Бүгін елорданың барлық мектептерінде түлектерге сертификаттар мен үздік оқушыларға «Алтын белгі» тапсыру салтанаты өтуде. Алғаш рет бұл екі оқиға қатар атап өтілуде. №60 мектеп-лицейінің директоры Айман Дүйсенованың айтуынша, жаңа ережелер қатаң карантинге байланысты қабылданған.
«Бүгін бізде ерекше күн. Бұрын біз бүкіл мектеп болып қатысатын шараға қазір коронавирустың кесірінен балаларды сынып бойынша шақырамыз. Соңғы қоңырау мен аттестат тапсыру шарасын бірге өткізетін болдық», – деп түсіндірді А.Дүйсенова.
Рәсім мектеп аулаларында өтеді. Таза ауа және түлектер арасындағы қашықтық шараның басты талаптарының бірі. Әрбір 11-ші сынып жиынға кестеге сәйкес келеді.
«Бірінші салтанатты жиын сағат 10: 00-де өтті, соңғысы шамамен 17: 00-де өтеді. Түлектермен қатар презентацияға бір ата-ана келеді. Әр сыныпта орта есеппен 25-30 оқушы оқиды. Салтанатты жиын 20-30 минутқа созылады», – деді лицей директоры.
Биыл осы оқу орнын 153 оқушы тәмамдады. Олардың сегізі «Алтын белгі», екеуі үздік аттестат иегері.
«Мен бұл оқиғаға өте қуаныштымын. Қазір біз үлкен жауапкершілікті қажет ететін жаңа, ересек өмірге қадам басудамыз», – дейді мектеп түлегі Алина Прядко өз әсерлерімен бөлісіп.
Рәсімнен кейін түлектер аллеясына ағаш отырғызу жоспарланған. Биыл Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша мектеп бітіру шаралары «Birgemiz: ТҮЛЕК-2020» ұранымен өткізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Нұр-Сұлтанның орта мектептерін 6515 оқушы бітірді. Оның 699-ы ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді, бұл барлық оқушы санының 95%-ы. 6,5 мыңнан астам түлек аттестат алып, 357 оқушы «Алтын белгіге» ие болды. Тағы 384-і мектепті үздік аттестатпен аяқтады.