Аймақтар • 02 Маусым, 2020

Қарағанды облысы: Мәдениет саласында – маңызды жобалар

735 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағытында өткен 2019 жылды жемісті болды деп айтуға толық негіз бар. Тарқатып айтар болсақ, аталған бағдарлама аясында 33 жоба жүзеге асырылды.

Қарағанды облысы: Мәдениет саласында – маңызды жобалар

«Қазақстанның рухани киелі жерлері», «Қазақстанның сакралдық географиясы» арнайы жобасы аясында сегіз жобаның жұлдызы жанды. Атап айтқанда, өңірдегі 15 тарихи және мәдени ескерткіштерге реставрациялық зерттеу бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұлардың қатарында Ақтоғай ауданындағы Балбырауын кесенесі, Бөріктас қыстауы, Қарқаралы ауданында орналасқан Садырбек қажы мазары, Шет ауданындағы Данияр кесенесі, Нұра ауданы жеріндегі Әбділда кесенесі, Ұлытау ауданында орын тепкен Жансейіт, Төртқара, Сауқым  кесенелері, Жаңаарқа ауданындағы Қарғаш кесенесі бар. Сондай-ақ, Шет ауданындағы Қаражартас қорымы маңында қазылған құрылыстарға, Талды археологиялық кешеніндегі  қола, ерте темір, түркі дәуірінің қорғандары, қорымдары, қоршауларына жататын  төрт ескерткішке қайта қалпына келтіру жұмыстары  қолға алынған. Бұдан бөлек, өңірдегі 17 тарихи және мәдени ескерткіштерге археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі таңда Шет ауданындағы Талды археологиялық кешені зор қызығушылық тудырып отыр. Бүгінде бұл көнеден қалған құнды ескерткіштерге археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін, Талды тарихи-археологиялық паркі ашылып, оның аумағындағы тас, қола, ерте темір және түркі дәуірлерінің ескерткіштерін археологиялық тұрғыда зерттеу жоспарланған. Айта кету керек, былтыр қолға алынған бұл жобаны іске асыру мақсатына жеткілікті мөлшерде қаржы қарастырылып, зерттеу жұмыстарына 50-ге жуық маман тартылды. «Аталған жоба ішкі туризмді дамытуға және аймақтың тарихи-мәдени мұрасына қызығушылықты арттыруға зор үлесін қосады деген сенімдеміз», дейді Қарағанды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.

Биыл Ұлық Ұлыс – Алтын орданың 750 жылдығы. Осы атаулы датаны мерекелеу қарсаңында 2019 жылдың 23-25 қазанында «Сарыарқа және Алтын Орда: уақыт пен кеңістік» халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Алқалы жиын жұмысына Германия, Жапония, Түркия, Ресей, Украина және Қырғызстан мемлекеттерінің тарихшылары мен археологтары, сонымен қатар еліміздің мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, зияткер-ғалымдар қауымы, тарихшылар, археологтар, генетиктер, музей қызметкерлері мен өлкетанушылар қатысты. 

Өткен жылғы өрелі істер биыл да жалғасын тауып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай таяуда Ұлытау ауданындағы Жошы хан кесенесінің іргесінде ірі тарихи-мәдени кешеннің құрылысы басталды. Ауқымды жобаға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген және жекелеген кәсіпкерлер де бұл игі іске өз үлестерін қосуға неит танытты.

Тарихи-мәдени кешеннің құрамына Жошы ханның ұрпақтарына, Ұлық Ұлысқа, Алтын Ордаға, Қазақ хандығына арналған экспозициялық зал, шағын асхана және қонақ үй кіреді. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Алаша хан, Жошы хан мазарларына реставрация жұмыстарын жүргізу қолға алынбақшы. Әйгілі кесенелерге апаратын сапалы жол салу да жоспарда бар екен.

Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту бағдарламасы аясында  ұйымдастырылмақшы іс-шаралардың қатарында Ұлық Ұлыстың жәдігерлерін қайта жаңғырту және оларды насихаттау жобалары да бар. Туристерге арналған кешен құрылысы аяқталған соң, кесене іргесіндегі Орда Базар қалашығы зерттеліп, өңірдің археологиялық картасы әзірленбекші. Бұдан бөлек, археологиялық, этнографиялық және антропологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіледі. Тарихи-мәдени кешен құрылысы жұмыстарының биыл күзде аяқталады деп жоспарланған.

9

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған басымдықтарды іске асыру мақсатында Орталық Қазақстанның ежелгі дәуір ескерткіштері туралы «Сарыарқа қазынасы» атты 12 сериялық деректі фильм түсірілді. Аталған туынды білім беру мекемелеріне тарихи-өлкетану пәндері үшін қосымша әдістемелік құрал ретінде беріледі. Сондай-ақ, облыстық телеарна арқылы көпшілік назарына ұсынып, кең аудиторияны қамту жоспарланған.

Бұған қоса, өткен жылы Қарқаралы, Теміртау, Шахтинск, Саран, Балқаш қалаларында орналасқан 36 тарихи-мәдени нысандарға QR коды бар тақтайшалар орнатылды.

Тағы бір ауыз толтырып айтар шаруа: Қарағанды облысының 36 тарихи-мәдени нысандары үшін цифрлық 3D модель және геоақпараттық картографиялау әзірленді. Виртуалды карта, «Сарыарқаның қасиетті орындары» атты үш тілде ғылыми-танымдық жинақ құрастырылды.

«Дала фольклоры мен музыкасына мың жыл» арнайы жобасы аясында 2019 жылы «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалі және «Ұлы Даланың ежелгі сарыны: фольклор және әуен» халықаралық фольклорлық өнер байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сондай-ақ облыс бойынша «Шертпе күй» ғылыми-зерттеу экспедициясы ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша «Күй жинақ» жинағы мен күйтабақ шығарылды.

«Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің шығармашылық ұжымдары гастрольдермен Оман, Румыния, Түркия және Қытай елдерінде болып, өнер көрсетіп қайтты.

«Ұлы Даланың ежелгі өнері мен технологиялары музейі» арнайы жобасы аясында археологтар, металлургтер, блогерлердің қатысуымен «Үлкен металдың бастауында» жобасы жүзеге асырылды. Ғылыми-зерттеу экспедициясының қорытындысы кітап-альбом шығару, ерте темір дәуіріндегі металды балқытуға арналған металлургиялық пешті қайта құру және деректі фильм болды.

9

Сонымен қатар, Жезқазған қаласында «Ұлы дала мұрасы» халықаралық музей фестивалі ұйымдастырылды. Түркия, Ресей елдерінің және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының музей педагогтарының қатысуымен мұражай  қызметкерлеріне арналған семинар өткізілді. Фестивальға Қытай, Ресей, Түркия, Моңғолия, Өзбекстан және Қазақстан елдерінен музей және архив қызметінің қызметкерлері қатысты. Қонақтар назарына ат әбзелдерін, зергерлік бұйымдарды әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары, металды балқыту ісінің көріністері ұсынылды.

Қарағанды облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов 2020 жылдың маусым айынан бастап 25 жобаны іске асыру жоспарланғанын айтады. Олардың қатарында  «Қазақстанның 100 жаңа есімі»,  «Қазіргі қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде», «Қазақстанның киелі жерлері. Қазақстанның киелі орындар географиясы», «Жергілікті маңыздағы ескерткіштерді қалпына келтіру», «Тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық жұмыстар жүргізу тарихи-мәдени мұраны зерделеу және насихаттау жөніндегі әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру», «Дала фольклорына және музыкасына мың жыл», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Ұлы даланың көне өнері мен технологияларының музейі» сынды өңірдегі мәдениет саласының мерейін өсіретін мақсатты және маңызды іс-шаралар бар.