақұрылымы оған дайын ба?

– Қазір 5G технологиясын жан-жақты зерттеудеміз. Нұр-Сұлтан, Ал­маты қалаларында және Алматы облысында 10 тестілеу жұмысы өт­ті. Қазіргі қолданыстағы 3G / 4G «тұр­­мыстық» тұтыну моделіне бағыт­­талған. Ал 5G стандарты түбе­гейлі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Деректерді таратудың ең жоғары жылдамдығына, әр шаршы шақырымдағы құрылғының жоғары тығыздығына және еш кедер­гісіз байланысқа қол жет­кі­земіз. Елестетіп көріңіз, 5G бү­гінгі интернеттен 40 есе жүйрік болады. Ал жүйрік интернет қа­шық­­тан басқарып отырып түрлі ме­дициналық ота жасау, пилотсыз көлік жүргізу сияқты толып жатқан мүмкіндіктерге жол ашады...

5G желісін қамтамасыз ету үшін базалық стансаларды көптеп салу керек. Деректер базасына ар­нап дата орталықтары секілді инфра­құрылымдар қажет болады. Бұл дегеніміз – сонау коммутатордан бас­тап базалық стансаларға дейін бар­лық элементтердің күрделі модернизациялануы. Бұл сонымен қатар қомақты қаражатты қажет ете­тін күрделі процесс. Сондықтан 5G технологиясын енгізу бірнеше кезеңмен жүретін болады. 5G технологиясын хот-споттарда енгізуді бастайды. Тест режімінде Astana Hub IT-стартаптары халықаралық технопаркі аумағында алғашқы 5G іске қосылды.

 

Әңгімелескен

Арнұр АСҚАР,

«Egemen Qazaqstan»