Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барыс» клубы біріншіліктің биылғы маусымында Шығыс конференциясында екінші орынға тұрақтап, Чернышев дивизионда топ жарды. Сонымен қатар Гагарин кубогының ширек финалына дейін жеткен еді. Осындай айтулы жетістігінен кейін жерлестеріміз еуропалық басылымның рейтингінде 9-орыннан көрінді. Өткен жылмен салыстырғанда «Барыс» он саты жоғарылаған және ТОП-10 команданың қатарына кірген тарихтағы алғашқы Қазақстан клубы атанды.
«Барыстан» бөлек тізімде қазақстандық командалардан «Сарыарқа» 171-орында болса, «Торпедо» – 181-ші, «Арлан» – 201-ші, «Ертіс» – 216-шы, «Алматы» – 221-ші, «Бейбарыс» – 234-ші сатыға жайғасқан. Рейтингтің көшін Мәскеудің ЦСКА клубы бастап тұр. Екінші орында Швецияның «Лулео» командасы болса, алғашқы үштікті Қазанның «Ак Барс» клубы түйіндеді.