Руханият • 04 Маусым, 2020

Әнұранды асқақтатып, Көк Туды желбіреткендер

833 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әнұранымыз бен Көк Туымыз туралы әңгіме болғанда көп жағдайда спортшыларымыз еске түсетіні анық. Өйткені ел намысын арқалаған оғландарымыз халықаралық додаларда атой салғанда еліміздің Әнұраны шырқалып, Көк Туымыз көкке көтеріледі.

Әнұранды асқақтатып, Көк Туды желбіреткендер

Жаһандық бәсі биік бәсе­ке­­­лерден әлем және Азия бі­­рін­ші­лігі, Азия ойындары және тағы басқа да ха­лық­­аралық додаларды айт­па­ғанның өзінде, еліміздің спортшылары төрт жылда бір келетін Олимпия ойындарында Әнұранымыз 16 мәрте шырқалып, 54 рет туымыз көкте желбіреді. Қазақстан Гимні ең алғаш 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XIX қысқы Олимпия ойындарында шыр­қалды­. Бұл еліміздің тәуелсіз ел ретін­дегі қатысқан бірінші Олим­пиадасы еді. Көкшетау облысының тумасы Владимир Смирнов бір өзі Қазақ елінің Әнұранын шырқатып қана қоймай, тағы үш мәрте туы­мыз­ды биікке көтерді. Ақ Олим­пиадаға жиналған 62 мемлекеттің өкілдері бірінші рет Қазақстанның Әнұранын тыңдап, көк байрағымызға куә болды. Кейінгі жылда­ры көк мұз, ақ қардағы ойын­­­­дарда туымыз 5 рет қа­на биікте желбіреді. 1998 жы­лы Наганода Людмила Про­­кашева мен Владимир Смир­­нов жүлдегерлер қата­ры­нан көрінді. 2010 жылы Ванку­вер­де Елена Хрусталева күміс, 2014 жылы Сочиде Денис Тен және 2018 жылы Пхенчханда Юлия Галышева тұғырдың үшінші сатысынан көрініп, Көк Ту әуеде қалықтады.

Жазғы Олимпиадаларда Әнұра­нымыз шырқалмай, Көк Туы­мыздың көтерілмей қал­ған кезі болған жоқ. Мәсе­лен, 1996 жылы мұхит­тың арғы бетінде ұйымдастырылған Атлантадағы жазғы Олимпия ойындары мен кейінгі Рио Олимпиадасына дейінгі ара­лық­та Әнұранымыз 15 рет әлемнің төрт құрлығында әуе­леген екен. Атап айтар бол­­сақ, АҚШ төрінде бал­уан Юрий Мельниченко, бес­­сайысшы Александр Пары­­гин мен «Балқаш жолбары­сы» деген лақап атқа ие был­ғары қолғап шебері Васи­лий Жиров, ғасырлар тоғы­сындағы Сидней Олим­пиада­сын­да марқұм Бекзат Сат­тар­ханов, Ермахан Ибраи­мов және желаяқ Ольга Ши­ши­­ги­наның арқасында Ән­ұранымыз жасыл құрлықта шырқалды. 2004 жылы Гре­кия­­­ның бас шаһары – Афи­нада өткен Олимпиадада боксшы Бақтияр Артаевтың құрметіне Қазақ­станның Әнұраны ор­ын­­­дал­ды.

2008 жылғы Бейжіңдегі жазғы Олимпия ойында­рын­да сөзін Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев пен Жұ­ме­кен Нәжімеденов, әнін вальс королі Шәмші Қал­дая­­қов жазған Тәуелсіз Қа­зақ­­стан тарихындағы екін­­ші Әнұранның Олим­пиа­да төрінде тұңғыш рет шыр­қа­луына Бақыт Сәр­сек­баев себепкер. Тұла бойыңды шы­мыр­­ла­тып, ерекше қуат беретін Әнұранымыздың әуені шыр­қал­ғанда Қытай көше­ле­рінде қазақ жан­күйер­ле­рінің қуаны­шын­да шек жоқ еді. Осы додада ауыр атлет Илья Ильин де топ жарып, Қазақстанның көк байрағын желбіреткен-ді. Алайда Халық­аралық Олимпиада комитеті Ильинді допинг қол­дан­ды деп айып­тап, алтын ме­далін кері қайтарып алған бол­тын.

