Әдебиет • 05 Маусым, 2020

Портрет (Үштаған)

1019 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Гоголь портреті

Айтыла берген сөз де ақжемденеді. Әрі-беріден соң ығыр қылады. Бұл портрет жайлы сан мың сөз ай­тыл­­ған. Сондықтан Гогольдің «Порт­ре­тіндегі» жайма базардан, жарқын дауыстардан, жас жігіттің жадағай тұр­мысынан, тіпті портреттің өзі­нен, ондағы әлгі жан шошытар көз­ден, жасырын қалаулардан, алтын мәнеттің сыңғырынан, өң мен түстен, бәр-бәрінің жанынан жанай өтіп, бір­ден жалдамалы пәтерде Лизаның порт­ретін салып отырған жас жігіттің үстінен түсейік. Бұл повестегі бізге мысал болар образ да осы. Бұл біздің көруіміз.

Портрет (Үштаған)

Чартков, дұрыс айтасыз, аса дарынды жас суретші еді. Оны профессор да байқаған. Балауыз шамдай балқып отырған бойжеткеннің жүзіне суретші бажайлап қарап үлгер­генше Гоголь «балауызымызды» «қа­тырып» тастайды. Петербург салон­дарының мәнерімен. Мәдениет мәселесі. Автордың ке­йіп­кердің іс-әрекетіне араласа беруі өте қызық әрі ыңғайсыздау екен. Оның талғамымен де таласады. Біресе Тицианды, біресе Рафаэльді шығарады. Чартков жас сұлудың балғын тәнін бағамдағанша, оны бәткерде қылып, «талантты суретші болса, мынаны байқар еді» дегендей репликалармен ретсіз шүй­лігеді. Чартковты аса талантты деп басында келісіп алсақ та, солай етеді. Соның бәріне қарамастан, жас суретші сұлудың  мұздай мүсіні, мұңаймас кескінінің арғы жағынан көз астындағы көкшіл реңкті, болмашы ғана сарғыш бояуды, тіпті оның маңдайындағы зәредей ғана әнтек бөрткенді көріп үлгергені сол еді, Лизаның анасы арқылы оны салуға тыйым салып қойды. Жас суретші бір образды екінші образға көшіру ар­қылы ғана алдамшы жол тапты. По­весті оқып отырғанда автордың сюжетке шексіз еркін араласуы, әсіресе ке­йіпкерін кекетіп, кимелей беруі мені таңдандырған еді. Сөйтсем, оның сыры бар екен. Ұлы жазушы живописьті жанындай жақсы көрген. Суретшілермен бірге даңқты салондар мен музейлерде, әсіресе Римде саяхат құрған. «Сіз суретті жақсы салады екенсіз ғой» дегенге, «Пәлі, сіз оны білмеуші ме едіңіз?» деп паңдана жауап берген. Сондықтан да Чартковтың шаршатуына шыдаммен қарауға тура келеді.

Бірақ дәл сол жерде, өзінің емес, автордың идея­сына бағынудың сал­дарынан біздің аса дарынды жас суретшіміз көркем көшірме жа­саушыға айналып жүре берді. Әде­биетте болса, оны графоман дер еді. Тавтологияның талантты өкілі. Ақыры – арзан атақ, абыройсыз, азапты өлім. Оның бәріне біз айналып өткен алғашқы портреттегі шалдың көзін, кейіпкердің жасырын жан қа­лауын жазықты етіп шығарды. Осы арқылы автор талант өлімін, әрі қарай талант өлтіру ойынын көрсетеді. Жау­дырма мақтау, жағалай қошемет.

Ал Николай Васильевичтің еште­ңесі кеткен жоқ, Римнен ұлы суретшіге айналған Чартковтың жас күніндегі жолдасын оралтты. Мүмкін, Римнен өзі де солай оралғысы келген болар? Мүмкін, бұл да ұлы жазушының жасырын жан қалауы болған шығар?!.

