Руханият • 01 Маусым, 2020

Алаштың асыл перзенті

673 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиеттану, әдеби сын саласында өзіндік стильдік өрнек қалыптастырған ұлы тұлғалардың бірі – ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер Рымғали Нұрғали еді. Тұңғыш кітабы «Трагедия табиғатынан» көзі тірісінде соңғы шыққан кітабы «Толғауы тоқсан қызыл тілге» дейін жарияланған сын, зерттеу, монографиялардан тұратын мол мұрасының қай-қайсысын оқысаңыз да суреткерлікпен сабақтасатын, сырлы сұлу сөздермен өрнектелетін талдау үлгісіне еніп кетесіз. Әрқайсысында әдебиеттің жеке-жеке мәселелері сөз болатын жоғарыда аталған екі кітапқа қоса «Талант тағдыры», «Күретамыр», «Өнер алды – қызыл тіл», «Өнердің эстетикалық нысанасы», «Поэтика драмы», «Айдын», «Телағыс», «Қазақ революциялық поэзиясы», «Арқау», «Әуезов және алаш», т.б. еңбектерінде әмбебап дарынның көп қырлы, сан салалы шығармашылық бітімі айқын көрінеді. Талдау өнерін шығармашылық қиялмен тоғыстыра алу талантымен бірге үздіксіз іздену, өнердің, әдебиеттің күнделікті даму процесіне жіті ой, биік талап тұрғысынан қарап араласып отыру, қаламгерлік қайрат таныту Рымғали Нұрғали өнерпаздығының өнегелік сипаты десек артық айтқандық емес.

Алаштың асыл перзенті

Ғылыми-зерттеулерінде ұлы­лар ұлағаты, дәстүр тағылымы, ұлттық сипат, әлемдік өнер үл­гісі туралы терең толғанып, же­ке шығармашылық лабора­то­рияларға барлау, қазақ әде­биетінің дамуында өзіндік орны бар қаламгерлердің шы­ғар­ма­ларын талдау арқылы ту­ған әдебиетіміздің даму сипаты жайлы тұжырым жасайды. Әлем­дік өнер жауһарынан алын­ған көріністер, өнердің түрлі саласындағы ерекшеліктерді түсін­діретін, әдебиеттің теория­лық ұғымдары мен орны, игі-ықпалы, әсері, ұлттық әдебиеттің оған қатысы туралы келтірілген мысалдар жүйелі стильдік сұлу өрнек тауып жатады. Күрделі ой, терең таным, зерделі біліммен айтылған пікірлерде әдебиеттің келелі проблемалары кең қам­ты­лады. Көркемдік ойлаудың ұлттық ерекшеліктері негізінде қалыптасқан әр халықтың әдеби дәстүрі, яки әдеби қозғалыстың өзара ажырамас, тығыз диалек­тикалық байланыстағы құрамдас қайнарлары – әдеби дәстүр мен әдеби даму туралы түйінді пі­кір­лер көркем ой, сұлу тілмен жи­нақ­талады.

Өнер түрлерінің дамуы эстетика тұрғысынан бағаланып, қоғам дамуымен тығыз байланыста қарастырылады. Суреткер тек ана тілі арқылы ғана өз хал­­қының өмірін, тұрмысын, пси­хологиясын, рухын бейнелей алатындығын айта келіп, әдебиеттің образдық табиғаты, дара сипаты тілмен кіндіктес екен­дігіне байланысты түрлі халық тарихындағы тілдік кезең­дерге ой шарлатады.

Сөз өнері хақында ой қозғал­ғанда әдебиет жеке дара алынбай, өнердің өзге салалары – сұңғат, сәулет, музыка, театр, би, кино т.б. түрлерін қатар атап, әр­қай­­сысының өзгешелік си­пат­та­рын сабақтастыра, салысты­ра тү­сіндіреді. Бұл тұрғыда жаһан­дық мәдени мұралардың озық үл­гілерін, шедевр туындыларын мысалға ала отырып ойына тұғыр етеді.

