Аймақтар • 01 Маусым, 2020

Пандемия: Сақтансаң сау боларсың

169 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстанда індетке шалдыққандар саны 59 адамға жетті. Осы уақытқа дейін жаман індетпен күресте алдыңғы орында келе жатқан өңір бүгінгі таңда бұрынғы қарқынынан айрылып қалды. Оның басты себебі Ресей Федерациясымен екі арадағы шекараның ашылғандығы болып отыр.

Пандемия: Сақтансаң сау боларсың

Қазір көрші елден күніне 350 адам өтеді. Солардың арасынан індетке ұшырағандар көптеп шығуда. Кеше ғана Ресейден келген бес Қазақстан азаматының бойынан жаман індет табылды. Олардың үшеуі Омбы облысының аумағында вахталық әдіспен жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтары екен. Ал тағы бір азамат Қазақстан аумағына Ресей Федерациясының Рубцовск қаласынан келіпті. Онымен жақын араласқан 1988 жылы туған Қазақстан азаматының бойынан да короновирус табылып отыр.

Сырттай қарағанда бұлардың бойынан пандемияның еш белгісі байқалмайды, ал тексере келгендегі алғашқы қорытынды оларда вирустың барын анықтаған. Қазір бәрі де карантиндік стационарға жатқызылды. Егер жіті жүргізілетін сарап алғашқы қорытындыны растайтын болса олар қалалық аурухананың инфекция бөліміне жатқызылады.

Қазір қала көшелелерінде халық еркін жүре бастады. Бетпердені тек дүкендерге немесе басқа да ғимараттарға кіргенде ғана тағады. Не себепті екенін кім білсін, ыстық күндері жойылады деген вирус та азаймай отыр. Халықтың да жамандыққа еті үйреніп келе жатқаны қауіп ойлатады. Сақтық шараларын естен шығармаудың қажетілігі арта түскен.