Аймақтар • 04 Маусым, 2020

Тараз қаласында 90 адамға баспана кілті табысталды

523 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда мемлекет қолдауының нәтижесінде Тараз қаласында 54 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл ретте Жамбыл облысының әкімдігі 3025 отбасын жеке баспанамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Тараз қаласында 90 адамға баспана кілті табысталды

Оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы 1100 отбасы бар. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Тараз қаласы бойынша 18,6 мың адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Жергілікті тұрғындарды тұрғын үймен қамту мәселесі өңірде оң шешім тауып келеді. Жыл басынан бері жүздеген отбасы мемлекет қолдауының нәтижесінде баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Бұл үрдіс ағымдағы жылы да ары қарай жалғасын таба беретін болады.

Еліміздің Мемлекеттік рәміздер күніне орай, Тараз қаласындағы «Арай-2» шағынауданынан пәтер кезегінде ұзақ жылдар бойы тұрған 90 адамға баспана кілті табысталды. Аталған нысан «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша бой көтерген. Бес қабатты екі тұрғын үй заман талабына сай, сапалы түрде салынған. Тұрғындарға пәтер кілтін тапсыру салтанатына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысып, баспаналы болған азаматтарды қоныс тойымен құттықтады.

«Біздің елде қолжетімді баспана мәселесін шешуге айрықша көңіл бөлінуде. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2 мыңнан астам тараздық тұрғындар қоныс тойын тойласа, биыл облыс орталығында 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй салу жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген жаңа «5-10-20» бағдарламасы да мыңдаған отбасыларға баспана алуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік рәміздер күнімен қатар келген қоныс тойларыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болып, береке-бірлігіміз арта берсін», деді Бердібек Сапарбаев.

1

«Арай-2» шағынауданында орналасқан пәтерлер жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, толық емес және аз қамтамасыз етілген отбасыларға, сонымен қатар, әлеуметтік жағынан халықтың осал тобын құрайтын басқа да санаттарына жататын азаматтарға берілді. Баспаналы болған азаматтар мемлекеттің көрсетіп отырған қолдауына алғыс білдіріп, пәтер бөлмелерін аралап көрді. «Бізге қамқорлық көрсеткені және қолдау білдіргені үшін мемлекетке көп рахмет. Бүгін біз үшін қуанышты күн. Отбасымызбен ұзақ уақыт бойы пәтер жалдап тұрдық. Баспана мәселесін өз бетімізше шешуге мүмкіндігіміз болмады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгін біз екі бөлмелі пәтерге ие болдық», дейді Ауған соғысының ардагері Берік Торғайбеков.

2

Қазіргі кезде Тараз қаласында тұрғындарды баспанамен қамту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгін «Арай-2» шағынауданынан 5 қабатты 2 тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы да көптеген отбасы баспаналы болады деп жоспарлануда.

7

 

Жамбыл облысы   

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше