Коронавирус індетіне қарсы күрестің екінші кезеңі шеңберінде Қазақстанның 19 қаласында арнайы өңдеудің жиынтық отрядтары қалалық аумақтар мен нысандарды дезинфекциялауды жалғастырады. Қалалық құрама пункттерді талаптарға сәйкес дезинфекция жұмыстары тәулігіне екі реттен кем емес жүргізіледі. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев жеке құрам мен азаматтардың денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әрбір бөлінген нысанды өңдеу тәсілі мұқият ұйымдастырылуға тиіс екенін атап өтті.
Карантин режимін сақтай отырып 2019 жылы көктемде әскерге шақырылған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару жалғасуда.
2019 жылы көктемде әскерге шақырылған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару жалғасуда. Қауіпті жағдай сақталғанын ескере отыра, запасқа шығарылған және әскерге шақырылғандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылданды.
Құрлық әскерлері Әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бітіруші курсанттары үшін маңызды кезең басталды. Жоғары оқу орындарында мемлекеттік аттестаттау комиссиясы жұмысқа кірісті. Қорғаныс министрлігінің, түрлер қолбасшылығының, әскер тектері мен әскери бөлімдерінің өкілдерінен құрылған комиссия бітірушілерді даярлау сапасының біліктілік талаптарына сәйкес болу деңгейін анықтайды. Кешенді мемлекеттік емтихан екі кезеңде өткізіледі. Атап айтқанда қару-жарақ пен әскери техниканы қолдана отырып жүргізілетін теориялық және практикалық бөлім. Қорытынды аттестаттаудың маңызды құрамдас бөлігі курсанттардың дене дайындығы болып табылады.
Шетел академияларында оқитын ҚР ҚК офицерлеріне шет мемлекеттердің қорғаныс ведомстволарынан шәкіртақы төлеу бойынша келісім-шарттық міндеттемелер қосымша пысықталып енгізілді.
Қарулы Күштерде оқу полигондарын оқ-дәрілерден және олардың фрагменттерінен жаппай тазалау жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, 32 полигонның 24-і тазаланды, тазаланған аумақтар 75 пайызды құрады. Сонымен қатар, қауіпсіздік шараларын күшейту үшін полигондардың периметрлері траншеялармен жабдықталады.
Арыс қаласы маңындағы аумақты тазартуды төтенше жағдай салдарын жою бойынша біріктірілген құрама одан әрі жалғастырады. Әскери басшылық жұмыстарды жүргізу кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға ерекше назар аударды.
Сонымен қатар әскери қызметшілердің Мәскеудегі әскери шеруге қатысуға дайындығы басталды. Салтанатты шараға қатысуға Қазақстан десанттық-шабуылдаушы әскерлері әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері енгізілді. Олардың денсаулығының қауіпсіздігі үшін бірқатар шектеулер енгізілді. Атап айтқанда, парадқа қатысушылар қалған жеке құрамнан оқшауланған, оларға бөгде адамдар мен туыстарының келуі шектелген. Бұдан басқа, күніне екі реттен кем емес өңдеу, ылғалды тазалау және желдету арқылы дезинфекциялық-санитарлық режимді күшейтіп, тәулігіне екі рет медициналық тексеруді ұйымдастыру тапсырылды.
Қарулы Күштерді алдағы уақытта тағы да бір халықаралық оқиға, яғни 2020 жылғы Армия халықаралық ойындары күтіп тұр. Байқауға дайындық жергілікті жерлерде жүргізілуде. Ақтық командалардың құрамына кіретін үздік үміткерлер іріктеледі. Барлық іс-шаралар санитарлық-эпидемияға қарсы шараларды сақтай отырып ұйымдастырылған.
Кеңес барысында жеке құраммен жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының қорытындысы шығарылды. Қорғаныс министрі әскери ведомствоның CALL-орталығының басты міндеті түрлі даулы мәселелерді, соның ішінде тұрғын үй және зейнетақымен қамтамасыз етуді түсіндіруден тұрғанын атап өтті. Кеңес берудің нәтижесінде әскери бөлімдер мен мекемелерге талап қою саны екі есеге қысқарды.
Жеке құрамның денсаулық жағдайын сақтауға да ерекше көңіл бөлінеді. Осылайша, күрделі жөндеу жүргізуге байланысты көп жылғы үзілістен кейін ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Щучинск қаласында әскери спорттық базада әскери қызметшілерді санаторий-курорттық емдеу және оңалту ұйымдастырылады.