Аймақтар • 03 Маусым, 2020

Таразда өрт сөндіруге атсалысқан азамат марапатталды

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жексенбі күні сағат 16:45 шамасында Тараз қаласының Арай-2 ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үйдегі пәтердің бірінен өрт шыққан. Осы уақытта автокөлігін тұраққа қойып, үйіне алаңсыз бет алған Мұхамед Әли есімді азамат өрт шыққан пәтерді байқап қалып, солай қарай тұра жүгіреді.

Таразда өрт сөндіруге атсалысқан азамат марапатталды

Келген бетте оқиға орын алған пәтердің есігін ашпақ болғанда, темір есік құлыптаулы болып шығады. Одан әрі ол қызыл жалынға оранып жатқан пәтердің балконындағы өрттің ары қарай көрші пәтерлерге жайылмауы үшін, өрт сөндірушілер келгенше шұғыл түрде №1 жертөлені ашады. Сөйтіп ұзындығы 40 метрлік шланганы суға жалғайды. Аталған тұрғын үйдің жауапты азаматы болғандықтан Мұхамед Әлидің қалтасында үнемі барлық кілт жүреді екен. Осы уақытта жары Кәмшат та жанынан табылып, жанұшыра қолғабыс етеді. Одан әрі өрт шыққан балконды бағыттай, су шашуға кіріседі. Осы сәтте көршілері келіп жетіп, бәрі өрттің жедел сөнуіне өз септігін тигізеді. Тұрғындар тілсіз жаумен алысып жатқанда, өзге көршілері өрт шыққан кіреберістегі өзге тұрғындарды қауіпсіз орынға көшіре бастайды. Осы сәтте өрт сөндірушілер де жетіп, тілсіз жау сағат 17:02-де ауыздықталып, толығымен жойылады.

Кейіннен анықталғандай, өрт аталған пәтер балконына жиналған автокөлік доңғалақтарынан басталған. Кейіннен қызыл жалын пәтер ішіне лап қойған. Бұл кезде үйде ешкім болмаған екен. Абырой болғанда, зардап шеккендер тіркелмеген және қазіргі таңда өрттің шығу себебі мен шығыны нақты анықталуда. Бейбіт күннің батырының ерлігі ескеріліп, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру қызметінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ермек Момбаев Мұхамед Әлиді Алғыс хатпен марапаттады. Оқиға орын алған жағдайдағы азаматтық белсенділігі үшін шынайы алғысын білдірді.

 

Жамбыл облысы