Таным • 04 Маусым, 2020

Қазынасы ұрпаққа мұра

492 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде сапалы білім, ақиқатқа құрылған ақпарат жинау, кейінгі буынға кітап оқыту да көкейкесті мәселелердің қатарына шыққанын көріп жүрміз. «Дүние емес, кітап жинадым» деген сөзді бұрынғы ұлт зиялыларынан жиі естіп өстік қой. Ғұмыр бойы кітап жинаған елжанды ағалардың алдында Мырзатай Жолдасбеков те бар екенін, ол кісінің бүкіл осы рухани байлығын елордадағы Ұлттық академиялық кітапхананың ортақ игілігіне айналдырғанын екінің бірі біле бермейді. Егер мамандығым Мырзатай Жолдасбековтің мемориалды кітап коллекциясы оқу залының сектор жетекшісі қызметін бұйыртпағанда, бұл жайт бәлкім маған да беймағлұм болып қалар ма еді?!

Қазынасы ұрпаққа мұра

Абыз аға халықаралық «Түркістан» га­зе­тіне берген бір сұхбатында: «Кезінде біз дүние жимадық, оның орнына кітап жи­надық. Ол кезде дүкенге жаңадан кітап түс­кенін естісек, қол жеткізгенше жанталасатын едік. Сөйтіп тірнектеп жүріп жинаған дү­нием қазір кітапханада тұр. Ел-жұрт менде кітаптың көп екенін жақсы біледі. Содан менің кітапханамдағы байлығымды сұраушылар көбейді. Бар жиған кітабыңды қиып бере салу оңай дейсің бе?! Көп ойландым. Бірде осы кітапханаға Үмітхан Мұңалбаева басшы болып келді де: «Аға, кітапхана өзіңізге көптен қолқа салып жүр екен, кітабыңызды көпшілікке қисаңыз қайтеді?!» деді. Өтініп тұрғасын бетін қай­тара алмадым, ақыры келісімімді бердім. Сонау ерте кезден өзіммен бірге келе жатқан кітаптар бәрі. Мен осы кітаптармен ой толыстырдым, білім жина­дым, ғылымға бет алдым, ғалым болдым. Сырласым, мұңдасым болған, талай жетістігіме себепкер болған кітаптарымды қа­лай қияйын?! Қия алмадым. Уәде бергеннен кейін үш күн ұйықтай алмадым. Бірақ уәдемде тұрдым. Сөйтіп, кітаптарымның бәрін осы Ұлттық академиялық кітапханаға тапсырдым. Бәрі жаныма жақын. Бар байлығым – осы кітаптарым. Бұл зал – менің екінші үйім. Уақытымның біраз бөлігін қазір осында өткіземін. Мүмкіндігім болса, осы жерге келемін. Аяғым тартып тұрады» – дейді.

Еңселі кітапханадағы ең үлкен залдардың бірі саналатын «Мырзатай Жолдасбековтің мемориалды кітап коллекциясы» оқу залы­ның тұсауы 2015 жылдың 22 қаңтары күні кесілді. Оқырманына есігін айқара ашқан күннен оқырманы үзілмеген оқу залы. Талай тарихтың куәсі боларлық кітаптар көп. Оны кітаптар ішінің шимайларынан аңғаруға бо­лады. Талай жылдар қолынан түспеген кі­тап­тарының мұқабалары сөйлеп тұр. Қазақ тарихы, Ресей тарихы туралы кітаптар өте көп. Орыс тарихшылары Соловьев, Клю­чевский, Карамзиннің шығармаларының то­лық жинағы, «Манас» жырының барлық нұсқасы бар. Саяқбай Қаралаевтың толық нұсқасын да таба аласыз.

Есімі қазақ халқының ардақты ұлдары Өзбекәлі Жәнібеков, Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров сынды қазақ мәдениетінің қара­нарларымен қатар аталатын, тумысынан шешен, қашан да ел мүддесі мен ұлттың тағдырын арқау еткен ел ағасының аты бүгінде бүкіл Қазақстан жұртшылығына жақ­­сы таныс. Саналы ғұмырын ұлт мүддесін ұлық­тауға, қазақтың жоғын жоқтауға, мем­лекет мерейін көтеруге, халқымыздың тарихы мен әдебиетін қалпына келтіруге арнап келеді. Өнер, әдебиет қазынасының қамқоршысы, шырақшысы екенін ғалымның танымдық, шежірелік бағдарламада жа­зылған тамаша еңбектері-ақ дәлелдесе керек. Кезінде жарық көрген «Асыл арналар», «Жүз жыл жырлаған жүрек», «Тоқсан толғау», «Асыл сөздің атасы» деген кітаптарын қалың жұрт қызыға оқыды. Сонымен қатар «Шежірең анық болсын десең, үзілмесін десең, өмірің келешек ұрпаққа да ұғынықты болсын десең – күнделік жаз», – дегендей, «Күндерімнің куәсі» атты кітабы бәрін де есіңде сақтайтын, ұмыттырмайтын құдірет – күнделік болып жа­рық көріп, қалың оқырманына жол тартты.

