Аймақтар • 08 Маусым, 2020

Петропавлда маусымдық қылмыс өршіп тұр

384 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзге дүниенің бәрінің маусымдық түрлері болатыны сияқты қылмыстың да маусымдық түрлері болады екен. Соның ішіндегі жаз маусымында өрлейтін қылмыс – велосипед ұрлығы. Биылғы жылдың қары кетіп, жері құрғағаннан бері Петропавл қаласында 33 велосипед ұрлығы болып, оның 19 ашылды. Ал ашылмағаны әлі 14. Шағын қала үшін бұл қауіпті көрсеткіш.

Петропавлда маусымдық қылмыс өршіп тұр

Қазіргі балалар үшін велосипед қол жетпес қазына болмағанымен бәрібір аңсайтын армандарының бірі. Сол арманға енді қол жеткізгенде оны қайдағы бір сұғанақ қолдың иеленіп кеткені баланың психикасына ауыр салмақ түсіреді. Оның үстіне қазіргі сапалы велосипедтердің құны да әжептәуір, ол балаға ғана емес ата-анасына да үлкен материалдық шығын түсірген зат. Кеңестік кезеңнен қалған тар бөлмелі пәтерлерге иелері оны кіргізіп те қоя алмайды. Оның үстіне күнделікті кіргізіп-шығарудың да үлкен азабы бар. Сондықтан төмендегі кіреберіске тізіп қояды. Ал қаскөйлер кіреберістен оларды жетектеп кетуге құштар болып жүреді. Тіпті бекітіп қойғандардың да кілтін бұзып, алып кетеді екен. Кіреберіске кіру де қиындық тудырмайды, шыққан адамды аңдып тұрып, есік жабылғанша жып етсе, көршілерінің кім екенін біле қоймайтын қазіргі халық ешкімнен күдіктене қоймайды.

Осы әдіспен Жамбыл көшесіндегі 70-ші үйдің кіреберісінен бағасы 35 мың теңге тұратын «BMHW» велосипеді қолды болған. Оқиға орнында қалған саусақтың ізі күдіктіні табуға септігін тигізіп, ол бұрын сотталған, 1993 жылғы қала тұрғыны екені анықталды. Қазір оның үстінен Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Ұрланған мүлік алынып, күдіктіге қатысты келуге міндеттеме алу бұлтартпау шарасы тағайындалды. «Қылмыскелер көп жағдайда кіреберісіне бейнебақылау орнатылмаған үйлерді аңдиды. Сондықтан тұрғындар өз мүліктерінің сақталуы үшін кіреберіске бейнебақылау орнатқандары жөн», дейді Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климов.