Өсіп-өрлеуі Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жан­сүгіров, Жұмат Шанин, Ғабит Мү­сірепов, Сәбит Мұқанов, Әб­ділдә Тәжібаев, Әлжаппар Әбішев, Шахмет Құсайынов, Қалтай Мұхаметжанов, Тахауи Ахтанов есімдерімен байланыс­тырылатын қазақ драматургия­сы әлемдік өнердегі үздік туын­дылардың контексінде алынып, оны поэтикалық тұрғыдан жан-жақты қамти отырып талдайды.

Ғалымның монографияларында өнердің даралық сипаты, образ турасында талғамды пі­кір, дәлелді ой жинақталады. Әде­биеттану ғылымының тари­хындағы белгілі мектептер, үлкен ағымдарға сипаттама беріледі. Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихына барлау жасалады, оның тарлан талант көш басшылары, қажырлы қалам иелерінің творчестволары ғылыми талдауға түседі. Әл-Фарабиден бастап, қазақ әдебиеттану ғылымының кеңестік дәуіріндегі ірі өкілдері С.Сейфуллин, Ғ.Тоғжанов, М.Әуе­зов, Б.Кенжебаев, М.Қара­таев, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, Т.Нұртазин есімдері ілтипатпен аталып, еңбектеріне ғылыми дәл­дікпен талдау жасалады. Ұлы ұстазы Б.Кенжебаевтың ық­палымен, Алаш көсемдері Әли­хан Бөкейханов, Ахмет Бай­­тұрсынов, Міржақып Дула­товтарды көзі көрген, Жү­сіп­бек Аймауытов, Мұхтар Әуезов­тер­мен аралас-құралас болған өз әкесі Нұрғалидың әсерімен Алаш идеясы көкірегіне жастай ұялаған студент, аспирант кездерінде-ақ олардың еңбектерімен жасырын танысып, алғашқы зерт­­теулерінің өзінде ғылыми ай­на­лысқа түсіруге ұмтылған Рым­ғали қайта құру шапағаты аясында олардың ақталуы жолында белсенді іс атқарды, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжан туралы ал­ғашқы болып мақала жазды. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін құлашын кеңге сермеп, Алаш қай­раткерлерінің өмірі мен шы­ғар­машылықтары туралы құ­лаш-құлаш мақала, зерттеу ең­бектер жариялады, кітаптарын шығаруға көп еңбек сіңірді. Өзі­нің «Әуезов және Алаш» (Нұр­ғалиев Р. Әуезов және Алаш. – Алматы: Санат,1997. – 432 б.), «Вер­щины возвращенной казахской литературы» (Нургали Р.Вершины возвращенной казах­ской литературы. – Алматы: Қа­зақ университеті,1998. –307 с.) мо­нографияларын жарияласа, А.Бай­тұрсыновтың «Ақ жол»
(Бай­тұр­сынов А. Ақ жол. – Ал­маты: Жалын, 1991. – 464 б.) ат­ты шығармалар жинағын құрас­тырып баспадан шығарды, Әли­хан Бөкейханның қазақ және орыс тілдеріндегі еңбектерінің таң­дамалы жинағына бас редактор болып, баспадан шығуына мүмкіндік жасады.

Әдебиеттер туыстығы, бір-біріне әсері, ықпалы, аударма мә­селелері – теориялық тұр­ғы­дан мәнді, күрделі пробле­ма. Осы тұрғыдан келгенде ға­лымның еңбектеріндегі ешбір елдің әдебиеті, өнері ешуа­қытта томаға-тұйық қалыпта, ұлт­тық шеңбердің ішінде ғана өсіп жетілмейтіндігі жайында қы­зықты факторлармен талданатын тұстар бүгін де өзектілігін жойған жоқ. Бұл орайда ол тағдыры, ру­хы, тілі, жақын бауырлас елдер мысалына жүгінген ғалым татар, башқұрт, қазақ халықтарына тең ортақ сипаттар, әдеби тұлғалар, әдеби мұраларға қатысты мәнді ғылыми байламдар жасайды. Ауыз әдебиеті үлгілеріндегі ұқсас құбылыстар, башқұрт пен қазақ, қазақ пен татар жұрттарының ортақ перзенті есептелетін, туыс халықтардың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін өнер, әдебиетін тел еміп өскен, тағдырлары қызық тұл­ғалар Ақмола, Ғалымжан Иб­рагимов, Сабыр Шәріпов өміріне, творчествосына бойлап кіріп, терең таным-талғаммен ой түюі нәти­желі шығып отырады.

