Аймақтар • 05 Маусым, 2020

Елордалықтар көліктен шықпай-ақ коронавирусқа тесттен өте алады

175 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тест алуға 3-5 минут уақыт кетеді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Елордалықтар көліктен шықпай-ақ коронавирусқа тесттен өте алады

Елордада коронавирус инфекциясын анықтау үшін мобильді скрининг диагностикасы пайда болды. Зертхана №2 Қалалық көпбейінді аурухана базасында іске қосылды. Скрининг орталығының ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен мен қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қатысты.

«Мақсат – қаланың барлық азаматтарын тексеріп, инфекция жұқтырмағанына көз жеткізу. Сонымен қатар, күн сайын 6 зертханада 4 500 талдау жасалады. Жалпы, қалада материал жинаумен айналысатын мемлекеттік және жеке зертханалар бар. Орталық та ыңғайлы орналасқан. Азаматтар әуежайға келгеннен кейін тест тапсыра алады. Автокөліктерге арналған тұрақтар жеткілікті», – деді Бақтияр Мәкен.

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, болашақта жоба қаланың басқа да бөліктерінде ашылуы мүмкін.

Мобильді орталық күніне 100-ден астам тест алуға қабілетті. Процедура тек 3-5 минут уақыт алады. Сондай-ақ мамандар атап өткендей, бұл әдіс барлық автокөлік үшін ыңғайлы және ешқандай кезекті қажет етпейді. Тест құны – 10 мың теңге. Тест тапсырушы эпидемиологиялық факторлар мен симптомдарға қатысты жеке ақпараттар көрсетілген сауалнама толтырады. Кабинада дене температурасы жанасусыз термометр көмегімен өлшенеді. Нәтиже 6 сағат ішінде белгілі болады.

Тест тапсырушы өз нәтижесін электронды пошта немесе Whatsapp нөмірі арқылы ала алады. Covid-19-қа күдікті болған жағдайда мамандандырылған ауруханаға ауыстырылады.

Мобильді скрининг орталығы 08.00-ден 20.00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Ол «MEGA Silk way» сауда орталығы аумағында, яғни №2 аурухана мен «MEGA Silk way» сауда орталығы арасында орналасқан.

Сарапшылардың пікірінше, Нұр-Сұлтан қаласында осындай пункттің ашылуы тұрғындар арасында аурудың жасырын ошақтарын анықтап, асқынулардың алдын алу үшін уақтылы санитарлық-эпидемиологиялық және алдын-алу шараларын жүргізуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін елордада коронавирусқа жедел және жоғары дәлдіктегі ПТР-скрининг жүргізу үшін бірінші модульдік зертханалық кешен іске қосылды. Болат Өтемұратов қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне ғылыми-зерттеу процесін автоматтандыратын бірегей зертхананы сыйға тартты.

Зертханада мынадай санаттағы тұлғалар үшін тегін скрининг жүргізеді: жұмыссыздар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, стационарға жоспарлы емдеуге жатқызылатын пациенттер, тыныс алу органдары, эндокриндік және жүрек-қантамыр жүйелері ауруларымен динамикалық бақылауда тұрған 50 жастан асқан пациенттер; эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған арнайы контингент – волонтерлер мен белсенділер, патрульдер; қарттар үйлеріндегі, интернаттық және өзге де мамандандырылған мекемелердегі азаматтар; мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлері.