Аймақтар • 02 Маусым, 2020

СҚО-да алғашқы үш адам Армениядан әкелінген көлігін тіркеді

200 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Армениядан әкелінген көліктерін тіркете алмай қиналған жүргізушілер 1 маусымнан бастап тұрғылықты жерінде оны тіркетуге рұқсат болғанына қуанып жатыр.

СҚО-да алғашқы үш адам Армениядан әкелінген көлігін тіркеді

Кеше ғана Петропавлдағы арнаулы ХҚКО-ға үш азамат қайрылып, көліктерін тіркетіп алды. Соның ішінде былтыр 2011 жылы шыққан Hyundai Elantra автокөлігін Армениядан әкелген Дулат Әбішев екен. «Мен көлігімді тіркетуге рұқсат берілгеніне қатты қуандым. Бар болғаны 12 мың теңгеге темір тұлпарымды тіркетіп алып, енді еліміздің барлық түкпірлеріне еркін бара алатын болдым», дейді ол қуанып.

Тағы бір петропавлдық Иван Козак та осыны айтып жатыр. «Бұл халық тілегіне құлақ асатын мемлекеттің әрекеті деп білемін. Нағыз дұрыс шешім осы болды ғой», дейді ол да қуанышын жасыра алмай.

Қазір Петропавлдың жергілікті полициясы тіркеуден өткізудің тәртібі туралы барлық осындай автокөлік иелерін хабарландырып жатыр. «Тіркелетін автомобильдер Армениядан 2020 жылдың 1-ші ақпанына дейін енгізілгендер және тек қана рөлі сол жақта болатындар. Басқа машиналар бойынша әзірге рұқсат жоқ. Тіркелу үшін автокөлік иелері 11946 теңге төлейді. Бұл сомаға техпаспорт пен мемлекеттік номердің пошлинаны енген», дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Оспанов.

 

ПЕТРОПАВЛ