Аймақтар • 06 Маусым, 2020

Нотариустың кеңсесіне шабуыл жасалған

117 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2 маусым күні Петропавл қаласындағы Жамбыл көшесі бойындағы  нотариустың кеңсесіне қарақшылық шабуыл жасалған. Бұл хабар СҚО полициясын аяғынан тік тұрғызды. Бетперде киген ер адам пышақпен қорқытып, қызметтегі әйелдің алтын бұйымдары мен ақшасын тартып алып, белгісіз бағытқа жоғалған.

Нотариустың кеңсесіне шабуыл жасалған

СҚО ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаровтың айтуына қарағанда қарақшылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеледі. Шектен шыққан қарақшылық қылмысты ашуға қалалық полиция бөлімінің жеке құрамы түгел жұмылдырылды. Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында қылмыс жасалған аудандағы бейнебақылау камераларының жазбалары зерделеніп, пәтер бюролары, жалға тапсырылған пәтерлер мен саяжай массивтері тексерілді. Тәжірибелі жедел уәкілдер барлық деректерді сараптай келіп, бұл қылмысты сырттан келген  «гастролерлердің» бірі жасады деген тоқтамға келеді.

Тиянақты тексерістің нәтижесінде сол күні-ақ қарақшының жеке басы анықталды. Ол бұрын да мүліктік қылмыс жасағаны үшін сотталған Көкшетау қаласының 1996 жылғы тумасы болып шықты. Күдіктінің кескін-кейпі еліміздің басқа аумақтарындағы әріптестеріне жолданды.

Нәтижесінде күдіктінің Қарағанды аумағында да қарақшылық жасап, ұсталғандығы жөнінде ақпарат келіп түсті. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласының  Полиция басқармасына беру үшін қылмыстық істің материалдары дайындалуда.

 

 

ПЕТРОПАВЛ