Адам баласының, тіпті өзіңнің бойыңдағы сан алуан сезімдер, ойлар, солардың жетілуі, кемелденуі, ізгіленуі, әрбір ситуацияда әртүрлі реңкте, әртүрлі бейнеде көрінуі, жаңа қырынан танылуы, жаңа қауызының ашылуы – осының бәрі өзіңді, қоғамды, әлемді сәт сайын қайта танып, басқаша бағамдап отыруға алып келеді.
Осы сезінулер мен ой кешулер болмаса, біз көлеңкелер секілді тіршілік кешер едік. Біз дүниедегі бар құндылықтар мен идеялардың, жаратылыс пен болмыстың, өркениет пен мәдениеттің, ғылым мен білімнің, тіршілік иелері мен заттардың көлеңкесін ғана көрер едік. Көлеңкелері арқылы бағалар едік. Платон үңгірінің адамдары секілді. Басымыз бұрылмастай етілген, аяқ-қолымыз бұғауланған, тұсалған, жарық желкемізден түскен. Ал сол үңгіріміздің қабырғасында тек көлеңкелер билеп жүрер еді.
Бірақ бір сәтке басқаша қарап көрейікші, біздің сезімдеріміз бен ойларымыз өзге адамдардың сезімі мен ойының көлеңкесі ғана емес пе? Тіпті біздің өміріміздің өзі өзгелердің өмірінің көлеңкесі емес пе? Біз өзгелердің көзқарасымен, пікірімен өмір сүре бастағанда, өзгелердің ойы бізге таңылғанда, өзгелердің идолы мен эталоны біздікіне айналғанда, өмір сүру салты мен дәстүрі өзіміздікінен зор көрінгенде, өзгелердің өркениеті үлгі болғанда, ойлау жүйесі қалыпты шаблонға айналғанда, біз өзімізді олардың көлеңкесі емеспіз әрі идеяның көлеңкесін емес, өзін танимыз деп айта аламыз ба, жеке адам ретінде, тұтас ұлт ретінде? Өндіруші, тудырушы емес, тұтынушы ғана болғанда, қалай көлеңке емеспіз деп айтуға болады? Ойдың өзін емес, көлеңкесін ғана көрсек, ол ойдың бізге берері бар ма? Ал оның өзін көрсеткісі келгендер табылса, мойындауға ерік бар ма?
Платон үңгірінен шығатын жол қайсы? Жалпы, біз бұл үңгірге қалай тап келдік?
Мәуләна үңгірі
Біздің далада піл жоқ. Бірақ піл деген ұғым бар. Демек, бізде пілдің көлеңкесі бар. Оны сырттан алып келіп, циркте я зообақта бізге көрсетеді. Алайда ол бізге сіңбейді, тіршілік кешпейді, біз оның мекені емеспіз. Ол бар болғаны таңсық дүние, экзотика. Дүкендерімізде тұрған ананас секілді. Идеялар да солай ғой. Сырттан алып келіп, сүйкімді етпек боламыз: «қараңыз, қандай таң-тамаша нәрсе!». Қазақтың өз топырағынан, өз табиғатынан, болмысынан өніп, өсіп шықпаған дүние әрқашан жат көрінер. Біз тек оның көлеңкесін ғана танырмыз. Қазақ даласынан археологтар зілдің яғни мамонттың сүйегін қазып алып жатады. Осыны көргенде ғана барып, зілдің де, пілдің де бізге сонша жат әрі бөтен еместігін ойлай бастаймыз. Піл туралы ой басқаша қырынан ашыла бастайды, енді ол көлеңкесімен емес, өз анық болмысымен ойға бекиді.
Бұл піл – Руми пілі. Жаңа әрі көне ой. Жат әрі жақын түсінік. Мәуләна пілі Мәуләна үңгірінде тұр. Мәуләна үңгіріне кірген әрбір адамдарға ұқсап біз де қараңғыда пілді ұстап көріп, таңданамыз. Бірақ оның піл екенін білмейміз. Румидің кейіпкерлері секілді әртүрлі жорамал мен болжамдар айтамыз. Қазіргі жаңа әдебиеттегі постмодерн теориясына қатысты полемика секілді. Постмодерн – біздің піліміз. Біздің пілдеріміз өте көп.
Шәкәрім үңгірі
Платон үңгірі – үңгірде өмір сүріп, оның сыртын білмес адамдар мекені болса, Мәуләна үңгірі – сырттағы адамдардың үңгірге кіріп, адасуы, ал Шәкәрім үңгірі мүлде басқа түсінік.
Шәкәрім Платонның да, Мәуләнаның да көзқарастарын білді. Платон туралы өзі де айтты. Соларды біле отыра, үңгірдің басқаша мәні болатынын ұқты.
«Айсұлу мен Нартайлақ» поэмасында «Айсұлудың ақтасы» деп аталатын үңгір бар. Бұл үңгірдің мәні неде?
Айсұлу мен Нартайлақ – ескі түсінікпен өмір сүретін, құндылықтарды мойындауға құлықсыз, өз ойлары мен шешімдеріне шырмалған, кісі құқын қадірлі деп таппас ортаның құрбандары. Осы орта – Платон үңгірі, олардың көзқарастары – Мәуләна үңгірі. Бұл үңгірлерден тысқары, еркіндік аралы секілді, мәңгілік махаббат пен армандардың мекеніне айналған, қос ғашықтың әрқашан ұмтылып тұратын, сол тұста кездесетін, ойда да, өмірде де жандарына тыныштық сыйлайтын Шәкәрім үңгірі тұр. Ақын гуманизмінің символдық белгісі. Ақын қоғамының құрбанына айналғалы тұрған қос ғашықты осы үңгірге алып келеді. Осы үңгірде олар ерікті, бостан, арманшыл.
Айсұлу Платон үңгірінің құрбаны болды, бұғаулы ортада өз мойнына бұғалық салды. Мерт болды. Оның махаббаты мен армандары қалған үңгір – «Айсұлудың ақтасы» аталды. Бұл – Шәкәрім үңгірі.