Солтүстікқазақстандықтар мемлекеттік рәміздерді алғашқы және әзірге соңғы зерттеуші өздерінің жерлесі, қазақтың ақыл-ойының антологиясын құрастырған, ақын Ербол Шәймерденов болғанын да мақтанышпен айтады. Бүгін Қызылжарда болған бірнеше шарада Мемлекеттік рәміздер туралы айтылып, ән-күйлер де шырқалып жатты, сонымен бірге Ербол Шәймерденовты да еске алған, әдемі пікірлер айтылды. Мәселен, қаладағы 8-ші мектептің ауласында өткізілген шарада Лидия Жемчужникова деген оқушы өзінің Ербол Шәмерденов ағасын жақсы білетінін, оның шығармаларын сүйіп оқитынын айтты. Қазақша жап-жақсы сөйлейтін қыз баланың ниетіне ризашылығымызды жасыра алмадық.
Барлық шараларда рәміздерді жасаған авторлар және олардың еңбектері мен сүйенген тарихи деректеріне құрылған әдемі әңгімелер айтылып, ән мен күй де жалғасып жатты. Қала ішіндегі мерекелік шаралар кешке қарай Солтүстік Қазақстан облыстық университетінен басталып, қала іргесіндегі «Пестрое» көліне дейін жалғасатын автошерумен аяқталатын болады. Оны ұйымдастастырған «Нұр Отан» партиясының жастар қанатының мүшелері. Осы сағаттарда олар қызу дайындық үстінде.
ҚЫЗЫЛЖАР