Ұлттық әдебиеттің даму жо­лын­дағы сапалық баю кезінің, көр­кемдік құнар бастауларының бірі – аударма. Ежелгі қыпшақ за­манынан бері байланысы бар қазақ-орыс әдебиетінің терең тамырлы тарихын көрсете келе, сыншының кейбір аударма үлгілеріне тоқталуы жемісті нә­тиже берген.

Абай аударған Пушкин, Лермон­тов, Крылов шығарма­ла­ры мен «Челкашты», «Дуб­ров­скийді» қазақшалаған Абай шәкірт­терінің дәстүр жалғастығы пайымдалады. Тургенев шығар­маларының қазақшаға аударылуы, оның қазақ әдебиетіне еткен әсер, ықпалы, өнеге тұтар асыл қасиеттері зерттеушілік тұр­ғы­дан жіті топшыланады. Шек­спир шығармаларының қа­зақ­шаға аударылуы жеткілікті қам­тылған. Алғаш М.Дәулетбаев, М.Әуезов қазақша сөйлеткен «Гамлет», «Отелло» кең арналы салыстырмалы түрде ғылыми дәлдікпен талданады. Әр жылдары қазақ тіліне тәржімаланған Сервантестің «Дон Кихоты», Раб­ленің романы, Сағдидің «Бос­таны» туралы талдаулары­ мол эрудициялық білімнің, биік эстетикалық талғамның, терең ғылыми пайымның көрінісі еке­нін айғақтап тұр. Шығарма талдау барысында туындайтын әдеби-теориялық түйіндеулер ға­лым зерттеулерінің кез келген жерінен табылады. Мысалы, «Телағыс» монографиясындағы ақындық өнер, халықтық өлең өрнегі, поэзиялық туынды мен оның даму қозғалысындағы жаңа сипат туралы қорытылған мына бір ойға назар салайықшы: «Жадағай көріністерді қамту, фактілер жетегінде кету, қызыл­сөз секілді кемшіліктерден арылып, адам жүрегінің тереңіне үңі­лу, философиялық біліктілік, саф тазалыққа ұмтылу – бүгінгі поэзиядағы өсу тенденциясын көрсетеді» (Нұрғалиев Р.Те­ла­ғыс. – Алматы: Жазушы, 1986,180), – деуі өлең өлкесіндегі жетіс­­тік­терді ескеруден туған байлам. Ғалымның қай еңбегін алып қарасаңыз да ғылыми-тео­риялық тұжырымдары, талдау тәсілдері, сөз астарына бойлау тереңдігі бүгінгі күн сұранысына да, келер уақыт талабына да жа­уап бере алатын, мәні жойылмайтын ой қуатын көрсетеді.

Әңгіме, новелла, хикаят, роман жанрларының ерекшеліктерін түсіндіру барысында А.Чехов, Л.Толстой, М.Әуезов, Ш.Айт­матов, Б.Майлин, Ф.Дос­тоев­­­ский, О.Генри, Н.Гоголь, М.Горь­кий, Э.Ремарк, Э.Хемин­гуей, М.Шолохов, У.Фолькнер, Н.Чер­нышевский, Г.Маркес шы­ғар­маларына аса білгірлікпен жасалған талдауды, сапалы тұ­жырымды көреміз. Әдебиеттің әр саласында қызмет атқарған, түрлі жағдайда кездесіп пікір­лескен, сапарлас болып әңгімесін естіген, шәкірт болып дәріс ал­ған, творчестволық ғылыми объек­тісіне айналған жеке тұлғалар өмірінен үзік сырлар шертілетін тұстарда да танымдық дерек, өнегелік сипат, эстетикалық әсер мол болып отырады.

Оның жазбаларынан әде­биет­тің әртүрлі жанрында клас­­­сикалық туындылар беріп, ту­ған халқын мол қазынаға, зор қуанышқа бөлеген, әлем әде­биетінің алтын қорына жаңа көр­кемдік игіліктер қосқан ұлы Мұхтар Әуезов, құнарлы шығар­машылық иесі, көп жанрлы шығар­малары қазақ әдебиетіне сұлу арна болып қосылған Ға­бит Мүсірепов, көкірегі толы шежіре-сыр, көненің асыл көзін­дей болған С.Бегалин, қазақ әде­биетінің көрнекті өкілінің бірі Ә.Тәжібаев жайлы көп сыр аңғарамыз.

