03 Қазан, 2013

Футбол. «Шахтер» (Қарағанда) – «Маккаби» (Хайфа)

245 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

03-10-13-shahter-2

Қазір ғана Астанадағы «Астана-Арена» спорт кешенінде Еуропа лигасы топтық сайысы 2-турының Қарағандының «Шахтері» мен Израильдің Хайфа қаласының «Маккабиі» арасындағы матчы аяқталды. Кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды. Бұл туралы Egemennews.kz тілшісі хабарлады.

Командалар алаңға мына құрамда шықты:

«Шахтер» - Александр Мокин, Евгений Тарасов, Алдин Джидич, Никола Василевич, Сергей Малый, Александр Симчевич, Геворг Казарян, Рохер Каньяс, Гедиминас Вичюс, Андрей Финонченко, Сергей Хижниченко.

«Маккаби» - Шаранов, Тватха, Габай, Пилявский, Райо, Голаса, Цоцалич, Ядин, Ндлову, Райян, Абухазира.

Кеншілер ұжымы ойын басталған сәттен бастап бірден оның тізгінін өз қолдарына алды. Олар алғашқы 15 минутқа дайін қарсыластарын өз алаңдары маңына қысып ұстап, тіпті шабуыл туралы ойлауға да мұрша бермеді. Бірақ қарағандылықтар бұл басымдықтан тиісті нәтиже шығара алмады. Олар осы уақыттарда 2-3 гол соғатындай мүмкіндіктерді жіберіп алды.

Шамамен, таймның ортасына қарай қонақтар бас көтеріп, алаң иелері қақпасына қарай алғашқы жорықтарын ұйымдастырды. Сол мезеттерде олар берер рет қақпаға шын қауіп те төндіріп үлгерді. Осы тұста олар бірінші рет бұрыштама да беріп көрді. Дегенмен, бұл алма-кезек шабуыл сәті тым ұзаққа созылған жоқ. Содан кейін «Шахтер» қайтадан атқа қонды. Біздің жігіттердің ендігі қарқындары тіпті күшті бола түсті. Сондай шабуылдардың бірінде, 40-минутта команда капитаны Андрей Финонченко әуелеп келген допты баспен қатты ұрып, дәл маңдайшаның астынан қақпаға түсірді. Арада бар-жоғы 5 минут өткеннен кейін қарағандылық Евгений Тарасов қақпашымен бетпе-бет келген сәтін керемет пайдаланып, тағы бір голды соғып кетті. Осыдан кейін командалар 2:0 деген есеппен үзіліске шықты.

Өкінішке орай, қарағандылықтар екінші таймның басынан қонақтарға матч тізгінін беріп қойды. Израильдік футболшылар біздің қақпа маңынан шықпай қойды. Олардың шабуылдары барған сайын қауіпті бола түсті. Бұған қонақтар сапында ойыншылар алмасқаны да айтарлықтай серпін берді. Сол мазасыз жорықтардың бірінде меймандар қарағандылықтар қақпасына қарымта доп соғып үлгерді.

Кеншілер бұдан кейін де қорғанысқа көбірек алаңдады. Сол кездерде қонақтар тағы да гол соғып кете жаздады. Дегенмен, содан кейін біздің жігіттер қайта серпілгендей болды. Олар бірнеше рет Шаранов қорғаған қақпа маңына барды. Бірақ тура соққы болған жоқ. Мұның соңын ала «Маккаби» тағы шабуылға шықты. Соның артынша Геворг Казарян қатты соққы жасады. Оның ұрған добын қонақтар қақпашысы әрең ұстап қалды.

67-минутта алаңға Мақсат Байжанов шықты. Ол жарақаты сыр бере бастаған Евгений Тарасовты алмастырды. Ал алаңдағы жағдай көп өзгерген жоқ. Ол бұрынғысынша қонақтардың көбірек шабуылдауымен, арасында алаң иелерінің дүркірей алға ұмтылуымен жалғасып жатты. Алайда, бұл уақыттары қарағандылықтар бұрыштама ұруды көбірек орындады.

Ойынның 79-минутында «Маккаби» ақыры есепті теңестіріп те үлгерді. Оны қонақтар сапынан тағы да алаңға кейін қосылған ойыншысы салды. Ол допты сол қапталдан келе жатып, алыстан ұрып түсірді. Қақпаның алыс бұрышына барып түскен допқа Александр Мокин жете алмады.

Израильдіктер бұдан кейін де шабуылға шығуын тоқтатпады. Олардың кейбір соққылары тіпті қақпаға кіріп те кете жаздады. Әсіресе, негізгі уақыттың соңғы минуттарындағы шабуыл айрықша қауіпті көрінді.

Матч қонақтардың оқтын-оқтын жасаған осындай шабуылдары үстінде аяқталды.

Осылайша Қазақстан командасы Еуропа лигасындағы өзінің ең алғашқы ұпайын алды. Әлбетте, 2:0 етіп жеңіп тұрып, ойынды теңге келтіру ептеп көңілге кірбің түсіреді. Осының алдында өз алаңында ұтылған израильдік команда да осы матчта өзінің биылғы маусымдағы алғашқы ұпайына қол жеткізді.

Енді қарағандылықтар Голландияның АЗ командасымен қатарынан екі ойын өткізеді. Оның біріншісі Астанада ойналады. 

Руслан Игілік.