Медицина • 04 Маусым, 2020

Медицинаны цифрландыру: түйткілдер әлі де бар

712 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында медицина саласындағы түйткілдерге де тоқталды. Әсіресе медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізуді енгізу қажеттігін тапсырған Прези­дент денсаулық сақтау саласында цифрландыру процесін жеделдетіп, тиімділігін арттырған жөн екенін, сондай-ақ бұл салаға білікті ІТ-маман­дарды тартудың, отандық бағдарлама жасайтындардың әлеуетін медициналық ақпараттық жүйеге жұмылдырудың маңызды екенін де атап өткен еді.

Медицинаны цифрландыру: түйткілдер әлі де бар

 

2023 жылға дейін толық цифрландырылады

Қазақстанда денсаулық сақтау саласын цифрландыру тұрғындардың медициналық көмекке жүгіну барысын жеңілдетіп, мемлекеттік бюджетке түсетін ауыртпалықты біршама азайт­­қаны рас. Атап айтқанда, цифр­ландырудың нәтижесінде қағаз бен рентген материалдарын сатып алуға кететін шығын 2018 жылы 226 млн теңгеге, ал өткен жылы 540,1 млн теңгеге дейін үнемделген. Былтыр бір жылдың өзінде есептік құжаттаманың 85,1 пайызы электронды форматқа ауыстырылған.

«Цифрландыруға дейін бір меди­циналық ұйым бір айда 625 медициналық есеп тапсыратын. 2018-2019 жылдары біз олардың санын 101-ге дейін қыс­­­қарттық. Медициналық мекемелер сол 101 есептің 95-ін толығымен элек­тронды форматта жүзеге асырып жатыр. Яғни бұрынғыдай көп қа­ғаз толтырудың қажеті жоқ. Алайда қа­ғазсыздандыру 100 пайыз жүзеге асқан жоқ. Республика бойынша 6 мыңнан аса медициналық нысан бар. Алыс аудан, ауылдардағы медициналық пункттер мен фельдшерлік-акушерлік пункттерді интернетке қосу үшін бізге, әрине, интернет керек. Онсыз цифрландыру жобаларын жүзеге асыра алмаймыз. Ал қазір Қазақстанның 65 пайызы ғана интернетпен қамтылған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2023 жылға дейін алыстағы бүкіл ауыл, аудандарды толықтай интернетке қосамыз деп жол картасын бе­кітіп, жоспарлап отыр. Демек біз де медицина саласын осы уақытта ға­на қағазбастылықтан толығымен құт­қа­ратынымыз анық. Былтырғы шіл­де айынан бастап бүкіл республика деңгейінде Электронды денсаулық төл­құжаты жобасын іске асырдық. Яғ­ни кез келген қазақстандық eGov.kz электронды үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы медициналық қызметке қол жеткізе алады және пациент туралы медициналық ақпараттың барлығы сонда сақталған. Оны пайдалану үшін тек электронды қолтаңбаңыз болса жет­кілікті», дейді бізге арнайы сұхбат берген Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев.

 

Интернеттің сапасы қандай?

Вице-министр айтқандай, республика халқының интернетпен толық қамтылмауы медицина саласындағы цифр­ландыруға қолбайлау болып отыр­са, интернеті бар аймақтардың өзінде де мәселелер бар екенін байқадық. Бұл – интернет сапасының, яғни жыл­­дам­дығының нашарлығы. Басқасы бас­қа, бас қаладағы кейбір медициналық ұйым­дардың сапалы интернетке қолы жетпей отырғанда, ауылдарды елес­тету қиын да шығар. Бұлай деуімізге Нұр-Сұлтан қалалық №11 емхананың бас дәрігері Жаңалық Сағандықовтың айтқандары себеп болды. «Цифрландыру жұмысымызды едәуір жеңілдетті. 2018 жылдан бастап «ДамуМед» компа­ния­сымен келісімшарт жасасып, жұ­мыс істеп келеміз. Әрбір пациент «Даму­Мед» мобильді қосымшасын пайдалану ар­қылы көптеген медициналық қыз­мет онлайн алады. Алайда біздің емха­наға 44 561 тұрғын тіркелген бол­­са, аталған қосымшаның игілігін кө­ретіндердің саны олардың жартысына да жетпей отыр. Біріншіден, халық әлі толық ақпараттанбай отырса, екінші жағынан смартфон қолдана алмайтын сәбилер мен қарттар бар. Негізінде 18 жасқа толмаған балаларды ата-аналарына тіркейміз. Екінші мәселе – интернет жылдамдығының нашарлығы. Кейде тіпті медбике бір парақты шығару үшін 30-40 минут уақыт жұмсайтын да жағдайлар болады. Мен алыстағы ауылды айтып отырған жоқпын. Бас қалада отырып интернеттің қолжетімділігі бо­йын­ша осындай қиындық көріп отырмыз», дейді Ж.Сағандықов.

