– Ғарифолла аға, Алаш қайраткерлерінің мұрасын зерделеуді мұрат тұтқан «Арыс» және «Әділет» қоғамдық қорының жұмысы бүгінде Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіндегі жұмыстармен астасып жатыр. Осы орайда Жаңалықтағы қорымнан табылған репрессия салдарын зерттеудегі жұмыстар қалай жүзеге асуда?
– Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі құнды жәдігерлерді сақтайтын орын ғана емес, осы бағытта іргелі жұмыстар жүргізетін ғылыми-зерттеу орталығы десем, артық болмас. Музей ашылған уақыттан бергі аралықта тағдыры беймәлім болып келген көптеген боздағымыздың есімдері анықталды. Жаңалық қорымынан табылған 4 мыңнан астам құрбанның есімі музейдің бір бөлмесінде гранитті қабырғаға қашалды. Жаңалық жайы – кім-кімнің де жүрегін ауыртар, қазақтың қара таңбалы, қаралы тарихының басты беттерінің бірі ғой. 1995 жылдары Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Жаңалық пен Іленің Әли ауылдарының шекарасындағы бос жатқан жерлерден алматылықтарға саяжай үшін деп телімдер бөлініп берілген. Бірақ ол жерлерді игеруден саяжай иелері түгелдей бас тартады. Өйткені топырақты аударса, адам сүйегі шығады. Ана жерден де адамның бас сүйегі, мына жерден де адамның бас сүйегі... әрі бас сүйектердің бәрінің шүйдесі тесік, атылған оқтың ізі бар. 2018 жылдың 28 маусымында Жаңалық ауылындағы Рахимов көшесі, 1-ші үйден құбыр арнасын қазған кезде көптеген адам сүйегі табылғаны белгілі. Осы орайда Алматы облысы Талғар ІІБ қызметкерлері қылмыстық іс қозғап, сүйектерді Сот-сараптама институтына тапсырды. Жарты жыл тексерістен кейінгі сараптама актісі бүгінде музейімізде сақтаулы тұр. Шамамен 3х3 метр болатын қазаншұңқырдан (мүмкін бейбақтардың өздеріне қаздырған болар) 163 адамның сүйегі табылған. Сараптама нәтижесіне сәйкес олардың жартысынан көбі өз қандастарымыз, бесеуі әйел екені анықталды. Ол мүрде қалдықтары өткен жылы Аза күні қарсаңында жер қойнына тапсырылды. Шірімей, сақталған заттары (гильза-оқтар, көзәйнек, тиындар, мүштек, аяқкиім қалдықтары) музейге экспонат ретінде қойылды. Осылайша Жаңалықта бір сәтте 163 адамды қойша тізіп атса, бұндай жағдай сан мәрте қайталанбады деп кім айта алады?.. Осыған қарап құрбандар санын шамалай беруге болады.
– Жаңалықтағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейін тарихи, мәдени, ағартушылық бағыттағы мекеме деңгейіне көтеру мәселесі жиі айтылып жүр. Осы бағытта қандай жұмыстар жолға қойылған?
– Бұл маңда 2002 жылы ескерткіш орнатылып, оған Тұңғыш Президент – Елбасының өзі қатысқаны белгілі. «Әділет» қоғамы сан жылдан бері билікке өтініш жасауының нәтижесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай Алматы облысының әкімі А.Баталовтың бастамасымен Жаңалықтағы мемориалды кешенді абаттандырып, музей салу ісін қолға алды. Осы орайда облыс әкімінің сауапты бастамасын жеріне жеткізіп, музейдің қазығын қағып, іргесін көтеруге атсалысқан азамат Ақан Әбдуәлидің еңбегі зор. Осылайша 2019 жылдың наурызында ашылуы жоспарланған музейдің құрылысы 2018 жылдың күзінде аяқталып, Тәуелсіздік күні ашылды. Бұл сары күзден қарлы қыс аралығында 2-3 ай ішіндегі жанталасқан шығармашылық жұмыстың жемісі болатын. Музей саласының шебері Шәміл Қожахановтың тұжырымдамасымен, М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшылары Р.Аязбаева, К.Исабекованың қажырлы еңбегі арқылы аз-кем уақытта заманауи жаңа музей дүниеге келді. Әрине, айтуға оңай. Еліміздегі әрбір музейді Алтын адамның алтын алқасының бір ұшығы, рухани таспиғымыздың бір-бір тасы деп бағаласақ-дүр. Сондай-ақ «Әділет» қоғамы төрағасының орынбасары жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев, Қоғамның атқарушы директоры Сәуле Ходжикова музейдің безендірілуіне, тақырыптық-экспозициялық түрленуіне қомақты үлес қосты. Ал осы маңдағы 17 га жер болашақта мемориалды кешен тұрғызу үшін арнайы актімен 1996 жылы Қазақстанның тарихи-ағарту «Әділет» қоғамының меншігіне берілді.