 

Уайльд портреті

1

Суық түсті сұр жігітке, сұлулық пен жастықтың, тә­каппарлық пен тек­ті­ліктің, күнәсіздік пен кіршіксіз таза­лықтың сұмдық үйлесіміндей, сұқ­тана көз салған замандастары, ара­да он сегіз жыл өткеннен кейін де, от пен суды қатар кешкеннен кейін де сол қалпында сақталып қалғанын көргенде, әрине, сайтан көргендей шо­шынады. Есесіне портреті, «піл сүйе­гі мен алқызыл раушан күлтесінің үн­десуіндей» бейнесі қараулық пен қатыгездік, күнә мен қылмыс, ар­сыз­­­дық пен азғындық, ескіру мен қар­­таюдың бәрін өзіне алып, өзіне жұ­тып, тозып, тұлданып, күн астында қал­­ған көк өгіздің талысындай тартылып, шіруге айналады. Жалпы, осы аралықтағы оқиға желісі оқырманға жақсы таныс.

Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті» уақытында қағытпа ойдың, қыжыртпа сөздің қақпақылында жүрсе де, тым асқақ әспеттелген ертегіге баланса да, үш аптаның ішінде жазылып, үш ғасырға дабырасы жеткен туынды болды. Жаңа да көне символ-образ ретінде әдебиетте қалды.

Өмірдің мәнін рақат пен ләззаттан ғана іздеуге үндейтін гедонистік ағым­ның арбауына түсіп, жетегіне ерген желөкпе жас – жиыр­маға енді шыққан жігітті аяу да, аяу­сыз әшкерелеуге тырысу да, тіпті қызғану мен қызығу да, суретшінің қасіреті, сұлудың өлімі үшін жазғыруға оқталу да – жазушы шеберлігі тудырған жанама әсерлер. Шығарманы оқу барысында туатын ыза мен жеккөрушілік, таңданыс пен тосырқау сезімдерін кеше отырып, ең бір ізгі моральдық құндылықтардың, аса бір нәзік эстетикалық сезімдердің (әсіресе он тоғызыншы ғасырда) жа­­па шеккені үшін жазушыны кінә­лау­ға асығар оқырманның ойын оқып қой­ғандай, автор: «Әр адам До­риан Грей­ден өз күнәсін көреді. Ал Дориан­ның күнәсі неде екенін ешкім де анық білмес. Күнәсін білдім деген кісінің өзі одан өз күнәсін ғана таны­мақ», дейді.

Ал біздің ғасырда Дорианның күнә­лары деген кітапша болған болса, қай беттегі қай сөздің асты қарамен сызылар екен?! Жақсы, біздің іздеген ойы­мыз кейіпкердің күнәларында емес, портреттің өзінде. Әр адамның, осы тақырыптың аясында қарасақ, өзіне ғана тән Бэзил Холлуорды да, лорд Генриі де бар. Ол арман, қалау, мақсат, іңкәрлік, махаббат, құмарлық, қызығушылық, тағы да басқа сезімдер мен құндылықтардың бейнесінде болуы мүмкін. Сол сезімдеріміз суретші Бэзил секілді біздің портретімізді салады. Оскар Уайльдтың символдық образының түпкі идеясына үңілер бол­сақ, біздің портретімізде біздің бей­неміз емес, басқа адамдардың бей­несі тұрар еді.

Біздің портретімізде кімнің бейнесі тұр және біз кімнің портретіміз? Қай­сы­бір бұлғақ бозжігіт, әке малы­на мас­танған, оқудан қуылып, қылмыс жасап, құрыққа ілінген болса, оның портреті – әкесі. Қайсыбір бұла бойжеткен бұрыс жолды бойлап, былғанар болса, оның портреті – анасы. Олар тозбайды, ата-ана тозады, олар қартаймайды, ата-ана қартаяды.

