Аймақтар • 03 Маусым, 2020

Дәрмені жоқ кәсіпкерлер Президенттен пәрмен күтеді

378 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Олар облыстағы мемлекеттік сатып алу барысындағы заңсыздықтардың белең алуы мен шенеуніктердің заңды белден басып, жекелеген кәсіпкерлердің мүддесін көздеп жүргендеріне наразы.

Дәрмені жоқ кәсіпкерлер Президенттен пәрмен күтеді

 

Бір топ өңір кәсіпкерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан жәрдем сұрап отыр. Олар облыстағы мемлекеттік сатып алу барысындағы заңсыздықтардың белең алуы мен шенеуніктердің заңды белден басып, жекелеген кәсіпкерлердің мүддесін көздеп жүргендеріне наразы.

Кеше Өскемендегі облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен брифингте Александр Федосов, Болат Бағадаев, Анатолий Томилов, Айнаш Сұлтанбекқызы, тағы да басқа кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерін жеткізді. Жиынға облыстық, қалалық әкімдік өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері де қатысып, тараптар ашық пікір алмасты.

Облыстың жол саласында 1969 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «ДСУ-14» ЖШС-нің директоры Александр Федосов мемлекеттен бөлінген миллиардттаған қаржының соңғы 2-3 жылда тек 1-2 мердігер ғана беріліп жүргеніне алаңдаушылығын білдірді. «Кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алудың 70 пайызын неліктен «ДСУ-11» және «Востоквзрывпром» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ғана жеңіп алатынын түсінбей дал. Биылдың өзінде жол жөндеу саласында бір ғана компания 1 миллиард, 700 миллион теңгенің тендерін ұтқан. Былтыр маған Өскемендегі Әуезов даңғылының жолын жөндеуге 360 миллион теңге берді. Оның 180 миллионын басқа жерге беруімді талап етті. Келістім. Кейін 36 миллион теңге көлемінде үлес сұрады. Бас тарттым. Содан бері қысым көріп келемін. Байқауға жіберуін жібереді, бірақ белгісіз себептермен байқау өткізілмей қалады. Ең сорақысы, шенеуніктер заңды өздерінің ыңғайына қарай бұрып алады. Тендерді кімге бергісі келсе, соған береді» дейді ашынған кәсіпкер.

Геологиялық барлау саласындағы компания өкілдері де өңірдегі тендердің дұрыс өткізілмеуіне өкпелі. Жарты ғасырға жуық жер асты су қорын зерттеп келе жатқан өскемендік кәсіпкер Болат Бағадаевтың компаниясы да соңғы екі жылда мемлекеттік тапсырыстан қағылған. «Біз былтыр тендерден жеңіп тұрсақ та, мемлекеттік конкурстың нәтижесін облыс әкімдігі теріске шығарды. Соның кесірінен 2019 жылы облыстағы 33 ауылға су мұнарасы орнатылмады. Тұрғындар қанша жылдан бері ауыз суды күтіп отыр. Менің тағы бір түсінбейтінім, бір қалада тіркелген екі компанияның бірінің тендерге қатыстырылып, екіншісінің қатыстырылмайтыны. Карантин жағдайына байланысты мемлекеттік сатып алудың ережесіне өзгеріс енгізіп, биыл «Семейгидрология» мен біздің компанияны алып тастап, дені дұрыс мамандары мен бұрғылау құралдары жоқ «Востоквзрывпромға» берді» дейді Б.Бағадаев.

Жиында Бағадаевтың сөзін жалғаған «Востокмонтажстрой» ЖШС директоры Анатолий Томилов былтыр Өскемендегі «Самал» саябағын жөндеу жұмыстарына қатысқанымен, еңбекақыларын дұрыс алмағанын жеткізді. «Шенеуніктер әуелде «Алаңсыз жұмыс істей беріңдер, бас мердігер барлық шығынды өтейді» деген соң еш алаңсыз жұмыс істей бердік. Тіпті, конкурсқа да қатысқан жоқпыз. Шілде айында «ЭкспертизаиАналитика» деген бас мердігердің пайда болғанын, 550 миллион теңге сомасындағы тендерді жеңіп алғанын білдік. Ол кезде біз жұмыстың 85 пайызын орындаған едік. Жұмыстың жалпы сомасы – 180 миллион теңге. Былтыр қыркүйек айында «Самал» саябағындағы жөндеуге қатысқан 6 компанияға 87 миллион теңге берді. Қалған 93 миллионды әлі берген жоқ. Бұған қоса бас мердігер біз атқарған жұмысқа тиесілі қаржының 25 пайызын ұстап қаламын деді. Біз 6 компания 180 миллион теңгенің жұмысын істесек, қалған 370 миллион теңге қайда кетті?» дейді кәсіпкер.

Бүгін облыс әкімдігінде аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қатысуымен кәсіпкерлердің шағымына қатысты жиын өтіп, мәселенің анық-қанығын зерделеу үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының жұмысы ашық болатынын айтқан облыс әкімі бұл топқа осы іске қатысы бар барлық кәсіпкерлер мен құзырлы орган өкілдері, тиісті басқарма басшылары енгенін айтты. «Арнайы комиссия бір аптаның ішінде барлығын мұқият тексереді. Заңды негізге ала отырып тиісті қорытынды шығарамыз» деді Даниал Ахметов.

Осы жиында кеше бірнеше кәсіпкерлер тарапынан «Соңғы жылдары облыстағы тендерлердің барлығын алып жүр» деп айыпталған «Востоквзрывпром» ЖШС директоры Дмитрий Сомов сөз алып, өз уәжін алға тартты. «Біздің компания 2001 жылдан жұмыс істейді. Осы салада жақсы тәжірибеміз бар. Жұмысшыларымыз жеткілікті. Мемлекетке миллиардттап салық құйып жатырмыз. Біздің мүмкіндігіміз сіздерден екі-үш есе артық» деген ЖШС басшысы жала жапқаны үшін Александр Федосовты сотқа бергендігін де жасырмады.  

Алайда бүгін түстен кейін тағы да Өскеменде бас қосқан наразы кәсіпкерлер облыс әкімдігінің бастамасымен құрылған арнайы жұмыс тобына сенімсіздік білдіріп, бұл мәселе үкіметтік деңгейде қаралса, тәуелсіз комиссия құрылса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жанайқайымызға құлақ асса деген өтініш-тілектерін жеткізді. «Біз бұған дейін қаншама рет облыстағы құзырлы органдарға шағымдандық. Нәтиже болмады. Сондықтан Мемлекет басшысынан көмек сұрауға мәжбүр болып отырмыз» дейді олар.

Осылайша бұл істе дәрменсіздік танытып отырған кәсіпкерлер Президенттен пәрмен күтеді. 

ӨСКЕМЕН