Интернетпен қоса мемлекеттік сатып алу арқылы алған компьютерлердің сапасы сын көтермейтінін айтқан бас дәрігер осындай техникаларды арнайы бір орыннан немесе орталықтандырылған орыннан алсақ деген ұсынысын жеткізді. «Мы­салы, былтыр мемлекеттік сатып алу арқылы 80 компьютер алдық. Ал биыл сол компьютерлер қолданысқа жа­ра­май жатыр. Барлығы біздің бағдар­ламаларды көтере алмайтын сапасыз компьютерлер болып шықты. Менің ойымша, техниканың барлығын бір ор­талықтан, сапалысын алса деген ұсы­нысым бар. Биыл да 20 компьютер ал­мақшымыз. Сапасызына ұрынып қала­мыз ба деп уайымдап отырмын», дейді емхана басшысы.

Ал Республикалық электрондық ден­­саулық сақтау орталығы Түркістан облыстық филиалының директоры Абай Қарабаев өңірдегі цифрландыру туралы былайша баяндады: «Аймақтағы ме­дициналық меке­мелер компьютер­мен 100 пайыз қамтылды. Жалпы об­­лыс бойынша 718 медициналық ұйым бар. Аймақ 74,6 пайыз интернет­пен қам­тылғандықтан, медицина сала­сын­­дағы цифрландыру да сол дең­гей­­де. Жоспар бойынша 2021 жылға ел­ді мекендердің барлығына интер­нет же­теді деп көзделген. Бірақ интер­нет­тің жылдамдығы әр мекемеде әр­түрлі. Қазіргі уақытта eGov.kz арқылы меди­циналық қызметтерді алу электронды түрде жүзеге асып жатыр. Мысалы, 8 түрлі медициналық анықтамаға осы портал арқылы қол жеткізуге болады. Бұдан бөлек интернеті бар емха­на­лар мен ауруханалар толықтай Ме­ди­ци­налық ақпараттық жүйемен қам­тыл­ған. Біздің орталық техникалық жа­­ғы­нан ғана көмек көрсетіп қоймай, дә­рігерлерді цифрландыру бағытында оқы­туды да жүзеге асырады. Яғни цифр­ландыру бойынша кез келген соңғы жаңалықты медицина қызметкерлеріне жеткізіп, үйретіп отырамыз. Карантин кезінде онлайн оқыттық».

 

IT-мамандарды тарту қиын

Сөз басында айтқанымыздай, Пре­­зидент медицина саласын цифр­лан­дыруға білікті IT-мамандарды тартуды тапсырды. Бірақ бұл мәселе бойынша да қиындықтардың бар екенін айтқан О.Әбішев: «Бұл өте дұрыс дүние. Алайда мемлекеттік қызметтерге жоғары ма­ман­дандырылған IT-мамандарды тарту қиын. Өйткені мемлекеттік қызметте IT-нарықтағы сияқты жалақы өте жоғары емес немесе басқа жағдайлар жа­сау мүмкін емес. Меніңше, Президент осы мәселелерді ескере отырып тапсырма берген болуы керек. Жақын арада Үкімет жаңа жағдайларды қарастыратын шығар. Қазір денсаулық сақтау сала­сында қазақстандық меди­циналық ақпа­раттық жүйелерді жасай­тын 30-дан аса IT-компания бар. Олар қазір на­рықта толығымен біздің бүкіл мекемеге өнім­дерін ұсынып отыр. Тек қана сатып алу, сату емес, сервистік модель де қыз­мет көрсетеді. Біз министрлік тарапынан ақпараттық жүйелермен интеграция жасау арқылы республикада денсаулық саласында қызмет қалай көрсетіліп отыр дегенді толықтай бақылап отырмыз. IT саласы интеллектуалды сала ғой. Мұн­дай жұмыс жоғары еңбекақыны талап етеді. Бізде денсаулық сақтау саласы болсын, мемлекеттік жұмыс болсын, IT-ма­мандарға нарықтағыдай төлейтін жалақы жоқ. Оны мойындау керек», дейді.

Әрине, Мемлекет басшысы айтқандай, медицина саласын цифрландыру – өте өзекті. Оның артықшылықтары аз емес. Вице-министр соның біразына тоқталды.

 

Алдын алуға мүмкіндік береді

Бұрынғыдай том-том медициналық кар­таны құшақтап, әр ауырған сайын сағаттап ауру тарихын айтатын жағ­дай­­дан алыстағанымыз рас. Ал алдағы уақытта цифрландыру басың ауырып, балтырың сыздамай тұрып сырқаттың алдын алатын деңгейге жеткізбек.

