Осы орайда «жаңа румын толқыны» ретінде танылған румыниялық режиссер Кристиан Мунджиудің «4 ай, 3 апта мен 2 күн» фильмі (2007 жыл) посткеңестік елдер үшін соншалықты таныс ортақ тарихын еш әсірелеусіз, ностальгиясыз салқынқанды баяндауымен таңғалдырады.
Фильмде қоғам міндеттеген заң кесірінен өз денесіне өзі иелік ете алмайтын, тіпті қорғай да алмайтын әлсіз топтың тіршілік үшін арпалысы көрсетілген. Түсік жасату қатардағы үй шаруасы сынды көрсетіліп, бір-біріне тізбектелген астыртын оқиғалар жасырынып жалғасып отырады. Оқиға аяғы ауыр болып қалған Габицэ (Лаура Василиу) мен құрбысы Отилия (Анамария Маринка) екеуінің жатақханадағы абыр-сабырынан басталады. Ішке біткен шаранадан құтылу үшін жасырын түсік жасатуды ойластырып, жең ұшынан жалғаса жүріп Бебе (Влад Иванов) есімді әлдебір дәрігерді тауып алады. Құпия жүрген жерде сөздің аз болатыны белгілі, бұл тыныштық қорқынышты одан сайын зорайта береді.
«4 ай, 3 апта мен 2 күн» әлемінде барлығы баяу және кері кетіп жатады. Мұнда ештеңе жұмыс істемейді, қыл аяғы қарапайым такси ұстау мен қонақүйді жалға алудың өзі ғаламдық мәселеге айналған. Адамға жан-жақтан тыйым салғаны соншалық, мұнда ешкім еркінен тыс аттап баса алмайды, әр бұрыштан қарауытқан үрей әне-міне бас салатындай. Тоталитар қоғам тәрбиелеген адамдар өте немқұрайды, жансыз. Қоғам екшеп берген тар шеңбер аясында шыр айналған кейіпкер өзі сынды жақтастарымен ғана мәмілеге келе алады. Ал қатал эгоизм мен қоғамның зорлық-зомбылыққа құрылған тәртібінің көлеңкесінде қылмыс жасырын түрде жүре береді. Солардың арасында құрбан болған кім? Заңсыз түсік жасатуға ұрынған Габицэ ме, зәбір көрген көрген Отилия ма, әлде жарық дүниемен ерте қоштасқан шақалақ па? Қайсысының қайғысы ауыр?
Отилияның сүйген жігіті мен оның отбасы – Мишель Фуко айшықтаған «пасторал билік» өкілдері. Яғни ең жақын қымбат адамы – Отилияға қамқорлық көрсетіп, өз түсінігіндегі салтанатты өмірді бірге сүріп-ақ келеді. Бірақ қасындағы адамның ішкі жан толқынысынан, басынан нендей қиындықтар өтіп жатқанынан, тіпті дәл алдындағы адамның бірнеше минут бұрын ғана зорлық көріп келіп отырғанынан мүлде бейхабар және білуге ынталы да емес. Бастысы, қоғам белгілеп берген «қасиетті тәртіптен» аттамаса болғаны – иә, түсік жасалмауы қажет, қыз бала арақ-шарап ішу, темекі тарту сынды жаман әдеттерден бойын аулақ ұстауы тиіс. Ал қасыңда жүрген адам неге жаза басты, неге іші қан жылап тұр, тығырықтан қалай шығады?
Екі өкпесін қолына алып жүгіріп жүрген Отилия бар өмірін тозаққа айналдырған екі күнде бәріне үлгереді, бәріне жетеді, бәрін құтқарады. Тозақ отының қат-қабат есіктерін аралай келе құрбысына: «Енді мұны ешқашан есімізге түсірмейік», дейді. Фильм осылай аяқталады, қонақүйде қоғам қылмысын жасырған екеудің жаңа өмір парағы осылай басталады. Бірақ Бухарестің еңсесі бір көтерілмейтін күңгірт көшелері мен алқам-салқам жұпыны тіршілігі алда тағы қандай сый әзірлеп тұрғаны беймәлім еді.
Әйгілі француз философы Мишель Фуко XII ғасырда философ Пьер Абеляр мен оның шәкірті Элоизаның некесіз қосылған бақытсыз оқиғасын мысалға келтіретіні бар. Шіркеу түсінігі бойынша әдептен аттаған екеу аяусыз жазаланады. Абеляр кастрация жазасына тартылған болса, Элоиза монастырьға жабылды. Осылайша күнәлі іске тойтарыс бере отырып, жазалыларды ел ішінен аластаған биліктің қараңғылығы трансформацияланған түрде бүгінгі қоғамызда әлі де көрініс тауып келе жатқанына сенгің келмейді.
Күні кеше «Айка» фильмі де Канн кинофестивалінде жүлдегер фильмдердің қатарынан көрінгенде көрермен неге қуанды? Киносыншылар режиссердің әйел бейнесін жасауда фильмдегі басты кейіпкерлердің гендерлік мінез-құлқын этностық психология мен идеологиялық жүйе тұрғысынан батыл алып шыққанын жоғары бағалаған еді. Өйткені фильмде сырттай байлық пен молшылыққа кенелген алпауыт қаланың озбырлық дендеген өмір сүру жүйесі мен жүдеу тұрмысында қорланған, қажыған әйелдердің тағдыры көтеріледі. Ресейлік зерттеуші Н.И.Яковлева қоғамдағы киноның әлеуметтік орнын саралай келе, «Гендерлік технологиялар гендерлік бейнелерді, гендерлік стереотиптерді көрсету, үйрету, қайталау, оларды меңгеру арқылы тұлғаның әлеуметтену барысына үлкен әсерін тигізеді. Осындай маңызды гендерлік технологиялардың бірі – кино», дейді. Осы тұрғыдан алып қарайтын болсақ, Канн кинофестивалінің жүлдегері атанған қос кино туындының да ортақ тұсы – өмірдің боямасыз шындығын көрсете алуында, мыңжылдықтар бойы қалыптасқан озбыр жүйені жалтақтамай әшкере етуінде болса керек.