– Жаңалықта мүрдеханаларды ашып, жерлеу, зерттеу жұмыстары қалай жүргізіледі?
– Менің соңғы екі-үш жылым осы аймақта, музейде өтіп келеді. Әлі де ауыл аумағында адам сүйектері жатқаны белгілі. Бұл маңға қоныстанғандар тапқан сүйектерді құран оқып, адам аяғы баспайтын жерге көмген. Ауылда ешкім тұрмай, бос қаңырап тұрған «аруақты» үйлер де бар. Ең сорақысы – кейбір мүрделер күре жолда, адам аяғы мен жүйткіген көліктердің астында тапталып жатыр. Алайда кімнің сүйегі екені беймәлім. Мүмкін А.Байтұрсыновтікі, Т.Рысқұлов, Сәкен, Ілияс, Бейімбеттікі болуы да әбден мүмкін. Мен осы орайда бас көтерер ел азаматтарына, тіптен сол маңға зәулім-зәулім тойхана салып жатқан қалталыларға «Әділет» қоғамына қаржылай қолұшын созыңыздар демекпін. Арыстарымызды ажалдан сақтай алмадық, ең болмаса сүйегін қорламайық! Небір жаугершілік заманда намысты ата-бабаларымыз «Жауыма сүйегімді қорлата көрме» деп Жаратушыға жалбарынады екен. Ең болмаса бас бармағын туған топыраққа табыстауды аманаттаған. Ойсыз, парықсыз тойлардан кейінгі ойланатын жайымыздың бірі осы болса керек.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы қолға алынған тұста республикалық тізімге ең алдымен Жаңалық мемориалды кешенімен қатар, Алматыдағы А.Байтұрсынұлы музей-үйінің де енгені белгілі. Бүгінде аталған музей жұмысын жетілдіруде қандай жұмыстар қолға алынуда?
– Осы тұста анау бір жылдардағы оқиғалар еске түсіп отыр. Қайта құру жылдарымен тұспа-тұс келген заман. Аманқос Мектептегі екеуміз қалада жиырмадан астам ғарышкер атында көше барын анықтап (Гагарин, Береговой көшелері әлі де бар), «Космонавтар» деген көшені ұлт ұстазы Ахаңның атына алу үшін біраз жүгірдік. Ахаңның қызы Шолпан апай отбасымен сонау 1930 жылдары, ұмытпасам нақты мекенжайы Космонавтар көшесіндегі 60-шы үйде тұрды. Революцияға дейін бұл ғимарат Никольск шіркеуінің бас попына арналып ағаштан қиылып тұрғызылған екен. Шолпан Ахметқызы жұбайы, қызы Айманмен, жалпы осы ғимаратта сегіз отбасы қысылып-қымтырылып өмір сүрген. Асүй ортақ, дәлізде керогаз. Айдаудан келген Ахаң мен Бадриса апай, қолдарында бала Самұрат бар, мұнда тұрақтамаса да аядай бір бөлмеге келіп-кетіп жүргені белгілі. Бізге мәлімі, Алматы шәріндегі Ахаңдар отбасы тұрған үйлер: бірі – қазіргі Аэровокзал орнындағы қос қабатты Қартқожаның үйі, екіншісі – қазіргі Туберкулез аурулары ғылыми-зерттеу институтының ауласындағы жатаған үй – бүгінде бұзылып кеткен... Қайта құру мен тоталитаризмнің тоңын жібіткен Желтоқсанның арқасы шығар, Космонавтар көшесінің аты өзгерді. Осы кездерде мен «Арыс» қорын құрдым. Бірінші шаруамыз – Жазушылар одағының кіре берісінде әлі күнге дейін тұрған репрессияға ұшыраған қалам қайраткерлеріне арналған ескерткіш-тақта болатын. 