Біздің әрбіріміз отбасымызды асы­­­рау үшін ала таңнан қара кешке дейін жұ­мыста жүрсек, жардың сыры, ба­ла тәр­­биесінен жырақтап қалсақ, я қыз­­метке, я өнерге бас қоя кетсек, қыз­дырмалатып қызық қуып, қы­ды­рымпаз серілікті сән көрсек, біз­дің портретіміз – үйдегі жар мен бала. Біз тозбаймыз, олар тозады, біз қартаймаймыз, олар қартаяды.

Елдің қызметінде жүрген қай­рат­кер, я шенеунік, тіпті осы бәріміз ант пен серттен адасып қалар болсақ, па­рыз бен борышты ұмытар болсақ, біздің портретіміз – халық. Біз тозбаймыз, халық тозады. Біз қартаймаймыз, халық қартаяды. Бұл адасулар мен ұмытулар, қызық пен құмарпаздық – біздің лорд Генриіміз. Қоғамдағы әр адам – бір-бірінің портреті. Қайсыбір істе де кімді құрбандыққа шалғалы тұр­ғанымызды ойлау ғана бізді құтқара алар күш.

 

Отарбаев портреті

1

Бір демдік әңгіме. Тақырыбынан қысқа. Бірақ сол бір демді құшырлана тартқанда – көк алманың иісіндей жастық албырттығы аздап басыңды айналдырғандай болып, қайта шығар­ғанда – кәріліктің кеңсірігіңді тұтқан өксігімен бірге көзіңнен бір тамшы жас та ытқып шығып кетеді. Дем арасындағы өмір, адам тағдыры, әулет тағ­дыры. Талқаны шыққан тағдырлар. Өксіген өз өмірі. Мұратына жетпеген жігіт. Адасып қалған армандар. Бірі – Сібір орманында, тағы бірі – сүрлеу ғана баратын ауылда.

Әңгіменің өне бойында Мона Лиза үнсіз жымияды, Моншақ – үнсіз жы­лайды. Ол (жүрек) әрқашан үнсіз жылайтын еді ғой. Сиқырлы күлкі мен жабайы көз жасы. Сиқыр – өнер, жабайылық – өмірдің өзі.

Рақымжан Отарбаевтың портреті («Мона Лиза» әңгі­месі) – салынбаған сурет. Сол бос кеңістік – жасалған қателіктің суреті. Бір қателіктің, мейлі ол ең бір адал әрі аңғал ойдан, тіпті бейкүнә әзілден туса да, бүкіл өміріңді бүлінген суреттей етерінің мысалы. Салынбаған сурет – қос ғашықтың бірге сүрілмеген өмірі. Ол қателік сөз кейпінде болуы да мүмкін еді, әл­де­кім жеткізген әділетсіз сөз, жас сұ­лудың гүлзарын жайпап өтер дүлей сөз, бірақ ол портрет ретінде берілген. Сөз – үнсіз портрет. Үнсіздік кейде ас­қан шешен шығады. Сондықтан да Мона Лиза – Моншақтың жасырын қорқынышы, құлағынан кетпес бейдауа тыныштықтың ащы үні. Әңгімеден мораль іздеудің өзі әбестік шығар, ол тәмсіл не ертегі емес қой, дегенмен сала алмаған сурет – айта алмаған сөз, айта алмаған сөз – баруға батылы жетпеген ерлік. Отарбаев өзі де отты кісі еді ғой, қойылған қоңыр даусымен қара сөзді қойша өргізіп, «жігіттер, кешікпеңдер!» дейтін секілді: қай шаруада да.

Байқайсыз ба, біз мысалға алған үш шығарманың да (роман, повесть, әңгіме) кейіпкерлері – он жеті-он сегіз­дегі бойжеткендер, жиырманың үстіне шыққан жас жігіттер. Үлкен өмірдің табалдырығында тұрған тағ­дыр­лар. Алғашқы қадамда сүрінді. Сүріндірді.