Бүгінде таңда жеке кітапхана ақпараттық, мәдени және білім беру міндеттерін орындап отыр. Пайдаланушыларға, сол қатарда ғалымдарға, магистранттарға ақпараттық-библиографиялық қызмет түрлерін ұсынып келеді. 2015 жыл кітап қорын өткізу барысында, 6 641 дана (5685 аталым) кітап болса, сол қатардағылардың – 1041 данасы қаламгерлер мен ақындар және дипломаттардың қолтаң­баларымен берілген. Оның 773 данасы (690 аталым) орыс тілінде, 415 мемориалдық экспонат (кәдесыйлар, портреттер, дипломдар, сертификаттар мен медальдар, монеталар, т.б.), 908 (368 аталым) аудио, бейнематериалдар, грампластинкалар мен құттықтау хаттары және 692 мерзімді басылым тігіндісі, жалпы есепте барлығы – 9 426 данадан (8162 аталым) тұратын мол қазына жинақталған.

«Кітап – рухани қазынаның қайнар бұ­лағы» дей келе, Мырзатай Жолдасбеков қолына қандай кітап түссе де, ел игілігіне жарасын деп, кітапханаға өткізгенше асы­ғады. Соның нәтижесінде бүгінде жеке кітапхана қорының жалпы саны 10410-ға жетіп отыр. Тіпті, сирек репринтті басылымдар қатарынан «Атлас древности Монголии» изданный по поручению императорской академии наук В.В.Радловым. (Санкт-Петербург, 1892), «Большая история искусства в 16 томах» (Москва, 2009), «История Древнего Мира» (Москва, 1956, Рахманалиев Р.), «Империя тюркских вои­нов. История великой цивилизации». (Москва, 2015) басылымдарын да көріп, оқуға зор мүмкіндік жасалған. Халқымызға сіңірген еңбегін бұрынғыдан да тереңірек сезініп, оның ешкімге ұқсамайтын мінез-құлқы мен адамдарға жасаған жақсылықтары жөнінде білгіңіз келсе, кітапханадағы озу залына барсаңыз жаңа мәліметтер алып, ғалым әлемінің қыр-сырына қанық боласыз. Өйткені ғасырлар куәсі болған кітаптар мен құнды дүниелер сөйлеп тұр.

Бұл азаматтық, мемлекеттік ұстанымды көрсетудің ерекше үлгісіне айналатынын атап өтуіміз қажет. Жылдар бойы жинақтаған жазба байлығын кітапханаға табыстауы ел-жұртты еліктіріп, қоғамдық көзқарасты қа­лыптастырып, әрі өзінің лайықты орнымен жалғасын табуы үшін тамаша үлгі бола білді. Сіз бұл қазына арасынан Мырзатай Жолдасбековтің жеке өмірі мен еңбектеріне (1960-2014 жылдар аралығындағы) арналған библиографиялық көрсеткішін ғылыми-та­нымдық жинақтары және баспасөз бет­те­рінде жарияланған мақалалары мен шығар­маларын (381), сондай-ақ орыс тілді БАҚ беттерінде жарияланған мақалаларын (1986-2014 жылдар аралығында – 64), жазушы жай­лы құжаттар мен әріптестерінің ой-тол­ғам­дары, лебіздері (286), БАҚ-тағы жазушы және оның шығармашылығы туралы зерт­теулер мен естеліктер, очерктерін (31), өзі­нің құрастыруымен және жетекшілігімен жа­рық көрген кітаптар мен жинақтарын (74) көріп, оқи аласыз. Барлығы хронологиялық тәртіппен, әліпбилік жүйемен оқырманына ұсынылған. Қазақстанның әдеби өмірінде айшықты орын алатын мыңнан аса мақала жазып қана қоймай, көптеген кітаптың да авторы атанды. Тарландар қатарына ерте ілінген Мырзатай ағамыз шын мәнінде Түркі өркение­тінің жаршысы болды. Жазғандары жас ұр­­паққа нәр беріп, дамуына ықпал жасап, қа­ламгерлігі мен қайраткерлігі үндестік тауып, түркі дүниесінің тегеурінді тұлғасына айналды. Бүгінде өнегелі өмірі кімге де болсын үлгі, жұрты мен ұлтын ұлықтаған елінің ардақты ақсақалы, ұлт руханиятының абызы. Қадірін біліп, қасиетін ұғайық.

 

Күләш ОРАЗОВА,

Ұлттық академиялық кітапханасы Мырзатай Жолдасбековтің мемориалды кітап коллекциясы оқу залының сектор жетекшісі