Қазақстан • 08 Маусым, 2020

Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайына жаңа код берілді

163 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайына NQZ жаңа коды берілді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайына жаңа код берілді

«2014 жылдан бастап Қазақстан Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) тағайындаған Нұр-Сұлтан әуежайының үш әріптік кодын өзгерту бойынша белсенді жұмыс жүргізді.

Бүкіл әлем бойынша әуежайларға бір рет және тұрақты негізде код беру жөніндегі IATA қағидаларына қарамастан, қазақстандық тарап бұл бағытта оң нәтижелерге қол жеткізді.

IATA өкілдерімен бірлесіп әуежайлардың кодтарын тағайындау және өзгерту бойынша IATA тәсілдеріне өзгеріс енгізу туралы шешім қабылданды.

Бұл өзгерістер 2019 жылдың 14 қазанында Варшава қаласында (Польша) IATA-ның барлық мүшелерінің қатысуымен Жолаушылар тасымалы стандарттары (Passenger Standards Meeting) кездесуінде қолдау тапты.

Нәтижесінде, 2020 жылдың 8 маусымынан бастап Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әуежайына NQZ жаңа коды берілді, ол барлық брондау жүйелерінде, отырғызу талондарында, багаж биркаларында және ақпараттық таблода көрсетілетін болады», - делінген хабарламада.