«Біз Қазақстан бойынша барлық мә­­­ліметті жинақтадық. Қазір 18 тера­байт­­тан аса көп мәлімет жиналған. Не­­­гізгі мақсат – жиналған мәлімет ар­қы­лы ау­ру­ды алдын ала болжау. Яғни ау­руға шалдығудың алдын алу және ас­қын­дырмай емдеу. Мұны пре­вентивті медицина, яғни алдын ала болжамдау медицинасы дейміз. 26 мамырда Үкімет басшысының тапсыр­масы бойынша үлкен ғылыми зерттеу жобасын іске асыруға рұқсат алдық. Бұл – 2020-2022 жылдарға ар­налған «Қазақстанда персоналды және превентивті ме­ди­­цина енгізу туралы» ғылыми-техни­ка­лық бағдарлама. Персоналды және пре­вентивті медицина ауруларды геномдық деңгейде зерттейді. Оның бір бағыты – Қазақстандағы интеллектіні дамыту. Яғни бір адам денсаулығының 50 пайызы өмір салтымен байланысты болса, 20 пайызына экология әсер ете­ді. Ал 20 пайызы – динамика, 10 пайызы – медициналық мекемелердегі меди­циналық қызметтер. Қазіргі дең­гейде біз 10 пайызын ғана біліп отырмыз. Яғ­ни адам ауырып келгеннен кейін ғана емдей бастаймыз. Ол қалай өмір сү­реді, оның ата-анасы қандай аурумен ауырды, ол қай жерде өмір сүреді де­генді зерттемейміз. Персоналды және пре­вентивті медицинаға арналған бұл ұлттық бағдарлама ғылыми зерттеуінің нәтижесі арқылы біз 80 пайызға дейін мәліметке қол жеткізуге мүмкіндік аламыз», дейі вице-министр.

 

Сыбайлас жемқорлықтың жолын кесті

Цифрландыру ашықтықты жолға қойды. Ал медицинаны цифрландыру осы саладағы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік беруде. «Цифр­­ландыру жүйесінде міндетті әлеу­меттік сақтандыру (МӘМС) бойынша екі бағыт бар. Біріншісі – ішкі бағыт, екін­шісі – сыртқы бағыт. Ішкі бағыт бо­йынша Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорының барлық жұмысы ха­лыққа ашық, электронды түрде жүзе­ге асуда. Яғни қанша қаражаттың қай­да жұмсалып жатқанын толық бақы­лауға болады. Екінші бағыт – азаматтармен қарым-қатынас. Жыл сайын те­гін дәрі-дәрмек берілетін жылдық бюд­жеттің көлемі – 106 млрд теңге. Цифр­ландырудың нәтижесінде 2018 жы­лы 33 млрд, 2019 жылы 22 млрд теңгені үнемдедік. Былтырдан бастап берілген тегін дәрілер туралы SMS жобасын жүзеге асырдық. Кімге тегін дәрі берілсе, сол адамға SMS жіберіледі. Осындай онлайн бақылау арқылы 2018-2019 жылдары тегін дәрі-дәрмекке бюджеттен бөлінген қаржының 60 млрд-ын үнемдедік. Үнемделген қаражатты қайта құйып, тегін дәрі-дәрмектердің тізімін 600-ден 1300-ге дейін ұлғайттық», дейді вице-министр.

Бұдан бөлек науқастарды ауруханаға жатқызуда да бармақ басты, көз қысты жағдайдан арылып келеміз. Министрдің орынбасары бұл бағытта да айтарлықтай жұмыс істелгенін атап өтті. «Қазір көп­теген кісілерден ауруханаға жолдама бермей жатыр деген шағымдар келіп түседі. Оларды порталға қою үшін bg.eisz.kz деген сайтты аштық. Ол ың­ғайсыз болса eGov.kz порталындағы жеке кабинет арқылы хабарлама алып тұ­руға мүмкіндік жасап отырмыз. Мыса­лы, порталды 1-2 жылдан бері күтіп отыр­мыз дейтіндер бар. Біз тексерген кез­де ол азаматтың ешқандай порталға тұр­ғызылмағанын анықтаймыз», дейді О.Әбішев.

Бұдан бөлек цифрландыру жалған дип­ломмен жұмыс істеп жүрген ақ ха­лат­­тыларды да анықтаған. «2019 жыл­дың наурыз айында тағы бір жобаны іске қостық. Біздің 300 мыңға жуық дә­рі­гердің дипломдары мен сертификат­тарын автоматты түрде тексердік. Осы­лайша 300 мыңға жуық дәрігердің 8 мың­ға жуығының құжаттары жалған екенін анықтадық», дейді вице-министр.