Қазақстан • 02 Маусым, 2020

Қазақстан әуежайлары бір жылда қанша жолаушы тасымалдаған?

272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов халық алдында есеп беру кездесуінде айтты.

Қазақстан әуежайлары бір жылда қанша жолаушы тасымалдаған?

«Азаматтық авиация саласында өткен жылдың қорытындысы бойынша 8,6 миллионнан астам жолаушы тасымалданды. Бұл 2018 жылдың сәйкес көрсеткішінен 9% көп. Ел әуежайларында 17,7 млн жолаушыға қызмет көрсетілді. Соңғы 7 жылда транзиттік жолаушылар ағыны 45 есе артты. Былтыр бұл көрсеткіш 1 млн транзиттік жолаушыға дейін өсті. Әуе көлігі инфрақұрылымын дамыту шеңберінде өткен жылы Қостанай және Балқаш қалалары әуежайларындағы ұшу қону жолақтары реконструкцияланды. 2019 жылдың 1 мамырында «Fly Arystan» алғашқы отандық төмен бюджетті тасымалдаушы іске қосылды», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Оның айтуынша, 2019 жылдың қарашасынан Қазақстанның 11 әуежайына «ашық аспан» режимі енгізілді. Оның шеңберінде 14 жаңа халықаралық әуе бағытын ашу жоспарланды. Соңғы 3 жылда отандық және шетелдік әуе тасымалдаушылар 19 жаңа бағыт ашты.

«Коронавирус пандемиясы кезінде азаматтық авиация саласы экономиканың қатты зардап шеккен секторларының біріне айналды. Сондықтан Үкімет отандық әуе компаниялары мен әуежайлардың залалдарын қысқарту мақсатында салықтық жеңілдіктер бойынша мемлекеттік қолдау шараларын қабылдады. Биылғы 4 айда тасымалданған жолаушылар саны 1,7 млн жолаушыны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23% аз. Қызмет көрсетілген жолаушылар саны - 3,3 млн, ал транзиттік жолаушылар саны 120 мың адамды құрады», - деді министр.

Коронавирус пандемиясына байланысты жағдай жақсарғаннан кейін министрлік жаңа халықаралық әуе бағыттарын жаңарту және ашу жұмыстарын қолға алады.

«Әуе көлігі инфрақұрылымын дамыту бойынша биыл Түркістандағы жаңа халықаралық әуежай іске қосылады. Өскемен қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын реконструкциялау басталды. Шымкенттегі әуежайдың жаңа терминалының құрылысы және Орал қаласы әуежайының аэровокзал кешенін жаңғырту жалғасады. Ішкі туризмді дамыту шеңберінде қаржыландыру бөлінген жағдайда Үржар және Үшарал қалаларындағы әуежайлардың тағы да екі ұшу-қону жолағын жаңарту басталады», - деді ол.