Әр кезеңдегі драматургияның, прозаның, әдеби сынның өр­кендеу бағдарын, өсу саты­ларын, ізденіс иірімдерін, табыс-олжаларын таразылаған сәттерде де жетістікті бағалап, кемшілікті көрсету, олқылықты ашу­да ғалым-сыншы еркіндік танытады. Ұстаз-ғалымның ха­лық өмірінің, ел тарихының құнарлы кенін қопарған, шежіре көкірек, тегеурінді дарын – Ілияс Есенберлиннің көркем сөз құдыретімен оқырманды тарих қойнауының алыс қиырын қы­дыртатын, тұңғиық сырларына қанықтыратын тарихи роман­дарының әдеби дамуға жасаған ықпалын, кеңестік кезеңдегі өмір­ді бейнелейтін романдар­ се­риясының эстетикалық, әлеу­­­меттік қуаты туралы биік эсте­тикалық талғаммен пайым­дай отырып, қазақ халқы өмі­рінің ғасырлар панорамасын көр­сететін көркемдік сипатын ашып береді.

Сыншы, ғалым ұлттық театр өнеріндегі алғашқы арнаны халық шығармашылығынан із­дейді. Соны жүзеге асырушы, қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шанин жөнінде алғаш рет зерттеу жүргізіп, тың деректер жинаған Рымғали Нұрғали болғандығы белгілі. Оның 1969 жылы жарық көрген «Талант тағдыры» атты еңбегі де Жұмат Шанин творчествосына арналған тұңғыш зерттеу екенін де еске сала кеткенді жөн көреміз. Әде­­­би шығарманы теориялық ұғым­дарға сабақтастыра талдап түсіндіру Рымғали Нұрғали зерттеулерінің өнебойында тұ­тастық сипатын сақтап отырады. Әдебиеттану ғылымының құрамына кіретін эстетикалық категориялар мен анықтамалар кең тармақты сөз етіледі. Сыншы-ғалымның зерттеулерінде маз­мұн мен форма, тақырып пен идея, сюжет пен фабула, композиция, образ бен характер, әдеби әдіс, әдеби бағыт, әдеби ағым, әдеби стиль, әдеби жанр проблемалары ғылыми ойдың тарихи озық тәжірибелерін салыстыру, сұрыптау мен бүгінгі әдебиеттану ғылымының соны жетістіктерін игеру дәрежесінде, парасат биігінде әңгімеленеді.

Бүгінгі уақыт талабына, тә­уел­сіздік тұғырына, демократия принциптеріне сәйкес идея, пікір айтуға сонау тоқырау, сая­сат бұғауы үстемдік етіп тұр­ған кезеңнің өзінде Рымғали Нұр­ғалидың батыл қадам жасағанына көз жеткізуге болады. Әсіресе, оның ғылыми объектісінің ең күрделі, маңызды, арналы сала­сына айналған Мұхтар Әуезов өміріне, творчествосына қатыс­ты, оның тұңғыш романы «Қилы заманның» зерттелу, жарық көру тарихына байланысты деректер жылдар қатпарында қалған қызық қиырларға жетелейді. Рымғали Нұрғали монография­ларында Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіров шығар­машылығы да көрнекті орын алады. С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы объектіге алынған тұстар оқушы жүрегіне патриоттық сезім ұялатып, ақын­ның зор тұлғасы ерекше әсерлі, шығармашылығының мәні терең түсіндіріледі. Ұлы жазушының өнегелі өмі­рін, шы­ғармаларының көркем­дік бай­лығын, жазушы ше­бер­лігін шебер жеткізеді. С.Сей­фул­лин поэзиясының көр­кем­дік сипаты жаңа қырынан талданады. Ақынның пейзаждық көріністерді берудегі шеберлігі, шығармаларындағы идеялық мақсаттар, көркемдік жүйелер, тың арналарды аша отырып, автор бұл құбылыстардың қазақ әде­биетіндегі алғашқы бастама, айшықты табыстар екенін дәлелді түйіндейді. Ақынның ұлт­тық поэзияға енгізген жаңа­лық көріністерді, ырғақтық жа­ғынан, ұйқастық жағынан, тақы­рыптық жағынан топтап, саралап, айқындап түсіндіреді. Сә­кен Сейфуллиннің ірі поэмаларын ғалым жаңаша эстетиалық көз­қараспен зерттеген. Әсіресе, «Көк­шетау» поэмасының идея­­лық-эстетикалық мәнін, көр­кем­дік құрылысын соны қырынан танытып, ұлы ақын шеберлігінің бұрын айтылмаған тұстарын ба­йыптай білген. Сәкен Сейфуллин поэзиясындағы кейбір арналар оның прозалық, драмалық шы­ғармаларымен тақырыптық, идея­­лық сюжеттік жақтарынан үн­дес, мазмұндас екенін де дә­лел­­ді пікірмен түйіндейді.

