Шұға
«Шұғаның белгісінде» жазушы ару қызды былай суреттейді: «Шұға десе Шұға. Шұға, өй, шіркіннің өзі де келбетті-ақ еді. Ақ құба, талдырмаш, көзі қап-қара, осы, үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай». Әкесі ауылға белгілі Есімбек бай болса, алдында көкжал қасқырдай төрт ағасы тұрғанда, бозбала біткеннің есін алған сұлулығын тағы қоссақ, ондай қыз міндетті түрде еркін әрі ерке болмас па еді? Бұл сұрақтардың жауабын қаламгер Шұғаны суреттеген алғашқы азат жолдарда-ақ беріп тастайды. «Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін... Бұл күнде ондай қыз қайда? Ажары тәуірлеу біреу болса, соны көтере алмайтынын да білмейсің, ешкіге құсап шошаңдап жүргені. ... Осы күнгілердің бір тапқаны, қызды оқыту керек дейді. Сол Шұғалар хатты зорға танушы еді. Сонда да осы күнгінің оқыған он қызына бергісіз еді...». Міне, бұл – қазақ оқырмандары үшін аяулы Шұға бейнесі. Ол сүйген жігіті Әбдірахманға қосыла алған жоқ. Әкесі Есімбек бай кедей жігітке қызын бергісі келмей, оған түрлі жала жауып, түрмеге қаматады. Қыз жаны мұны көтере алмайды. Санамен сарғайып, жан тапсырады. Шұғаны қазіргі әдебиеттанушылар көбінде «күрескер емес, өз бақыты үшін еш әрекет жасаған жоқ» деп бағалайды. Бірақ біздіңше, Шұғаның тылсымы, Шұғаның биіктігі сол «әрекетсіздігінде» сияқты.
Әдебиетте динамикалық және статикалық кейіпкерлер деген ұғым бар. Динамикалық кейіпкерлердің мінез-құлқы, дүниетанымы, сол арқылы іс-әрекеті шығарманың басынан бастап соңына дейін бір сападан екінші сапаға ауысып, өсіп, ілгерілеп отырады. Ал статикалық кейіпкерлер шығарманың өне бойында өзгеріссіз қалады. Динамикалық сипат көбінде бас кейіпкерлерге тән болса, статикалық сипат керісінше жанама кейіпкерлерге тән болады. Бірақ осы «Шұғаның белгісінде» бас кейіпкер Шұғаға статикалық идеал сипат тән. Ол қазақы түсінікпен, қазақы дүниетаныммен тәрбиеленген қыз. Оның дүниетанымында үлкендерге қарсы шығу не үлкендердің батасын алмау сияқты «бұзық ой» жоқ. Сондықтан Шұға санамызда қазақы қалпынан өзгермеген ару күйінде қалды...
Күлпәш
Өмірдің нағыз бейнесін танығыңыз келсе, «Күлпәшті» оқыңыз. «Жұмағазыға тисем бе, тимесем бе» деген екіұдай ойдың шырмауына түскен байғұс әйел 40-50 қарасы бар байға тұрмысқа шығуды жетіскенінен ойламайды. Оның мақсаты – тірі қалу. Баласының да, күйеуінің де тірі қалуын тілейді. Тігерге тұяқ қалмаған жыртық үйінде ашаршылықтан әлі құрып бара жатқан үшеудің құтқарушысы осы Жұмағазы сияқты.
Майлиннің ашаршылық тақырыбындағы осы әңгімесінің негізгі идеясы – құндылық атаулының тоқ адамға керектігі. Аш пенде алдымен тамақ іздейді. Тірі қалу үшін жылт еткен әлсіз үміттің құйрығынан ұстап жібермек емес. Күлпәш сүйген жары мен баласын құшақтап өліп қалса да, ешкім оны махаббатқа, отбасына адал болғаны үшін өлді деп айтпас еді. Өйткені кедейлік, аштық аянышқа лайық. Кедейліктің әлсіз қамыты ондай үлкен құндылықтарды көтере алмайды. Сондықтан ол бәйбішесі өлген, өзінен едәуір үлкен Жұмағазыға күйеуге шығады. Күлпәш – өмір үшін күрескен мықты әйел, қаламгердің мінсіз шеберлігімен сомдалған классикалық бейне.
Раушан
Раушан – белсенді. Раушан – коммунист. Ол Кеңес үкіметінің арқасында оқып, теңдік алған әйел. Алдымен ауылдық жиналыстардың бірінде көзге түсіп, ауылнай атанады. Жоғарыда айтқан нағыз динамикалық кейіпкеріміз осы Раушан. Оның өмірі үздіксіз қозғалыстан, тартыстан тұрады. Соған сай мінез-құлқы да, дүниетанымы да, өмірі де өзгереді.
Күйеуі Бәкен екеуі арасындағы тартыс, ауылдың ер адамдарымен арадағы ерегіс Раушанды шыңдайды. Ауылнайлық қызметін көре алмаған ерлер қауымы белден басып, айтқанын істеткісі келеді, өз күйеуін өзіне айдап салады, тіпті жалған намыстың құлы болған сорлы күйеуі надандығының арқасында абақтыға қамалады. Жалпы, бұл жерде шығармаға Кеңес үкіметі насихаттаған «әйел теңдігі» тақырыбы арқау болғанымен, жатып атары бар, әжуаға бір табан жақын Бейімбет ең алдымен Раушанды емес, ауылдың надан еркектерін сынаған. Ал Раушан шығарма барысында күресе жүріп, талас-тартыста шыңдалып, тіршіліктің қазанында балқып, болат қылыштай асылдана түскен.