Онда атап көрсетілгеніндей, соңғы жылдары отандық фармацевтика саласы айтарлықтай дамыды. Осыдан 20-25 жыл бұрын елімізде фармацевтикалық өнеркәсіпте өнімнің шектеулі түрін ғана шығаратын бірнеше кәсіпорын болды. Бұдан бөлек олардың шығарған өнімдері халықаралық өндірістік тәжірибе стандарттарына сай келмейтін. Сондықтан, дәрі-дәрмектің басым бөлігі шетелдерден жеткізілді. Осы мәселені шешу үшін елімізде саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, инвестицияның келуіне ықпал ететін ҚР Үкіметінің бірқатар қаулысы бекітілді. Кәсіпорындар GMP стандарттарына сәйкес жаңартылды, ал кей жағдайларда жаңа фармацевтикалық кәсіпорындар салынды. Салаға шетелдік инвесторлар келіп, бәсекеге қабілетті өнім шығаруды мақсат етті. Осындай кәсіпорындардың бірі - «Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» АҚ.
«Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы» Түркияның фармацевтикалық индустриясы көшбасшыларының бірі Nobel Pharmaceuticals компаниялар тобына кіреді. NOBEL Pharmaceuticals дайын дәрілік заттарды емес, белсенді фармацевтикалық құрамдарды, яғни дәрілік заттардың белсенді заттарын өндіреді. Компания құрылымында зерттеулер мен әзірлемелер орталығы да жұмыс істейді.
Қазақстанда кәсіпорын 2002 жылы Алматы фармацевтика фабрикасы базасында құрылды. Оның құрылуы мен дамуына 70 миллион АҚШ долларынан астам қаржы салынды. GMP стандарттарына сәйкес өндірістік нысандарды толық қайта құру және жабдықтау жүргізілді. Сонымен қатар, заманауи жабдықтармен жабдықталған жаңа цехтар құрылды. Өндірістің дамуымен шығарылатын өнімнің қатары де кеңейді. Қазіргі уақытта «Нобел АФФ» АҚ отандық дәрі-дәрмек өндірушілер арасында сату көлемі бойынша екінші орында тұр. Компания кең таралған, сондай-ақ сирек кездесетін ауруларды, қатерлі ісіктерді емдеу үшін жоғары сапалы, импортты алмастыратын 250 түрлі дәрі-дәрмек шығарады.
«Нобел АФФ» АҚ - 2011 жылы инспекциядан табысты өтіп, GMP стандартына сәйкестік сертификатын алған алғашқы отандық компания. Аталмыш инспекция Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының қатысуымен өтті. Содан бері компания Қазақстан мен басқа елдердің реттеуші органдары инспекцияларын, сондай-ақ трансұлттық фармацевтикалық компаниялардың инспекцияларын бірнеше рет қабылдады. Олар кейіннен фабрикада өздерінің бірегей инновациялық дәрі-дәрмектерінің келісімшарттық өндірісін орналастырған.
Бүгінгі таңда кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 750 млн дәрі, 250 млн капсула, 20 млн құтылардағы шәрбат және суспензия, жылына 10 млн туб кремдер мен гельді құрайды. Кәсіпорында физика-химиялық зерттеулер, микробиологиялық және ішкі өндірістік бақылау зертханалары жұмыс істейді. Олардың барлығы уәкілетті мемлекеттік органдармен халықаралық зертханалық тәжірибелерге сәйкес аккредиттелген және ең озық жабдықтармен, өлшеу аспаптарымен жабдықталған. Сонымен қатар, барлық дайын өнім ҚР ДСМ «Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК мемлекеттік зертханасында бақылаудан өтеді.
Сонымен қатар, «Нобел АФФ» 2015 жылдан бастап Abbott Products Operations AG трансұлттық фармацевтикалық компаниясымен бірлесіп өте маңызды және қызықты жобаны іске асыруда. Келісім шарт бойынша «Нобел АФФ»АҚ зауытында Abbott Products Operations AG компаниясының «Физиотенз ®» (моксонидин) түпнұсқалық препаратын екі дозада - 0,2 мг және 0,4 мг. шығару жолға қойылған. Препарат өндірісін іске қосу алдында Abbott Products Operations AG тарапынан бірнеше инспекциялық аудиттер болып, олар зауыттағы өндіріс шарттарының GMP стандарттарына сәйкестігін растады. 2015 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің қажеттілігі үшін осы препаратты Қазақстанға жеткізу басталып, кейін ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндігі қарастырылды. Нәтижесінде Ресей нарығы үшін «Физиотенз ® « препаратын өндіру туралы шешім қабылданды.
Дәрі-дәрмек өндірушілері үшін бизнесті дамытудың маңызды бағыты - өнімді экспорттау. Бұл өндірісті кеңейтуге, жаңа технологиялар трансферін жүзеге асыруға және жаңа дәрілерді шығаруды игеруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта отандық зауыт дәрі-дәрмектерді Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия және Беларусь елдеріне экспорттайды. Кәсіпорын өндірісінің көлемінде экспортталатын өнімнің үлесі біртіндеп артып келеді.
Бүгінгі таңда «Нобел АФФ» АҚ-да 500-ден астам маман жұмыс істейді. Қазақстанның 7 өңірінде филиалы ашылды. Компания алдағы уақытта жаңа өнімдер өндірісін игеруді және шетелдік нарыққа бағытталған өнімдер арттыруды жоспарлап отыр.