2012 жылғы Лондонда алауы тұтанған XXX жазғы Олимпия ойындарында қазақ­­­с­тандық спортшылар 7 мәрте тұғырдың биік саты­­сынан көрінген-ді. Жа­рыс­­тың алғашқы күнінде ве­ло­­спортшы Александр Вино­ку­ров Олимпиада чемпио­ны атанып, барша Қазақ жұртын қуантқаны есімізде. Жарыс жолына шыққан ауыр а­т­леттеріміз Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова және Илья Ильин ел қоржынына алтын жүлде салып, әнұра­ны­­мызды әуелеткен. Бірақ тағы да сол допинг мәсе­лесі көтеріліп, ХОК Лон­дон­да бас жүлде алған зіл­те­мір­ші­­леріміздің нәти­же­лерін жоқ­қа шығарып, еңсе­міз­ді түсіргені рас. Дегенмен кез келген жарыста орғып та, қарғып та секіріп жүлде алатын Ольга Рыпакова бұл жолы да жүрісінен жа­ңыл­май, Лондонда Көк Туы­мыз­ды биікке көтерді. Ал Олим­пиаданың соңғы күнінде боксшы Серік Сәпиев жарыс қожайыны Фредди Эванстан алтын жүлдені жұ­лып алып, Қазақ елінің абыройын Тұманды Альбионда асқақтатты.

2016 жылы Рио төрінде өткен Олимпия ойындарында да үш спортшымыз дара шықты. Бразилияда еліміздің көк байрағын ең бірінші жүзу спортының өкілі Дмитрий Баландин желбіретіп, Әнұра­ны­мыз әуеледі. Оның ізін ала Ниджат Рагимов жүрегіне қолын қойып, Әнұранымызды аре­­наға жиналған барша жұртпен бірге шырқап тұ­рып қуаныштан көз жасын тыя алмады. Одан кейін Ән­­ұран­ды асқақтатып, Көк Туы­­­­мызды даңқты боксшы Данияр Елеусінов көтерді. Ма­ра­­паттау рәсімінде Ән­ұран­­ды тебірене шырқаған Елеусіновтің қуанышы Алаш жанкүйерлерінің қуанышына ұласқан-ды.

Жазғы Олимпия ойында­рын­­да байрағымызды екі рет желбіреткен оғлан­да­­р­­ымыз да жетерлік. Мәселен, бокс­шылардан Болат Жұмаділов Атланта (1996) мен Сиднейде (2000), Әділбек Ниязымбетов Лондон (2012) мен Рио (2016), нысана көздеуден Сергей Беляев (Атланта) Олимпиадасында екі рет күміс жүлде, ал Иван Дычко 2012 және 2016 жыл қола медаль олжалап, екі Олимпиадада туымызды көтерген. Ал тағы екі саңла­ғы­мыз, яғни боксшы Ермахан Ибраимов (1996, қола) пен вело­спорт өкілі Александр Вино­куров (2000, күміс) төрт­жылдықтың бас­ты додасында алғаш туымызды биікте көтерді. Төрт жылдан кейін Е.Ибраимов Сиднейде, 12 жылдан соң Винокуров Лондонда Әнұра­ны­мызды Олим­пиада аренасында шыр­қатқан-ды. Бұдан бөлек, тағы 37 спортшымыз Қазақстанның Көк Туын Олим­пиадада жел­бі­рет­кенін айта кетейік.

Әрине Қазақ елінің оғлан­дары келесі жылы Жа­пон елін­де өтетін жазғы Олим­пия ойындарында да Көк Туы­­мызды биікте самғатып, әсем Әнұранымыздың әуе­нін Күншығыс елінде де шыр­қа­та­ды деп сенеміз.