Атырау қаласында “Атырау Мұнай, Газ және Инфрақұрылым – Atyrau Oіl & Gas 2010” көрмесі мен “OіlTech Atyrau” конференциясы өтті. Оған Ұлыбритания, Германия, Италия, Қазақстан, Қытай, Литва, Ресей, Түркия, Украина мен Франциядан келген 100 компания қатысты.
Көрмеде “ҚазМұнайГаз” ҰК, “Теңізшешевройл” мен “North Caspіan Operatіng Company” (NCOC) компанияларынан басқа мұнай-газ саласында сервистік қызмет көрсететін, мұнай-газ жабдығын, арнайы киімді және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі технологияларды ұсынатын, сондай-ақ құрылыс салу мен инфрақұрылым саласында жұмыс істейтін компаниялардың жұмысы мен өніміне айрықша қызығушылық танытуда. Олардың арасында “АтырауНефтеМаш”, “КазПромПрибор”, “Сервисный центр “КазТурбоРемонт”, “Прикаспийский машиностроительный комплекс” ЖШС, “Энергоцентр Азия” секілді отандық компаниялардың қатысып отырғанын ерекше атап өту керек. Ресейдің компаниялары да көптеп қатысуда.
Көрме аясында “OіlTech Atyrau” техникалық конференциясы басталды. Оның жұмысына 150 делегат қатысуда. Техникалық конференцияның тақырыптар аясы кең. Мәселен, “Атырау облысының Қазақстанның саяси және экономикалық дамуындағы рөлі”, “Қазақстанның барлау және өндіру секторын стратегиялық дамытудағы мемлекеттің рөлі”, “Су ресурстары мен төкпе суларды басқару: шешімдер және технологиялар”, “Қатал климат жағдайларында сақтап қалу арқылы күрделі жұмсалымдарды қорғау”, “Батыс Қазақстан аймағының шектерінде инженерлік-геологиялық (геоэкологиялық) зерттеулер жүргізу концепциясы”, “Қазақстанның мұнай өңдеу өнеркәсібін дамыту: нақты мысалдар Атырау мұнай өңдеу зауыты”, және тағы басқа тақырыптарды қамтымақ.
Сондай-ақ, осы күні “Қазақ мұнай және газ институты” АҚ негізінде құрылған, Қазақстан үшін бірегей маңызы бар петрофизикалық лаборатория ашылды. Заманауи жабдықпен жарақталған бұл лаборатория аймақтың жер қойнауын пайдаланушыларына керн материалына жергілікті мамандардың күшімен қажетті жедел әрі сапалы зерттеу жүргізуге мүмкіндік беретін болды. Бұрын мұндай зерттеу тек шетелде жүргізілетін.
Осы конференцияда “Нефтегаз” ГНКАР ҒЗӨИ өзінің жаңа әзірленімдерін ұсынды. “Нефтегаз” ГНКАР ҒЗӨИ директоры Исмаилов Фахреддин Саттар оглы “Жаңа композициялық деэмульгатор” тақырыбында баяндама жасады. Институт Әзірбайжан мен Қазақстанның кен орнының тұрақты мұнай эмульсияларын ыдырату үшін деэмульгация әсерін тигізетін кейбір композициялық құрамдарды әзірледі. Қазақстанда соңғы он жылдың ішінде мұнай шығару көлемі екі есе ұлғайды. Көмірсутек шикізатын әлемдік рыноктарға тасымалдаудың жаңа бағыттары айқындалуда. Мұнай-газ саласының дамуы Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторларының даму қарқынына оң әсер етеді.
Бүгінде Қазақстан Еуразия аймағының көшбасшы елдерінің біріне айналды. Ел экономикасының дамуында мұнай-газ өнеркәсібінің рөлі басым болып отыр. Өндірістік қуатттардың өсуі және көлік инфрақұрылымының кеңеюі мұнай-газ саласында қазақстандық және шетелдік серіктестер арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына септігін тигізіп отыр. Батыс Қазақстан аймағы, соның ішінде Атырау өңірінің өркендеу маңызы ерекше, мұны осында өткізіліп жатқан мұнай-газ іс-шараларына деген қызығушылықтың барған сайын артып отырғаны тағы да айғақтайды, дейді ұйымдастырушылар.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.