Аймақтар • 08 Маусым, 2020

Батыс Қазақстанда тағы бір ауыл карантинге жабылды

732 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып тұр. Қаратөбе ауданына қарасты Саралжын ауылында вирус жұқтырған адам шығуына байланысты ауылға кіріп-шығу шектеліп, блок-бекет қойылды.

Батыс Қазақстанда тағы бір ауыл карантинге жабылды

- Карантиндік шаралардың жеңілдетілуі ауру санын көбейтіп жіберді. Бүгінге дейін Батыс Қазақстан облысында коронавирустың 262 ошағы анықталып, 818 адам вирус жұқтырды. Олардың ішінде 14 жасқа толмаған 42 бала бар. Өңірде 100 мың тұрғынға шаққанда ауру саны 124,6 адамнан келіп тұр, - деп мәлімдеді Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Елімізде 3 маусымнан бастап Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен коронавирус инфекциясы анықталған науқастар екі топқа – коронавирус белгілері болған және ауру белгісі жоқ науқастар болып бөлінген болатын. Міне, 3 маусымнан бастап, өңірде ауру симптомы жоқ 166 науқас тіркелген.

Соңғы тәулікте анықталған 13 науқастың 6-уы вирусты қарым-қатынастан жұқтырған екен. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар Ақжайық ауданында – 5, Бөкей орда ауданында – 2, Бөрліде – 15, Жаңақалада – 4, Жәнібекте – 11, Бәйтеректе – 34, Қазталовта – 1, Қаратөбеде – 2, Сырымда – 12, Тасқалада – 28, Теректіде – 20, Шыңғырлауда – 2, ал Орал қаласында – 633 адам.

Осы індет басталғаны 326 адам вирусты облыс аумағынан сырт жерден жұқтырып келген. Соның ішінде Ресей Федерациясынан – 205, Атырау облысынан – 119, Германиядан – 1, Белорусиядан – 1 адам ауру әкеліпті.

Ал облыс ішінде науқастармен қарым-қатынас жасап, вирус жұқтырған адам саны – 442. Бұлардың ішінде 106 адам – медицина қызметкері екен.

Бұған дейін Тасқала мен Сырым аудандарының орталықтары, Жәнібек ауданындағы Борсы мен Қамысты ауылдары карантинде болса, бұған Қаратөбе ауданындағы Саралжын ауылы да қосылды. Қазір бұл ауылдарда қозғалыс шектелген, тек күнделікті тіршілікке қажетті қызмет өкілдері ғана ауылға кіріп-шыға алады. Сондай-ақ облыстың бас мемлекеттік санитарының бұйрығымен 6 маусымнан бастап тұрғындарға өз үйінде отбасылық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Орал қаласында қоғамдық көлік таңғы сағат 06.00-ден 12.00-ге дейін, кешке сағат 17.00-ден 21.00-ге дейін ғана қызмет көрсетіп жатыр. Базарлардың да жұмыс уақыты өзгеріп, жұмыс күндері түске дейін ғана, жұмадан жексенбіге дейін сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін ашық болады.