Аймақтар • 01 Маусым, 2020

Таразда тұратын мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсетіліп жатыр

536 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы бірқатар нысанды аралады.

Таразда тұратын мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсетіліп жатыр

Әуелі әкім жастармен «Birgemiz: Asyl mura» орталығында кездесті. Мұнда бүгінде жастар ерікті болудың қыр-сырын үйренуде. Жастар бастамаларының орталығында еріктілердің жұмысын үйлестіруге арналған алаң бар және фронт-офис жұмыс істейді. Мұнда өңірдегі жастар саясатының негізгі бағыттары бойынша кеңестер беру жұмыстары жүргізілуде. Орталықта 60 адамға арналған бөлме, кино залы, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану орны және жастарға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Кездесу барысында Бердібек Сапарбаев карантин кезінде «Біз біргеміз» ұранымен мұқтаж жандарға азық-түлік себеттерін жеткізуге атсалысқан еріктілерге алғысын білдірді.

Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев инклюзивті балалар ойын алаңшасын да барып көрді. Аталған ойын алаңшасының құрылысы «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен жүргізілген. Инклюзивті ойын алаңшасының барлық компоненттері әмбебап дизайнмен үйлесім тапқан және отандық өндірушілердің кедергісіз орта талаптарын ескере отырып арнайы әзірленген. Жаңа алаңның ойын элементтері – карусель, құмсалғыш, төбешік, интерактивті панельдер және өзге де көптеген элементтер барлық балалар үшін оңтайлы жобаланған. Инклюзивті алаң балалардың бірге уақыт өткізіп, олардың белсенді дамуына оң әсерін тигізеді. Ойын алаңы қаланың ашық аумағында орналасқан. Бұл қала тұрғындарының, әсіресе ерекше қажеттіліктері бар балалардың жалпыға қолжетімді орында бос уақыттарын өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аталған алаң балалардың даму ерекшеліктері мен олардың қажеттіліктерін ескере отырып, қалалық инфрақұрылымды жақсартудың үлгісі ретінде салынған.

Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы, «Қаратау» (2) шағын ауданындағы балалар ойыны алаңы және спорттық кешенінде де болды. Аталған алаңдарды «Менің Елім» бағдарламасы аясында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры орнатқан. Әмбебап алаңдарды орнатудағы мақсат – халықтың салауатты өмір салтын қалыптастыру және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру болып табылады. Ашылған алаңдар тұрғындарға, әсіресе жас ұрпақтың өз әлеуетін іске асыруға және жаңа биіктерді бағындыруға серпін береді. Сол сияқты, Жамбыл облысының әкімі Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 психологиялық-педагогикалық түзету орталығына да барды. Аталған нысан «Қазақстанда әралуан, бірақ тең инклюзивті қоғам құру!» жобасы аясында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға және олардың отбасыларына тиімді көмек көрсету мақсатында «Дара» қайырымдылық қорының демеушілігімен ағымды жөндеуден өткізілген. Сонымен қатар, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылып, мекеме қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Кабинеттерде балалар үшін дефектолог, логопед мұғалімдері, педагог-психолог мамандары, сурдопедагог, әлеуметтік педагог, медбике-массажист, әдіскерлер және өзге де мамандар қызмет етеді. Алдағы уақытта Тараз қаласындағы «Жайлау» (3), «Салтанат» (4), «Талас» (6), «Самал» (7), «Алатау» (8) шағынаудандарында тұратын, қазіргі уақытта №1 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне барып жүрген 150 балаға қызмет көрсетілетін болады.

 

Жамбыл облысы

1

2