1988 жылдың желтоқсан айының соңында ғана «ақталған» Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойын атап өтетін тұста үкіметтік комиссия құрылып, қаулы қабылдады. Орайы келіп тұрған сәтте жаңағы үй түгел босатылып, музейге айналатын болды. Ол кездегі Оқу, денсаулық және спорт министрі Қырымбек Көшербаевтың нұсқауымен «Қазреставрация» мекемесі жөндеу жұмыстары жүргізіп, «Арыс» қоры музейді жабдықтап шықты. Сонда жертөледен сараптама қорытындысы бойынша сонау 1918-1919 жылдары өлтірілгендігі анықталған адам сүйегінің табылғаны есте. Осы күндері А.Байтұрсынұлы музей-үйі мен аулаға қойылған мүсіннің ашылуы өтті. Қазақстандағы Алаштану ғылымының тұсауы кесіліп, алдынан даңғыл жол ашылды. Десек те менің жүрегімді ауыртатыны – ширек ғасырдан бері А.Байтұрсынұлы музей-үйінің меншіктік мәселесі шешілмей, мемлекет қарауына алынбауы, айтуға ұят дау-дамайдың нысанына айналуы.
– 2011 жылы шыққан «Азалы кітап. Жаңалық. Мартиролог» деген іргелі еңбектен «Жаңалықта 1937–1946 жылдары атылған 4121 адам жерленген...» деген жантүршігерлік деректер кездеседі. Алматы маңында тағы басқа да жерлеу орындары бар ма?
– Бұл жерде де әлі басы бүтін шешілмеген түйін көп. Қазіргі кезде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес айтатын мәселе жеткілікті. Атылғандардың саны – ресми мәлімет әрі Алматы қаласындағы бұрынғы НКВД мекемесінің жертөлесінде «Үлкен террор» жылдары атылғандар. Осы тұста, олар біріншіден, «Жаңалыққа жерленді ме?» дегенге тоқталсам, сол «Үлкен террорда» бір күнде атылған 19 нарком (яғни үкімет мүшелері, министрлер) Боралдай маңында көмілген деп жүрміз. Сол жерге шағын ескерткіш те орнатылған. Бірақ бұл әңгіменің шындығына кім кепіл? Екіншіден, қаладан тым қашық, 35-40 шақырым жерге ол жылдары өлген адамдардың денесін жүздеп жеткізу де оңай шаруа емес. Олардың денесі неге Жаңалыққа жеткізілді? Әлде сол жылдары Жаңалық аумағы НКВД ведомствосына қарасты болды ма (мәселен, оқ ату, жаттығу полигоны, болмаса подхоз аталатын шаруашылық орны, т.б.)? Бұл мәселеге қатысты туындайтын сұрақ көп болғанымен, жауап жоқ. Меніңше, сұрақтың жауабын НКВД мекемесінің мұрагері саналатын мекемелер беруге тиіс әрі архивтік құжаттар толық ашылуы қажет. Олай дейтініміз, НКВД-ның орталық ұйымы Мәскеудегі жазаланған адамдардың, мәселен Әлихан Бөкейханның, Нығмет Нұрмақовтың моласының дәл орнын анықтап бермесе де, қайда жатқанын (Бутово полигоны, Коммунарка... дегендей) көрсетіп отыр. Жоғарыдағы 4121 деген адам санына алғашында менің де күмәнім болған.
– НКВД үйі Саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығына беріліп, музей ашу туралы жоспарлардың болғандығынан хабардар болған едік. Кейіннен бұл іс те аяқсыз қалған сияқты.
