Аймақтар • 03 Маусым, 2020

Қарағанды облысы: Спорт саласында – қарқынды құрылыс

203 рет көрсетілді

Биылғы жыл Қарағанды облысындағы дене шынықтыру және спорт саласы үшін қауырт шаруа, қарымды жобаларға толы болғалы тұр. Мұның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмаларынан туындаған міндеттермен тікелей үндесіп отырғанын айта кеткен ләзім.

Осы орайда, Қарағанды облысында шалғайдағы бірнеше ауданда жергілікті тұрғындардың саламатты өмір салтын  ұстануына тікелей ықпал ететін дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің (ДШСК) құрылыс екпінді түрде жүргізіліп жатыр.  Мысалы, облыстық бюджет қаражаты есебінен Қарқаралы қаласында 320 орындық ДШСК құрылысы басталады. Осы ауданның Егіндібұлақ кентінде дәл осындай  кешеннің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бұқар жырау ауданындағы Ботақара кентінде 320 орындық кешеннің құрылысы биыл салынып, Ақсу-Аюлы селосында спорт мектебі ғимаратының қасбеті жөнделді.

2020 жылға арналған «Еңбекпен қамтудың жол картасы» бойынша республикалық бюджет есебінен сегіз спорттық нысанның құрылысы басталады. Мұның ішінде Атасу және Нұра кенттеріндегі жүзу бассейндері бар. Сондай-ақ, Қарсақбай ауылында 100 орындық, Ұлытау ауданының Жезді кентінде және Ақтас елді мекенінде 160 орындық спорттық сауықтыру кешендері салынатын болады.

Қарағанды сынды ірі қалада бір ипподромның жоқтығы көптен бері айтылып келе жатқан түйткілді мәселенің бірі еді. Биыл оның да шешімі табылғандай. Бүгінгі күнде атшабарға арналған 50 гектар жер телімін рәсімдеу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар, облыс орталығында бұқара халыққа қажетті бұдан басқа да бірқатар спорт нысандары бой көтермекші. Мысалы, қазіргі уақытта құрылысының аяқталуы келесі жылға деп  жоспарланған үш мың адам сыятын футбол манежі мен күрес орталығының жобалау-сметалық құжаттамаларына түзетулер енгізілуде. Ал кеншілер астанасындағы 50 метрлік жүзу бассейнінің құрылысына бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген.

1

Қазіргі уақытта «Шахтер» стадионында күрделі жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Стадионда трибунадағы орындықтар ауыстырылып, ғимараттың қасбеті әрлендіріледі. Сондай-ақ, спорт нысанының ішіндегі  шешінетін орындар, жуынатын бөлмелер жөндеуден өткізіледі. Бұдан басқа, стадионда астынан жылытылатын және автоматты суару жүйесімен қамтамасыз етілетін көгал төселеді. Яғни, жұмыс толық аяқталған соң, футбол алаңы төртінші санатқа сай және Қазақстан футбол федерациясы мен УЕФА талаптарына сәйкес келетін болады.

Облыстағы екінші ірі қала Жезқазғанда ескек есу спорты жөніндегі спорт мектебінің есу базасының да жобалау-сметалық құжаттамалары жасалып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Нысанды 2022 жылы пайдалануға беру жоспарланған.

Спорттағы құрылысқа демеушілер де ден қоя бастады. Мысалы, жеке кәсіпкерлердің есебінен Теміртау қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Пришахтинск елді мекенінде спорттық сауықтыру кешені, теннис орталығы, үстел теннисі орталығы, триатлон-парк салынып жатыр.

Облыста биыл бірнеше бассейннің құрылысы басталды. Атап айтар болсақ, Шахтинск қаласында, Жаңаарқа ауданындағы Атасу кентінде және Нұра ауданындағы Нұра кентінде жүзу бассейндерінің құрылысы басталып кетті.

9

Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев биылғы жазда Қарағандыдағы теннис орталығы, Қарқаралы мен Теміртаудағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілетінін айтады. Ал жылдың соңына таман Жаңаарқа ауданының Атасу кентіндегі жаттығу залы бар жабық жүзу бассейнінің, Қарсақбай кентіндегі 100 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталмақшы.

Бүгінгі күнде аталған басқарма тарапынан құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан мердігерлерге қойылатын талап күшейген. «Біз үшін құрылыстың сапалы жүргізілігені өте маңызды. Сол себепті, дәл қазіргі уақытта ауқымды түрде жүріп жатқан жұмыстардың барысын жіті назарда ұстайтын боламыз», дейді Темірхан Абылаев.

Атап өтерлік бір жайт, биыл облыстағы спорт нысандарын жөндеуге баса мән берілді. Яғни, жол картасы бойынша 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Мысалы, облыс орталығындағы қысқы спорт түрлері мектебінің шаңғы базасы мен роликодромы жөндеуден өткізілмекші. «Қарағанды-Арена» мұз сарайының су баспалдақтары мен шатыры жөнделеді. Он екі спорт мектебінде, оның ішінде Жезқазған, Саран және Теміртау қалаларындағы мектептерінің ғимараттарында, футбол алаңдарын, төбелерін, жүгіру жолдарын, киім шешетін және жуынатын орындарды, жылыту, инженерлік және су құбыры желілерін, пандустарды жөндеу сияқты тағы басқа да көптеген жұмыстар атқарылмақшы. Мұндай жұмыстар Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейім, дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат-колледждің Теміртаудағы филиалының көптен бері жөндеу көрмеген жатақханасында да жалғасын тапқан.

Сондай-ақ, «Ескек есу бойынша Теміртау МБЖОРМ» КММ жаттығу залына, футбол алаңына және басқа да нысандарына жөндеу жүргізумен қоса жобада жергілікті су тоғанындағы дайындық базасын ретке келтіру де көзделген. Мұнда жөндеумен бірге жағалау желілерін реконструкциялау да қоса атқарылады, мұны жаттықтырушылар мен спортшылар талай жылдан бері күткен болатын. ⠀ «Спорт саласындағы қолға алынған жобалардың жүзеге асуы облыс басшылығының тікелей назарында. Сол себепті, жауапкершіліктің жүгін сезіне отырып, ортақ істің мүддесі үшін жергілікті әкімдіктермен, мердігерлермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге тура келеді», дейді Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.

Соңғы жаңалықтар

Қашықтан оқып, тіл үйрен!

Білім • Бүгін, 16:25

Атырауда жазғы дәмхана өртенді

Аймақтар • Бүгін, 13:05

Арақ аурудан айықтырмайды

Коронавирус • Кеше

Ұқсас жаңалықтар