Ілияс Жансүгіровке арналған беттерде де зерттеушілік тұрғы­сынан тың ізденістер бар. Ол із­деніс – ең алдымен әйгілі клас­сик шығармашылығының эстети­калық-көркемдік байлығын ашып беруде жатыр. Ілияс Жансүгіров шы­ғармашылығына қатысты жаңа дерек, мысалдармен байи түс­­кен. Шешен тілмен, түсінікті оймен оқушы назарын ақын шы­ғармаларының философиялық мәніне, көркемдік қуатына ауда­рады. Ілияс Жансүгіров қала­мынан туған шығармалардың шеберлік сипатына, қоғамдық саяси-әлеметтік мәселелердің кө­терілу дәрежесіне ерекше көңіл бөлініп, дүниетанымдық проблемаларға ғылыми мән бе­­рілген. Мәтіндік талдаулар нақ­ты да дәл. Зерттеуші ақын өлеңдерінің ішкі мәнін ашуға күш салады. Керекті материалдар ғылыми принцип негізінде жүйеленіп, жаңа көзқарас қа­лыптастыру жағына ерекше назар аударылған. Мәтіндік мате­­риалдар тәрбиелік және та­ным­дық мәні тұрғысынан жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеп, белсенді өмірлік позициясын, эстетикалық көзқарасын қалыптастыруға лайықты етіп сұ­рыпталған. І.Жансүгіров поэ­­зия­сын талдағанда ғалым оның көркемдік ерекшеліктерін тәп­­тіш­теп түсіндіреді. Ақын өлең­­деріндегі арынды екпін, сұлу өрілген сөз жиһазы, этно­графия­лық сипат, образды дәл беретін суреткерлік нақтылық Ілияс ақындығын өзгелерден оқшауландыратын айрықша құ­былыс екенін зерттеуші ғылыми білгірлікпен байыптайды. Жер, су, тау, дала, орман, тоғай, өзен, көл, жаз, күз, қыс, көктем тура­лы өлеңдерде табиғат көркін жай тамашалау емес, танымдық тұрғы­дан мәні зор географиялық, биоло­гиялық атауларды поэзия­лық жолдар арқылы оқырман көкейіне қондыра кететін ерек­ше қуатын да зерттеуші ес­ке түсіреді. «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмаларына қисынды жаңа ойлар, байып­ты пікірлер айтады.

Рымғали Нұрғалидың ғылы­ми-зерттеу еңбектерінде тіл қа­саң­дығы, оқушы түсінігіне ауыр тиетін керексіз схолас­ти­ка­л­ық қисындар, қажетсіз ұзақ цита­талар немесе оқушы ойын толықтыра алмайтын қызықсыз шолулар жоқ.

Р.Нұрғали шығармашылығы­на тән бір ерекшелік – стиль сұ­лулығы, барлық материалдың шы­найылығы, әсерлілігі, мұның үстіне оқырманның танымдық белсендігі, эстетикалық талғамы айрықша ескерілуі. Әдеби шы­ғарманы талдауда, өнер туындыларын бағалауда, теориялық бай­лам, ғылыми тұжырым жа­са­ған Рымғали Нұрғали эс­тетикасының биіктігі, мол эру­дициясы, тұңғиық білім, шешен тіл иесі екендігі еңбектерінің өне­бойында көрініп отырады.

