Аймақтар • 01 Маусым, 2020

Жамбылдық жеткіншектердің тағы бір тілегі орындалды

252 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Жамбыл облысында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай үш бірдей әмбебап спорт және ойын алаңы ел игілігіне берілді. Балалар мерекесі қарсаңында жаңа нысандар Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында, Қордай ауданының Масаншы ауылында және Тараз қаласындағы Қаратау-2 шағын ауданында ашылып отыр.

Жамбылдық жеткіншектердің тағы бір тілегі орындалды

Аталған спорт алаңдарының жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қоры Жамбыл облысының әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырған. Жаңа спорттық және ойын кешендері 30 көрерменге арналған жасанды көгалы бар футбол, «workout» және балаларға арналған құм-төбешік, әткеншегі бар ойын алаңдарымен қамтылған. Алаңның периметрі бойынша қоқыс салатын орындықтар мен урналар орнатылған. Мұндай бір кешеннің аумағы 1300 шаршы метрді құрайды.

Ал, Тараз қаласындағы алаңның ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысты. «Мемлекет басшысы елімізде барлық жастағы азаматтар арасында бұқаралық спортты дамытуды тапсырды. Ол үшін халыққа спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Бүгінде біздің облыста спортпен белсенді айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Ағымдағы жылы спорт нысандарының инфрақұрылымын жаңарту бойынша 120 жоба жүзеге асырылуда. Балалардың спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру арқылы біз оларды жағымсыз әдеттерден сақтай аламыз. Дені сау балалар – біздің болашағымыз!», деді Бердібек Сапарбаев.

Пайдалануға беріліп отырған жаңа нысандарды салу орындарын Жамбыл облысының әкімдігі және «Samruk-Kazyna Trust» қоры жергілікті азаматтық қоғаммен бірлесіп анықтаған. Жамбыл облысының әкімдігі тиісті аумақты ұсынса, «Samruk-Kazyna Trust» қоры алаңдардың толық орнатылуын қамтамасыз еткен. Енді олардың күтіп ұсталуы мен қызметін қамтамасыз ету үшін нысандар жергілікті атқарушы органдардың теңгеріміне беріледі.

1

«Бұл алаңдар балаларға да, ересектерге де қолжетімді, оларға кіру тегін. Нысандар салауатты өмір салтын қолдау және балалар спортын дамыту, қалалар мен аудандардың тұрғындарын заманауи спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында салынды», деді «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Мирас Иргебаев.

Жергілікті әкімдік пен жоба ұйымдастырушылары тұрғындарды алаңдарға ұқыпты қарауға, құрылымдарды бұзбауға және аумақты қоқысқа толтырмауға шақырады. Аталған әмбебап алаңдарды орнату жобасын «Samruk-Kazyna Trust» қоры «Менің елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асыруда. «Менің елім» бағдарламасының жобалары әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және өңірлердегі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Жоба іске қосылған сәттен бастап бүкіл ел бойынша 130-дан астам әмбебап спорт және ойын алаңдары ашылды.

2

 

Жамбыл облысы