– Бұл жерде үлкен сорақылықтың шеті шығады. Алматыдағы атышулы НКВД үйінің жартысы, бір кезде түрме болған, Алаш ардақтыларын азаптаған бөлігі Бекболат ақсақал Мұстафин басқарған Саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығына берілді дегенде қатты қуанғанымыз рас. Түрме тарихи кадрларға азық, алапат залдары бар музей болады деп жоспарладық. «Әділет» қоғамы қолға іліккен барша жәдігерді жинақтап, музей ұйымдастырды. Музей екі жылдан астам жұмыс істеді. Күндердің-күнінде ол ғимаратты да жекешелендіріп алғандар тарихи объект – азаптау камераларын бұзып тастап, музейді тып-типыл етті. Өкініштісі, түпнұсқа экспонаттар жер астына түсіп кеткендей, зым-зия жоғалды. 4-5 жыл ғимаратты бұздырмаймын деп сонда «бекініп алған» қауымдастық басшысы Жұмабек Ашуев көшеде қалды. Жақында сол түрменің камера-кабинеттері сыңғырлаған қонақүй бөлмелеріне айналыпты дегенді естідік. Түрмені де, қонақүйді де жайына қалдырайық, бізге керегі – Алаш арыстары ұрпақтарының бүгінде өзі жоқ, көзі тірісінде өз қолдарымен тапсырған жәдігерлері еді. Олардың қайда екенін тиісті министрлік анықтап, жауап берер деген үміт бар.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі орналасқан аумақты аралай жүріп, жоспарда бұл маңның аспан астындағы музейге сұранып тұрғанын байқағандаймыз. «Әділет» қоғамының меншік жері әрі қарай қандай мақсаттарға пайдаланылады?
– Жоғарыда атап өткенімдей, музей және саяси қуғын-сүргін құрбандары монументі орналасқан меншіктегі жердің бір гектарын музей салу үшін облыстық меншікке өткіздік. Қазіргі таңда ескерткіш кешен маңындағы 2 гектар жер Талғар ауданы меншігіне берілді. Ол жерді абаттандыру ісі басталып та кетті. Осылайша музей М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің бір бөлімшесі ретінде қаржыландырылып, шаңырағын тіктеп келеді. «Әділеттің» қарамағындағы қалған 14 га аумаққа ұлттық Азалы Атабейіт жасау, М.Шоқай сынды көсемдеріміздің сүйегі мен кең-байтақ өз еліміздегі және әлемге тарыдай шашылған арыстарымыз жатқан жерлерден топырақ алып келу, кешенді ескерткіштер тұрғызу, советтік-коммунистік, сталиндік-тоталитарлық жүйенің геноцидтік саясатының құрбаны болған 4,5 миллион (!!!) қазақтың аты-жөнін мәрмәрға қашап жазып, өркениетті елдердің үлгісімен Аза қабырғасын тұрғызу сынды сауапты істер жоспарда бар. Меценаттардың жоқтығынан, еліміздің дағдарыстан көз ашпауынан бұл жоба-жоспарлардың қашан жүзеге асарын болжаудың өзі қиын. «Әділет» қоғамы мен музей ұжымы биылғы Аза күніне орай біршама ауқымды іс-шара ойластырған болатын. Мәселен, Боралдай кенті түбіндегі 19 тұңғыш халық комиссарының сүйегін және Қытаймен шекарадағы Райымбек ауданы Нарынқолдың Көрсайында пулемет оғының құрбаны болған мыңдаған қазақтың шашылып жатқан сүйектерін болашақта Атабейітке әкеліп жерлеуді жоспарлаған едік. Мүмкін болса ол сауапты істерді 26 тамызда, Қазақ АССР-ның құрылуының 100 жылдық белесті датасына тураламақ ниетіміз бар.
– Қуғын-сүргін құрбандарын ұлықтау кейде науқаншылдық сипат алып кетіп жатады. Белгілі бір күндерде ғана еске алып, жылдың басқа мезгілінде қайтадан тарих парақтарын жауып қою үрдіске айналып бара жатқандай көрінеді. Тарихтың ақтаңдақ беттерін келешек ұрпақтың білуі үшін қандай шаралар жасалуы тиіс?