Рымғали ұстазымыздың аза­маттық ұстанымы да ерекше еді. Кейінгі буын жастарға, шә­кірттеріне қамқорлығын аямайтын. Бірінің үй алуына, бірінің қызметке орналасуына, бірінің сабағына да көмектесіп жүретін. Шәкірттерін ертіп ел-жер көруге, саяхат жасауға құштар болатын. Жастау кезінде Тұрсын Жұрт­бай, Несіпбек Айтұлы, Жәні­бек Кәрменов, Тұрсынбек Бай­молдаев бесеуімізді ертіп та­лай ұмытылмас сапарларға шық­қан­быз. Өзі әзілдегенді жақсы көретін. Кейінгі жастардың да орнымен айтылған әзілдерін көтере білетін. Соның бір-екеуін айта кеткім келіп отыр. Бірде немере шәкірті болып келетін (шәкірті Серікзат Дүйсенғазының оқушысы) Иранғайып Күзембаев деген жас ақын Рымғали ағамен Абыралыдағы туған ауылына бірге сапарлайды. Рымғали аға Иран­ғайыптың түрінің сары­лы­ғына тиісіп Жиренғайып дей­тін. Тілінің тікенегі бар жас ақын да атасымен қалжыңдасып жүреді. Сол сапарда Рымғали аға туған жеріндегі бір үлкен тастың үстіне отырып, қасындағы інілері мен шәкірттерін шақырып аманат айтады. «Адам деген мәңгілік емес. Егер мен олай-бұлай болып кетсем басыма гранит тас қоймаңдар. Осы туған жерімнің тасын апарып қойсаңдар мен риза боламын», дейді тебіреніп. Сол сәтте қу тілді Иранғайып: «Ағай, мына үлкен тасты сонау Астанаға апарып әуре болмай-ақ сізді осы жерге әке­ліп жерлей салмаймыз ба?» деп жұртты ду күлдіріпті. Жас ақын­ның тапқыр әзіліне ұстаз да рахаттанып күлген екен. Кейін сол тасты інісі Нұрлан Исабеков, шә­кірті Дәулеткерей Кәпұлы басына апарып қойды.

Тағы бірде шәкірттері Серікзат Дүйсенғазы, Балғынбек Имашев үшеуі Семей өңіріне сапарлайды. Сол сапарда Рымғали аға шә­кірт­теріне Шар қаласындағы алғаш бірінші сыныпқа барған мектебін көрсетеді. Әрі қа­рай Аягөзде өтіп жатқан респуб­ли­калық айтысқа барып қазы болады. Айтыс аяқ­талған күннің ертеңіне таң атпай Астанаға бір ғылыми жиынға асы­ғыс ат­танады. Қаладан жүз елу ша­қырым шыққанда рульдегі Бал­ғынбекке бұрылып «Бәлі, мен жаңа асығып жүріп қонақ- үйге көзілдірігімді, қол сөмкемді тас­тап кетіппін», дейді қина­лып. Ұйқысы қанбастан жолға шық­­­қан Балғынбек ашуланып: «Басыңызды неге тастап кет­пе­генсіз?», деп ұрсатын көрінеді. Өзі кінәлі болған соң ағамыз томсы­райып үндемей қалыпты дейді.

Ұстазымыздың ел ішінде айтылатын мұндай қызықтарын айтып тауыса алмаймыз. Биыл ор­тамызда болса маусымның бірі күні сексенге толғанын дү­бір­летіп тойлар едік. Туған кү­ніне орай 1 маусым күні сағат 10.00-де Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университеті мен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті бірігіп «Әдебиеттану ғылымының ай қанатты арғымағы» атты халық­аралық онлайн-конференция өт­кізгелі жатыр. Рымғали аға туралы кең көлемде жазылған «Ұстаз ұлағаты» (««Egemen Qazaqstan»  14 ақпан, 2020 жыл), «Алаш текті академик» («Ана тілі» 7 мамыр, 2020) деген мақалаларым бұған дейін жарық көрген болатын.

 

Құныпия АЛПЫСБАЕВ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше