Экономика • 01 Маусым, 2020

ОПЕК + министрлерінің кездесуі 4 маусымда өтуі мүмкін

83 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ОПЕК + министрлері кездесуді 4 маусымда өткізу мүмкіндігін талқылауда, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

ОПЕК + министрлерінің кездесуі 4 маусымда өтуі мүмкін

Сонымен бірге, дереккөздің хабарлауынша, түпкілікті шешім әлі қабылданған  жоқ. Бәрі әзірге келіссөздер деңгейінде талқыланып жатыр.

Бұл жолы да жиындар бейнеформат үлгісінде өтіп, Таяу Шығыс елдері келесі айдағы болжалды  бағалар мен экспорт кестелерін белгілейді. Алдағы бірер айдағы мұнай бағасы осы белгілеген шекті бағалар шеңберінен төмендеп кетпеуі тиіс. 

Сарапшылардың пайымдауынша, бас қосуды бірер күнге бері жылжыту туралы бастаманы  осы жылы ОПЕК конференциясына төрағалық ететін Алжир жағы көтеріп отыр.

ТАСС дереккөздері бұған дейін ОПЕК-тің кейбір елдері өндірісті қысқарту үшін ағымдағы квотаны осы жылдың соңына дейін ұзартуды талап етіп отыр деп мәлімдеген болатын.  «Бірақ Ресейдің  мұнай баррелін көбейту туралы келісімге келу  мүмкіндігі аз. Алдағы уақытта өндірілетін мұнай баррелі қазіргі көлемнен де қысқаруы мүмкін. Бірақ АҚШ пен Қытайда өндіріс ошақтары пандемиядан кейін ес жия  бастады. Мұнайға деген сұраныста алға жылжушылық бар. Ресейді де, ОПЕК-ке мүше елдерді де осы фактор үміттендіріп отыр», деп хабарлайды ТАСС.  

Сәуір келісімдеріне сәйкес, ОПЕК + елдері өндірісті тек мамыр және маусым айларында 9,7 миллион баррельге қысқартады, ал шілде-желтоқсан аралығында шектеулер 7,7 миллион баррельге дейін төмендеуі керек.

ОПЕК-ке мүше мемлекеттер болса,   мамыр айындағы шарттарды ұзақ мерзімге ұзарту керек деп санайды.