– Сарапшылар пандемия біткен соң адам баласының құлқы өзгереді, сана-сезімі мен таным-түсінігінде жаңа бетбұрыстар болады деп болжап отыр. Осы орайда мен қазақ қоғамы гуманизмі мол адами құндылықтарды жаңаша бойына сіңірсе екен деймін. Өйткені жақсылық көрсең де өзіңнен, жамандық көрсең де өзіңнен. Жер бетінде әлі құрып-бітпеген алты мыңға жуық тіл бар деп есептеледі. Бұл осынша нәсіл, халық бар деген сөз ғой. Ал мемлекет саны 200-ге де толмайды. Меніңше, бұл 200 ғана ұлт бар дегенді білдірсе керек. Толыққанды ұлттық мемлекет құру қай заманда да адам баласы үшін алынбас асу болған. «Арыс» деп, «Алаш арыстары» дегеніміздің өзі ұлттық мемлекет құру жолында шейіт болғандығын ұлықтағанымыз емес пе? Алаш баласында алапат ашаршылықтың зардабын тартпаған отбасы, туғаны опат болмаған жан жоқ шығар. «Сауран айналғанды», «Ақтабан шұбырындыны» кім көрген. Кешегі Ұлы апатты қалайша ұмытуға, қырғынды қолдан жасағандарды кешіруге болады?!. Ол Айда болған жоқ, Африкада болған жоқ, біздің үйімізде, біздің төрімізде болды ғой. Алдындағы 40 миллион малынан, бар-байлығынан тышқақ лақ қалмады. Қазақ даласында 1929-1931 жылдары 250-ден астам халық көтерілісі, ашынғандардың толқуы болған, дейді тарихшы мамандар. «Созақта атқа қонған қазақтар, бес жүз-бес жүзден қырылған халық батырлары сол соңғы майдандарына сырт киімдерінің ішінен кебін киіп аттанған». Біз – солардың ұрпағы, сорлаған жұрттың сарқытымыз! Мақталып бауыздалғанша, датталып серпілейік те. Қайғы-қасірет қайталанбас үшін жылына бір күн – Аза тұту күні өлі тыныштықта өткенге көз салалық. Өткені бар, барын өшірмеген ұлттың ғана болашағы болмақ.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандары монументінің жанында жылда құран бағышталып, ас берілуші еді...
– Бұл күн атаулы мереке емес, Аза тұту күні. Сондықтан барынша өзім танып-білген шындық жайттарды айтып өтсем. Тәуелсіздік таңы атқан тұста Алматыда сол сұм заманды көзбен көрген репрессия құрбандары соншалықты көп емес еді, бүгінде олардың да қатары сиреп барады. Асылдың тұяғы Ілияс ақынның ұлы Саят Жансүгіров атамыз, профессор Құдайберген Жұбановтың кенжесі профессор Асқар Жұбанов ағаларымыз ортамызда. Бүгінгі «Әділет» қоғамының белсенді тобы негізінен Алаш арыстарының немере-шөберелері. Қайта-қайта телефон шалып, мазасызданып жатады. Талай жылдар сол жиындардың басы-қасында аяулы Гүлнар апамыз (Дулатова), Шолпан апамыз (Байтұрсынова), Бекболат Мұстафин, Мақаш Тәтімов ағаларымыз, «АЛЖИР»-ді алғаш жалаулатқан Армиял әріптесіміз, Рысқұловтың, Сейфуллиннің, т.б. атақтылардың ұрпақтары жиналушы еді. Алматыда ашаршылық құрбандарына ескерткіш ашылып, екі жақтағы қаралы митинг бір мезетте өтетіндіктен, Жаңалыққа жол тартушылар саны күрт азайды. Осы тұста Алматы саябағы түбіндегі НКВД түрмесінде атылғандардың бәрі Жаңалықта жай тапқандықтан, алдағы жылдарда Алматы қалалық әкімдігінің басшылығына қасиетті Құран дұғасын тас ескерткішке емес, мыңдаған Алаш арыстарының сүйегі жатқан жерге барып бағыштаған орынды екендігін айтқымыз келеді. Өйткені бұл – ұлттық тақырып, ұлттық апат мәселесі.
Әңгімелескен
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»